«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛМАС ЖАРА

Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Бейбіт елдің тыныштығын бұзған Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 10 жылға созылды. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осы атаулы датаға орай облыс орталығындағы ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш алаңында іс-шара өтіп, оған өңіріміздегі интернационалист-жауынгерлер жиналды. 

– Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, он жылға жуық соғыс жүргізді. Интернационалдық міндетін орындап, бөтен ел мүддесін қорғаған әскерилер құрамында 22269 қазақстандық жауынгер болды. Олардың бір жарым мыңы солтүстікқазақстандықтар еді, – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин өз сөзінде.

Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шығарыла бастады. Жауынгерлердің соңғы легі 4 ақпан күні Кабулдан шығып, ал 15 ақпанда қырқыншы армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Борис Громов Термез қаласында “Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ”, – деп басшылық­қа баяндады. Алайда, өзеннің арғы жағында қалған шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмаларды орындаған болатын. Қақтығыс салдарынан 15 мың адам қаза тауып, 50 мыңнан астамы елдеріне жаралы оралды. 86 қазақстандық Кеңес одағының батыры атағын алды.

Тағзым ету шарасына жиналғандар ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жайлау Шәріпов Отан алдындағы борышын өтеу үшін ауған жеріне 18 жасында аяқ басыпты. Азамат барлық қиыншылықты жеңіп, еліне аман-есен оралды.
– Біздің полк ауған жеріндегі таулы аймақтардың бірін қорғады. Әр жауынгер өзіне қойылған міндетті орындап шықты. Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер ескерткішінде мен танитын азаматтардың да есімдері жазылған, – деді ол.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp