«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙҚАЛҒАН ЕГІН ЖАУЫН АСТЫНДА ҚАЛМАСА ИГІ

Былтырғы күзгі жиын-терім науқаны жергілікті диқандарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Қыркүйекте толассыз жауған жауын-шашын орташа көпжылдық көрсеткіштен едәуір асып, астықтың бір бөлігі шіріп кетті. Шаруалардың бір жылғы еңбегі зая кетіп, олардың қосымша шығынға ұшырағаны тағы бар. Биылғы жағдай қандай?

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының деректері­не сүйенсек, биыл өңірдегі 3 023,2 мың гектар жерге дәнді да­қылдар егілген. Оның 2 693,9 мың гектары немесе 89,1 пайы­зы – жақсы жағдайда, ал 329,3 мың гектары немесе 10,9 пайы­зы – қанағаттанарлық деңгейде деп бағалануда.

«Қазгидромет» мамандары­ның болжамы бойынша, жаздың соңы мен күздің басында жалпы ауа райы салыстырмалы түрде тұ­рақты болмақ, алайда қыркүйек айында жауын-шашын мол түседі деп болжануда. «Жауын жиын- терім науқанына айтарлықтай ке­дергі келтіруі мүмкін», – дейді «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Сол­түстік Қазақстан облысы бойын­ша филиалы директорының орынбасары Наталья Левина.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша астықты сақтау қой­маларының жалпы қуаттылығы – 30,9 млн. тонна. Оның 13,5 млн. тоннасы – жұмыс істеп тұр­ған лицензияланған астық қа­былдау кәсіпорындарына тиесілі, ал 17,4 млн. тоннасы – ауыл шаруашылығы өндіруші­лерінің жеке қоймалары. Біздің өңірде қоймалардың сыйымды­лығы 6,9 млн. (46 элеваторда – 3,2 млн., агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда – 3,7 млн. тонна) тоннаны құрайды.

Бір қарағанда бұл көлем жеткілікті сияқты көрінгенімен, іс жүзінде аз екенін көрсетіп отыр. Мәселен, былтырғы жиын-терім науқанында кейбір аудандарда жиналған астық уа­қытылы элеваторларға жеткізіл­мей, ашық аспан астында үйіліп жатты. Күзгі жауын-шашын мен жоғары ылғалдылық салдары­нан өнімнің бір бөлігі шіріп, мал азығына ғана жарады. Мұндай жағдай шаруалардың қаржылық шығынын арттырып қана қой­май, облыстың астық қоры мен экспорттық әлеуетіне де елеулі нұқсан келтірді.

Бұл мәселе қоғам назарынан да тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлер тіпті әлеуметтік желі арқылы Президентке тікелей жүгінген жағдайлар орын алды. Олар ас­тық сақтау инфрақұрылымын кеңейту, элеваторларды авто­маттандыру, кептіру қондырғы­ларын көбейту қажеттігін баса айтты. Мамандар да бұл мәсе­лені тек маусымдық науқан кезінде емес, жыл бойы жүйелі түрде шешу керек деп санайды, өйткені жиналған астықты сақ­тау – өнім сапасын және шаруа­лар еңбегінің өтеуін қамтамасыз ететін басты фактор.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Дәурен Токужиновтың айтуын­ша, орақ науқаны кезінде элева­торлардағы жағдай күнде өзгеріп отырады. Қазіргі таңда облыс­тың астық қабылдау орындары бір күнде шамамен 150-160 мың тонна өнім қабылдай алады. Мысалы, Тимирязев, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақ­қайың аудандары мен Петро­павл қаласындағы элеваторлар биыл астықты еркін қабылдай­ды деп жоспарлануда. Айыртау ауданында лицензияланған 5 ас­тық қабылдау пункті бар, соның ішінде «Уголки» ЖШС бір күнде 2 мың тонна, ал «Баянтай» ЖШС 2,5 мың тонна қабылдауға қауқарлы.

Алайда элеваторлардың қа­былдау қуаты ғана емес, ауа ра­йының өзгермелі сипаты да негізгі қауіп саналады. А.И.Бараев атындағы астық шаруашы­лығы ғылыми-өндірістік орта­лығының басқарма басшысы Тимур Савиннің айтуынша, еліміздің солтүстік аймақтарын­да күзгі жауын-шашын тұрақты сипат ала бастаған. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы классика­лық әдістермен жұмыс істей ал­майды, сондықтан ылғалға төзімді сұрыптарды көбейту және егін жинау техникасын жа­ ңарту негізгі шешімдердің бірі саналады.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ агротехнология факультетінің аға оқытушысы Фариза Қайыр­гелдіқызы да осы пікірді қуат­тап, ылғалдылыққа төзімді, тез пісетін жаңа сұрыптарды сынақ­тан өткізу, астықты сақтау және кептірудің жаңа әдістерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл түйткілді шешу үшін ше­телдік тәжірибелерге де сүйен­ген абзал. Мысалы, АҚШ-та автоматты бақылау жүйесімен жабдықталған, фермерлер ас­тықты бірден сатпай, нарықтық баға тұрақтанғанға дейін сақтай­ды. Австралия мен Аргентина сияқты ірі астық экспорттаушы елдер де ерекше тәжірибеге ие. Австралия құрғақ климат жағда­йында табиғи кептіру әдістерін қолданса, Аргентина элеватор­ларында ылғал мен температура автоматты түрде бақыланады.

«Шетелдік автоматты ылғал мен температураны бақылау жү­йесін енгізу, элеваторлар мен за­манауи кептіргіштерді пайдала­ну, сапаны тұрақты монито­рингілеу және халықаралық стандарттарға бейімделу сынды оң тәжірибелердің берері мол. Өңірде биыл ылғалдылық дең­гейінің қалыпты нормадан жо­ғары болуы мұндай шаралардың маңызын арттыра түсуде. Жергілікті элеваторлар мен ас­тық сақтау орындары әлі толық автоматтандырылмаған, ал кейбір ірі шаруашылықтарда за­манауи кептіргіш қондырғыла­ры жеткіліксіз», – дейді Фариза Қайыргелдіқызы.

Бұл ретте шаруашылықтарды заманауи техникамен қамтама­сыз ету де маңызды рөл атқара­ды. Биылғы жылдың алғашқы жартысында елімізде 4 мыңға жуық трактор және 441 астық жинайтын комбайн құрасты­рылған. Жыл соңына дейін 10 мыңнан астам ауыл шаруашы­лығы техникасын шығару жос­парланып отыр, бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 27 пайызға көп. Лизингтік бағдарламалар­дың арқасында отандық өнді­рушілер ішкі нарық қа­жеттілігінің 90 пайызын қамта­масыз ете алады деп күтілуде.

Жергілікті шаруалар үшін басты сынақ – табиғаттың то­сын мінезі. Былтырғыдай жиын-терімнің дер кезінде өтпеуі, ас­тықтың шіріп кетуі және қосым­ша шығындардың қайталану қаупі биыл да бар. Дегенмен ал­дын ала жасалған шаралар то­лық көлемде іске асса, биылғы күзгі орақ былтырғыдай шығын­ға ұшырамай, сәтті өтуі тиіс. Жаз бойы жайқала өскен егінді шашау шығармай жинап алу – тек диқанның ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp