
Петропавл қаласында Құтқарушылар күніне орай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі қызметкерлері арасында жазғы спартакиада өтті.
Оған аудандық жарыстарда жеңімпаз атанғандар және өрт сөндіру қызметі басқармасы аппараты, барлығы 5 команда қатысып, футбол, волейбол, дойбы және үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен жүлделі орындар үшін сынға түсті.
Футболдан Петропавл қаласындағы өрт сөндіру бөлімшелерінің спортшыларынан құрылған командаға тең келер ешкім болмады. Екінші орынды Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Қызылжар ауданының өрт сөндіру бөлімшелерінің спортшыларынан құрылған команда иеленді. Үздік үштікті өрт сөндіру қызметі басқару аппаратының командасы түйіндеді.
Үстел теннисі бойынша басқару аппаратының спортшылары Жанат Хайрулин мен Ерболат Бимақанов ең көп ұпай жинап, өз командаларына жеңіс сыйлады.
Жарыстың келесі күні волейбол мен дойбыдан жарыстар ұйымдастырылды. Дойбыдан І орынды Ақжар ауданы Талшық кентіндегі №8 өрт сөндіру бөлімінің өкілі Мереке Нұрушкин және Тайынша ауданы Келлеровка ауылындағы №24 өрт сөндіру бекетінің спортшысы Нұрпейіс Шанту жеңіп алды.
Волейболдан облыс орталығының өрт сөндіру бөлімшелерінің спортшыларынан құрылған команда жеңімпаз атанды.
Спартакиада қорытындысы бойынша І жалпыкомандалық орын да осы командаға бұйырды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Күлбаев жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етіп, қатысушыларға алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.