Қызылжар ауданының “Серебряный бор” сауықтыру лагеріне барған 36 бала демалысын ауруханада өткізетін болды. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Юрий Пузиковтың айтуынша, балаларда ішек инфекциясының белгілері анықталған.
“Серебряный бор” балалар сауықтыру лагерінің үшінші кезеңі 8 шілде күні басталуы тиіс еді. Бірақ барлығы жоспардағыдай жүзеге аспады. Демалыс басталмай жатып кәмелет жасына толмаған бір топ бала ішек инфекциясын жұқтырып, лагерь өз жұмысын тоқтатты.
– Балалардың іштері өтіп, құсқан. Аурудың белгілері көрініс тапқан жеткіншектер бірден облыс орталығындағы №3 қалалық ауруханаға жатқызылды. Науқастардың денсаулығы бірқалыпты, олар тиісті ем қабылдауда, – дейді Юрий Пузиков.
Қазіргі таңда балалардың жаппай улануының себептері анықталуда.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.