«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙҚАЛЫП ӨСКЕН ЖАС ҚҰРАҚ Тілге де, жастарға да жанашырлық қажет

“Солтүстік Қазақстан” газетінің көп жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Газет беттерінде жұртшылық көкейінен шығатын танымдық мақалалар жүйелі жарияланатындықтан, әр санын тағатсыздана тосамын. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты үнқатуларым арагідік жарық көріп жүр. Облыстың өкіл имамы Кенжетай Дүйсенбайұлының “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” айдарымен жарық көрген “Ішіңдер, жеңдер, бірақ…” деген толғамды мақаласына (28 шілде 2016 ж.) оқырмандар жақсы-жақсы ой-пікірлер білдіруде. Мақала маған да ой салып, қолыма қалам алғызды. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы да, оны қолдаушылар да бүгінгі күні халық арасына кең жайылған орынсыз әдеттерден арылып, жақсыны дәріптеуге үндейді. Жалғыз жалпыға ортақ діни, халықтық дәстүрлеріміз ғана ма сахнадан ысырылып, санамыздан бұлбұл ұшып бара жатқаны? Мен жастарымызға да үлгі болсын деген ниетпен мәселені кең ауқымда қозғауды жөн көріп отырмын.

Қаншама ұлттық құндылықтарымыз аяққа тапталып, қазақы қалпымыздан айрылып жатырмыз. ХХІ ғасыр небір техникалық, әлеуметтік жаңалықтарға толы екенін жоққа шығара алмайтынымыз айдан анық. Әйтсе де… Біздің аталарымыз бен әжелеріміз қалта телефонның не екенін білмей өтсе, бүгінгі күннің қариялары ұл-қыздарымен, немерелерімен қолма-қол хабарласып, жаңалық-хабарды лезде біледі. Мұндай жетістіктерге, әрине, қуанасың. Алайда, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміз бен адамгершілік, мәдени асыл қасиеттеріміздің көзден таса қалып, тарих қойнауына еніп бара жатқанына көңіл құлазиды. Осындайда әкемнің айтқан бір әңгімесі есіме түседі. 5-6 жастағы ойын баласы болсам да, көкейімде жатталып қалыпты. Бірде сот баукеспе ұрының қылмыстарын мойнына қойып, ұзақ жылға түрмеге қамауға үкім шығарады. Ол ақырғы сөзінде: “Пятачок загубил”, – дейді. Судья оның не айтқанын түсінбей қалады. Сонда ол мектепте оқып жүргенде көрші баланың бес тиын күмісін ұрлап алғанына, содан бергі ғұмыры лас іспен былығып, ақыры түбіне жеткеніне қатты өкініш білдіріпті. Әкемнің әңгімесінен жаман әдеттердің неге әкеліп соқтыратынын білдім. Ерінбесең, өз күшіңе сенсең, байлық та, дәулет те, бақыт та болады деген пайымды ұқтым.

Бүгінгі күні желкілдей өсіп келе жатқан жас ұрпақ арзан еліктеулерден аса алмай жүргені өкінішті. Күні бойы интернет деген “пәлеге” желімше жабысып, ой-санасын әбден улатып алған. Бесіктен белі шықпай жатып қолдарына бір-бір қалта телефонын ұстап алғандары шошындырады. Оған “әй дер әже, қой дер қожа” болмағаннан кейін жаман тағылым жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап өршімегенде қайтеді? Мұның бәрін жаһандану дәуіріне ысыра салып, “судан таза, сүттен ақ болу” оп-оңай. Күншығыс елі адамзаттың өркениет үрдісінен қалып жатыр деп ешкім айта алмайды. Соған қарамастан, Жапонияда ұлттық құндылықтарға ерекше басымдық беріліп, бала кішкентай кезінен ата-баба тәлімдеріне қанығып өседі. Өйткені, ұлттық дәстүрлер жойылса, ұрпақ арасындағы сабақтастыққа, жалғастыққа зор қауіп төнетінін жапон халқы жақсы түсінеді. Сол себепті ұлттық тәлім-тәрбие мемлекеттік идеологияның басты ұстанымы ретінде таңдап алынуы жайдан-жай емес. Соғыс уақытының өзінде “Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” ұранымен білек сыбана еңбек еткен үлкендер адамгершілік, ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңіруді бір сәт те естен шығарған емес. Мәселен, біреудің жалғыз сиыры бұзауласа, үй иелері уызын жеткенінше көрші-қолаңға таратып беретін. Мұның арғы жағында бірлікке, ұйымшылдыққа жетелеу қағидаты жатқанын қазіргі жастар білсе, жамандыққа бой алдырмас еді. Өткеннен сабақ, ғибрат ала білу – өнегенің бір түрі. Құстың сүтінен басқаның бәрі бола тұра, құдайын ұмытып, астамшылыққа бой ұрып жататынымыз өтірік емес. Көрші мен көрші араласпайтын, есік ашпайтын, хал-жағдай сұраспайтын дәрежеге жеттік. Оны көріп өскен жеткіншек қандай тәлім алмақ? Ертеректе сонау Алматыдан әйгілі әртістер келіп, астық сақтайтын қоймаларда концерт қоятын. Бүгінгідей көлік тасқыны жоқ. Аудан орталығынан өгіз жеккен арбалармен әкелетін. Ел ішіндегі жоқтықты, тарыншылықты көріп өскен аға ұрпақ еңбектің, маңдай тердің, бір үзім нанның қадірін білгенімен, кейінгі ұрпақ бардың қадірін бағалай алмайтыны неліктен? Әлде “заман қиындығын” сылтау етіп, қара бастың “амандығын” ғана қуалап кеткендері ме? Қазіргі айтатын әндері сандырақ: “Сен қайда бара жатырсың? Мені де соңыңнан ала кет” деген секілді арзан шумақтар, мәнсіз мәтіндер… Киген киімдері де олпы-солпы. Бұлар халқымыздың атам заманнан бергі салтын, мәдениетін білсе, мұндай “қойыртпақтарға” жол бермес еді. Өзіміздің таңсығымызды көзге ілмей, өзгенің қаңсығына еліктеушіліктен туған мұндай жаман әдеттердің қарақұрттай қаптап бара жатқаны жасырын емес. Жартылай жалаңаш әншілердің “өнерін” тамашаламақ түгіл, екі құлағыңды басып, қашып шыққандай боласың. Есімде, қазақтың алып тұлғаларының бірі Ілияс Омаров Мәдениет министрі болып тұрғанда қаншама өнер тарландарын қапысыз танып, қамқор болғанын санамалап айтудың өзі қиын. Парламент депутаттары үшін жастар тәрбиесіне бір кісідей атсалысып, телеарналардағы атыс-шабыс, кісі өлтіру секілді небір зорлық-зомбылықты насихаттайтын сериалдарға тосқауыл қоятын заң нормаларын қабылдау соншалықты қиын ба? Сананы улаған ондай келеңсіздікті келешекте қалай жою керек, солқылдаған жас шыбық үшін ненің пайдалы, ненің зиянды екенін қалай жеткізуге болады деген көңілдегі алаңды көппен бөліскенге не жетсін?!

“Ел іші – алтын бесік” деп өбектеп жатамыз. Қазір осы сөз ақылға қонымды, санаға сыйымды ма? Кесіп айту қиын. Өйткені, қазақ елді мекендерінің қатары селдіреп, қазір шамалы үйден ғана тұрады. Кезінде шағын ауылдардың болашағы жоқ, күңгірт деген сылтаумен мектептер, балабақшалар жабылып тынды. Мыңдаған гектар жер телімдерін иеленген ірі латифундистер Алматыда, Астанада тұрады. Бар білетіндері астық өсіріп, жинап алу ғана. Қаржылық мүмкіндіктері келе тұра елдің әлеуметтік жағдайына мүлдем көмектеспейді. Ойлағандары – өз қалтасы ғана. Жұртты итке сүйек тастағандай етіп азын-аулақ пай үлесімен алдай салады. Бұдан кейін ел, жер тозбағанда қайтеді? “Жер туралы” кодекстің жаңа нұсқасын қабылдау барысында қаншама былық-шылықтардың орын алғаны тайға таңба басқандай білінген жоқ па? Жергілікті шаруашылықтар мал өсірейін десе, жайылымға зар. Оларды сырттан келген қалталылар иемденіп алған. Осыдан кейін ауылдарда елтең-селтең жұмыссыз жүрген жастар жаман әдеттерге ұрынады, ұрлық-қарлықпен айналысады. Сөйтіп, темір тордың арғы жағынан бірақ шығады. Елімізде мал шаруашылығы ойдағыдай өркендесе, сыртқы нарықты да сүт, ет өнімдерімен қамтамасыз етері күмәнсіз. Өкінішке қарай, әсіресе, ауылдықтар үшін шетін мәселе қиюын таппағаннан кейін жұмыссыздыққа қарсы амал табылмай тұр.

“Жаңалықтарға” құмарлығымыз қанша рет етектен тартса да, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей-ақ қойды. Білім және ғылым министрлігі небір “бастамалармен” мұғалімдерді ию-қию сапырылыстырып, оқушылардың миын ашытып жіберді. Интернетке, ҰБТ-ға сүйеніп алған жеткіншекті сауатсыздар қатарына қосып жібергенімізді енді ғана түсінгендейміз. Кітап оқымаса, сауатты жаза алмаса, халықаралық стандарттарға сай білім алғанның қандай пайдасы бар?

Тіл – ұлттың тегі, ғұмырлық тірлігінің іргетасы. Тіліне селкеу, сызат түспеген ұлттар мен жұрттар халықтық қасиетін қасіретсіз, қамсыз сақтап, ғасырдан-ғасырға жетіп отырғаны тарихтан аян.

Дамушы тілдер мезгілдің өзгерістеріне қарамай жетіліп, өзінің сөздік қорын бұрыннан қолданылып келген табиғи лексикасымен де, жаңа тіркестермен де, сондай-ақ, өзге тілдерден енген сөздер, терминдер арқылы байытып, молайтып отырады. Демек, қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өздерінің интеграциялық қабілетін осылайша кеңейтіп отырғаны белгілі.

Осы орайда қазақ тілін лексикалық жағынан бай тілдердің қатарына жатқызамыз. Ұлтымыздың көшпенді тұрмыс салтының жақсы жағы – оның көшіп-қонуының арқасында тілімізде өңірлердің бір-біріне түсініксіз ұғымдарды білдіретін сөздер, былайша айтқанда, диалектілер отырықшы халықтарға қарағанда жоқтың қасы, яки аз. Осындай араласа ғұмыр кешу қазақ тілінің тұтастығын сақтады, тілдік ортаның оқшаулануына жол бермеді. Лингвист-ғалымдардың бұл пікірлері өмірдің ақиқатына негізделген.

Дегенмен, тіліміздің өрге басуына кеңес империясы тұсында жасанды тосқауылдардың кеселі тигенін жасыруға болмайды. Тіпті, қазір атақты ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің орыстың миссионерлерімен тілді сақтау үшін қалай күрескенін біреу білсе, біреу білмейді. Қазақ даласына сауат ашуды сылтау етіп келген орыс миссионерлері жас ұрпақты қазақ тілінен айыруды, тіпті, қазақ балаларын шоқындыруды көздейтінін сезген сұңғыла Ыбырай Алтынсарин орыс мектептерін ашқан күннің өзінде, қазақ тілінің оқытылмай қалуына жол бермеуге тырысқан.

Ұлттық тілімізді жойып жіберуді көздеген жымысқы саясатты кеңес империясы “шеберлікпен” жүзеге асыра білді. Елді мекендерді шоғырландыруды желеу етіп, қазақ мектептерін жабу науқаны басталды. Қазақ тұрғындарының шағын ауылдардан ірі орталықтарға амалсыз көші-қоны осы тоқырау жылдары зор белең алды. Ал ірі орталықтарда, тіпті, кеңшарлар орналасқан қоныстарда мектептерде тек орыс тілі оқытылды.

Тілімізді жойылып кету қаупінен еліміздің тәуелсіздігі құтқарып қалды. Егемен елімізде тілімізге Конституциялық заңмен мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл игілік небәрі ширек ғасырдың ішінде халқымыз көксегендей мұратына жете қоймаса да, тоң жібіді, ұлттық оқу орындарының қатары көбейіп келеді.

Алайда, қазақ тілінің мәртебесі толыққанды сақталып, күшіне еніп болды деп алақайлайтын күн әлі алда. Ұлты қазақ азаматтарымыздың арасында тіліміздің ұлттың болашағы жолындағы ұйытушылық, шоғырландырушылық қызметін ұғынбайтын, яки, тіпті, қасақана түсінгілері келмейтіндер, сондықтан мемлекеттік тілдің дамуына қолына, қандай да болсын, билік тізгіні тигендер жасанды тосқауылдар қойып отырғанын жасырғым келмейді.

Біздің мемлекетіміз ХХІ ғасырда әлемдік қауымдастық елдерімен сан алуан байланыстар орнатуда. Осы орайда қарым-қатынас құралы тіл екені, айтпаса да, түсінікті. Ал халықаралық қарым-қатынастарда бүгінгі таңда ағылшын тілі қолданылатыны анық. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ құрылтайында “Үштұғырлы тіл” идеясын ұсынды. Демек, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – еліміздегі ұлтаралық тіл, ал ағылшын тілі халықаралық тіл болуы керек деген ойды ортаға салды.

Білім және ғылым министрлігі мұның алды-артын терең толғап, байыбына бармастан ағылшын тілін мектептердің бірінші сыныптарынан бастап оқыту жөнінде бағдарламаны асығыс-үсігіс жасап, оны қолданысқа енгізудің қамына кірісті. Анығын айтайын, бұл қазақ тілінің дамуына үлкен бөгет жасайтын қадам екенін білуіміз керек. Ол ол ма, мектептерде кейбір пәндерді, атап айтқанда, химияны, биологияны, географияны, информатиканы ағылшын тілінде оқыту жөнінде әрекеттер жасалып та кетті.

Бұл қандай мақсатпен жасалатын қадам болмақ? Алдымен осының жігін айырып алайық.

Жоғарыда айтқанымдай, қазақ тілі, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінде әлі де мемлекеттік тіл мәртебесін толық иеленіп отырған жоқ. Балаларын орыс мектептеріне оқуға беріп жүрген ата-аналар баршылық. Үш тілді оқыту бағдарламасын енгізу министрліктің мемлекеттік тілдің дамуын ойластырмай, субъективтік шешімге бой ұруын ғана көрсетеді. Меніңше, ағылшын тілін жаппай оқытудан оқушыға ешқандай пайда жоқ. Оны міндеттеп оқытпай, әр шәкірттің өзінің таңдауын ескеру керек.

Жалпы оқушыны қосымша тілге оқыту міндетті болмауға тиіс. Егер солай оқытылса, оған мемлекет қанша мөлшерде қосымша шығындар жасайтынын ойлау артық болмайды.

Егер шет тілі оқытылатын болса, оны жоғары сыныптардың оқушыларынан бастау керек. Ал мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған балдырғанға оны оқыту – қосымша жүктеме, жүйкесіне түсетін ауыр салмақ.

Мектептерде ағылшын тілін оқытатын мамандардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігі халықаралық білім стандарттарымен дәйектелуге тиіс деп есептеймін. Мұғалімнің біліктілік деңгейі осы талаптардан төмен, яки оларға сай болмаса, мұндай оқудың нәтижесі де төмен емес пе? Ойға алғанның бәрін орындалып, жүзеге асырылған іс деп өзімізді-өзіміз алдамайық. Балабақшаларда, мектептерде бүлдіршіндер мен балдырғандарға, жеткіншектерге ағылшын тілінде тәрбие және сабақ беріп жүрген мамандардың бәрінің кәсіби біліктілігі, оқыту шеберлігі, машығы соның жүгін көтеріп жүр ме? Егер олай болмай, көзбояушылық белең алса, оқушының болашағына кім кепілдік бере алады?

Бұл мәселеде асығыстыққа жол бермей, байыппен, ыждағаттылықпен өлшеп, екшеу жөн. Ағылшын тілін барлық мектептерде оқыту үшін білікті ұстаздар қажет. Ал асығыс қолға алғанда қарабайырлық, көзбояушылық, кәсіби білімсіздік белең алмай қоймайды.

Сөз соңында айтарым, өзге тілді оқытуға жұмсалатын қаржыны мемлекеттік тілді оқыту деңгейін көтеруге жұмсайық.

Жақсылық ЫСҚАҚОВ,

еңбек ардагері,

Солтүстік Қазақстан

облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp