«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗ – ЖАҢА НЫСАНДАР САЛЫНАТЫН МАУСЫМ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, олардың жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар міндеттерді айқындады.

Ерік Хамзаұлы ең алдымен “Береке” шағынауданында салынып жатқан мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының құрылысымен танысты. Бұл нысан Бесінші Сенная қысқа көшесінде салынуда. Оны тұрғызуға 850 млн. теңге қаржы бөлініпті.

“Альфа-Север” ЖШС-нің директоры Андрей Капустиннің айтуына қарағанда, жұмыс мамыр айының 20-сында басталған. Қазір ғимаратқа кәріздік желі мен су құбырлары өткізіліпті. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алайда, құрылыс алаңы жым-жырт. Техника да, адам да көрінбейді. Сондықтан болар, өңір басшысы мердігер компанияның жұмысын сынға алып, кәсіпорын басшысы Андрей Капустинге біраз тапсырма жүктеді.

– Сіздер ай сайын 100 млн. теңге игеруге тиіссіздер. Мен бүгін жұмыс істеп жатқан техника мен құрылысшыларды көріп тұрған жоқпын. Жылдамдықты арттырыңыздар. Нысан уақтылы тапсырылуы тиіс, – деді облыс әкімі.  

Аталмыш ХҚКО 800 адамға шақталған. Мұнда тұрғындар автокөліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыра алады. Келешекте нақ осы жерде жүргізуші куәліктері де берілмек.

Бұдан кейін Ерік Сұлтанов “Метро” ойын-сауық кешенінде болды. Онда өңір жетекшісі мәдени ошақты қайта жаңарту жұмыстарының жоспарына назар аударды.

Осы күні Ерік Сұлтанов С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына да соқты. Өнер ордасының әртістерімен оларды толғандырып жүрген мәселелері жайында тілдесті.

Облыс әкімі осы сапарында қаладағы қаңтарылып тұрған “сақалды” құрылыстарда да болды. Ұзақ жылдан бері 3 қабаты ғана көтеріліп, бітпей тұрған сондай орындардың бірі – Жамбыл көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үй. Бұл жердегі жұмыстарды аяқсыз қалдырған бас мердігер компания – “Астана-Жерұйық” ЖШС-і. Петропавл қалалық Құрылыс бөлімінің ақпаратына қарағанда, жерасты паркингімен бірге аталмыш нысанның 2 қабатының қаңқасын ғана тұрғызған. Бұл ғимаратты пайдалану үшін оған тех-никалық зерттеу жүргізіп, 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет. “Есіл” мейрамханасының қарсы жақ бетіндегі қаңырап бос тұрған “Достық” мәдени-демалыс орталығы да 2004 жылы басталған. Қазір аяқталмаған нысан шаһар сәнін кетіріп тұр. Өңір басшысы тиісті ведомство басшыларына құрылысқа жауапты мердігер компанияны тауып, жағдайды реттеуді тапсырды. Облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан Жастар үйінде де болды. Мұндағы жұмыс 2014 жылдың мамыр айында басталған.

– Жастар кәдімгідей тәрбие алып, спортпен шұғылданатын орын болуы керек. Күн сайын бұл жерге 100-ге жуық бала келуі, би, тоғызқұмалақ, күрес, шахмат үйірмелерін ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Қазір балаларды не қызықтырады? Соны ойлаңыздар. Бұл облысымыздың жастары үшін жасалады ғой, сондықтан бұл нысан жай ғана отырып кететін жер болмауы керек, – деді Ерік Хамзаұлы.

Жастар үйі үстіміздегі жылдың соңында тапсырылуы тиіс. Сондықтан өңір басшысы жаздың жаймашуақ күндерін тиімді пайдаланып, нысанды белгіленген уақытта іске қосуды жүктеді.

Мағжан АХМАДИНА,

 журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp