«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРУ — ЖҰМЫСШЫҒА ДЕМЕУ

Облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты, “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы бас директорының экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Серік Ахметбековтің есімі халық қалаулысы, іскер басшы ретінде көпшілікке таныс десек, қателесе қоймаспыз. Біз оны өзіндік өмірлік қағидасы бар, лауазымды қызметтерде тәжірибе жинақтаған, алқалы жиындарда талқыланатын мәселелерге байланысты тұшымды пікір білдіріп, оның ұтымды шешім табуына үлес қосатын азамат ретінде білетін едік. Жуырда осы іскер азаматпен ашық әңгіме өрбітуге мүмкіндік туды.

– Серік Мәркенұлы, әңгімемізді Мемлекет басшысының биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауынан бастасақ. Жылдың басты құжатынан қандай ой түйдіңіз?

– Әрине, тәуелсіздік жылдарында халық өмірінің сапасын арттыру мәселесі мемлекеттік саясатта, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, маңызды міндет саналды және солай болып қала бермек. Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың биылғы “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауы бұрынғы Жолдауларының және “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының жалғасы іспетті. Биылғы Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттар халықтың əл-ауқатын арттырып, көптеген əлеуметтік мəселелердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз. Дағдарыс жылдарында əлемнің көптеген өркениетті елдері өз халқын əлеуметтік қолдауға шектеу қойған тұста, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сəйкес қиындықтарға қарамастан Қазақстанда бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын, халықтың əлеуметтік əлжуаз топтарына берілетін зейнетақы мен төлемдер көлемі арттырылып отырылды. Қазіргі таңда бəріміздің алдымызда тұрған ең басты міндет – Президенттің Жолдауын халыққа түсіндіру жəне оның жүзеге асырылу барысына атсалысу. Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруымыз керек. Биылғы Жолдау барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, əл-ауқатын арттыруға бағытталған əлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы десек те болғандай. Ең бастысы, елге бірлік пен ынтымақ керек. Елбасы айтқандай, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

– Президенттің тапсырмасына сай Үкімет 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіретін болды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы көтеріледі деген сөз. “Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін”, – деген болатын Елбасы өз Жолдауында. Бұл бағытта сіздің кәсіпорында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жетпіс жылдан астам тарихы бар біздің зауытта бүгіндері бес жүз қырық адам еңбек етеді. Кәсіпорын қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы былтырғы деңгейден он пайызға өсті, келесі жылы оны 165 мың теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алайда, біздің отызға жуық күзет және техникалық қызметкеріміздің жалақысы төмен. Біз олардың айлық еңбекақыларын 2019 жылдың 1 қаңтарынан 48 мың теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

– Облыс орталығындағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналатын зауыт қандай өнімдер шығарады?

– Біз “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының құрамына кіреміз. Қазір кәсіпорын “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы мен еліміздің батысындағы мұнай-газ кешендері үшін құралдар, қондырғылар шығарумен айналысады. Олардың ішінде темір жол көлігі үшін автотелемеханика, байланыс және қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғылары, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдары бар. Біз өзіміз шығарған өнімдер мен қондырғыларды тапсырыс берушіге жеткізу, құрастыру, қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын да атқарамыз. Үстіміздегі жылы тапсырыстар портфелі 6 млрд. 175 млн. теңге болды.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасының тапсырмасы бойынша біздің кәсіпорынға техникалық қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылда 2,2 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Қазір біз 2019-2021 жылдары бұл қаржыны игеру жоспарын жасап, осызаманғы қондырғыларды сатып алуға тендер жариялап отырмыз.

– Қараша айында Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысымен кездесуден қандай әсер алдыңыз?

– Енді оны бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде баспа платалары жасалып жатқан цехта болып, жаңа технологиямен танысып, жұмысшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Бұл Қазақстан аумағында бізде ғана шығарылатын өнім түрі болып табылады, ол ішкі нарықта қолданылады және қауіпсіздікті нығайтады. Мемлекет басшысы кәсіпорынның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап көрсетіп, өндірісті қайта жаңғырту арқылы дамыту керектігін айтты. Содан кейін жұртшылық өкілдерімен кездесіп, өңір басшылығының жұмысына өзінің оң бағасын берді.

– Сіз еңбек жолыңызды еліміз Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары бастадыңыз. Қайта құрудың қиын кезеңдері мен қазіргі жағдайды салыстырып көріңізші.

– Иә. Мен Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тамамдаған соң, 1992 жылы облыстық әділет департаментіне бас маман болып жұмысқа орналастым. Содан кейін екі жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып, шағын және орта бизнестің қыр-сырына қаныққандай болдым. Еуразиялық нарық институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірдім. “Қазақстан Халық банкі” акционерлік қоғамы облыстық филиалы қор орталығының директоры болып тағайындалдым. Содан кейін “Казвторчермет” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық өкілдігі директорының орынбасары, “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры болдым. Бүгіндері облыс аумағындағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналатын “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы бас директорының орынбасарымын. Ширек ғасырда еліміз талай асуларды бағындырды. Қай салада болмасын алға басушылық бар.

– Сіздің бірнеше өнертапқыштық патенттің иесі екеніңізді білеміз. Заңгер, экономист мамансыз. Ал бұл іске инженерлік, конструкторлық білім керек емес пе?

– Әлбетте. Мен оны өзімнің хоббиім деп санаймын. “Хобби” ұғымын қазақшаласақ, әуес іс, әуестік, ермек, қызыққан нәрсе деген мағыналарды білдіреді екен. Мысырға демалысқа барған кезде жағажайда алғашқы идея туды. Оны елге оралған соң таныс инженерлермен бірге жүзеге асырдық. “Қосымша функциясы бар автономды желдеткішті қондырғы” деп аталатын құрылғы ғарышкерлер киетін скафандр іспетті. Оның ішіне шағын компьютер орнатылған. Құрылғының іші қоңырсалқын, ерекше климаты бар. Жағажайда денеңізді күнге қыздырып, өзіңіздің кино көруіңізге, музыка тыңдауыңызға болады. Мен бұл құрылғыма Қазақстанда, Түркияда, Ресейде, Қытайда, Германияда патент алып, авторлық құқыққа ие болдым. Мысырға демалуға тағы бір барғанда, осы патенттерім мен 3D режімінде түсірілген бейнеролигімді отель иесіне көрсеттім. Ол бірнеше құрылғыны сатып алды. Өйткені, бұл елде курорттық маусым он айға созылады. Егер оны сағатына 5-10 долларға жалға берсе, бір ай ішінде шығынның орнын толтыруға болады. Алайда, оның жаппай өндірісіне қаржы табылмады. Одан басқа күнделікті өмірде пайдаланатын кремсыққыш, ерекше тырнауыш, жарықтық дабылқаққыш және т.б. өнертапқыштық құралдарым бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp