Қатерлі індеттің таралуына байланысты қызылжарлықтар Қала күнін онлайн үлгіде атап өтті. Жылда орталық алаңда сән-салтанатымен өткізілетін мерекелік шараларды әлеуметтік желілер арқылы тамашалады.
Облыс орталығының 268 жылдығына арналған шаралардың шымылдығы “Балалық шақтың қаласы” атты бір сағаттық театрландырылған қызықты ойындармен түріліп, кейін өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен қатар қаланың тарихынан сыр шерткен “Ескерткіштер, обелисктер, мемориалдар. Қаланың мұрасы” деген атаумен шағын экскурсия көрсетілді. Қала тұрғындары облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы өткен ғасырларға тиесілі көне бұйымдарды тамашалап, Петропавл қаласының арғы-бергі тарихымен танысты. Мұражайдың экскурсия жүргізушісі Кристина Мусенконың айтуынша, жәдігерлер қатарында бекініс құрылған кезден бастап қолданыста болған ыдыс-аяқ, қару-жарақ, киім-кешек және түрлі бұйымдар бар. Сонымен қатар өңірімізге есімдері белгілі көпестердің жеке заттары да көрсетілді. Мәселен, “Фортуна” музыкалық жәшігі ХХ ғасырдың басында Германияда жасалған екен. Оны 1976 жылы Мавлютов есімді азамат мұражайға табыс еткен. Мұражай мамандары сыры кетсе де сыны кетпеген күйсандықты қосып, келушілерге әсем әуен тыңдатады екен.
Осы күні қала тұрғындары арасында өткен “Қала туралы поэзия” интернет байқауы қорытындыланды. Бұл байқауға бүлдіршіндерден бастап, ересектерге дейін белсенді қатысты. Тырнақалды туындыларын ұсынып, өнерлерін көрсеткен Мерей Серікпай, Даяна Әли, Зарина Молдахметова 1-орынға лайық деп танылды. Ал ересектер арасында “Мәнерлеп оқу” аталымы бойынша Жайна Шерниязова жеңімпаз болса, өз өлеңін ұсынған Гүлшат Нұржақыпова 1-орын алды.
Қала күні қарсаңында “Жайна сүйікті қалам” атты флористикалық байқау ұйымдастырылған болатын. Бұл байқаудың да жеңімпаздары анықталды. Ереже бойынша қатысушылар дала гүлдерінен әсем гүл шоқтарын жасауы тиіс еді. Даланың көздің жауын алар гүлдерінен десте өрген Людмила Лукьянова жеңімпаз деп танылды. “Қала күнінен үздік бейнесурет” сайысына қатысушылар да өткен жылдарда түсірілген фотоларды жіберіп, белсенділік танытты. Қаланың соңғы жылдағы тарихынан сыр шертер байқау барысында әуесқойлар түсірген суреттер көптің назарына ұсынылып, үздіктер анықталды.
Ал кеш бата “Туған қаланың шамдары” атты онлайн-концерт өтті. Мұның барлығы әлеуметтік желіде көрсетілді.
Сурет: http://petropavl.sko.gov.kz/