«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛАҚЫСЫ АЗ, ЖҰМЫСЫ АУЫР

Жасанды интеллект, жаңа технологиялар, ақпа­раттың көптігі мен жылдамдығы үдеп бара жат­қан өмір ағысы балалардың жүйкесіне де салмақ түсіруде. Ертегі айтып беретін әжесі, сабақ оқуға көмектесетін ата-анасы, аулада доп тебісетін қатарласы жоқ балалар ес білген шағынан бастап жалғыздықта өмір сүруде. Ақыр соңында бұл олардың оқу үлгеріміне, зейініне, мектептегі қа­рым-қатынасына, тұлға болып қалыптасуына кері әсер ететіні анық. Сондықтан да қазіргі білім орда­лары балалардың тілін тауып, дұрыс жол көрсете алатын білікті психологтарға мұқтаж.

Мектеп ұжымы тек пән мұ­ғалімдерінен ғана тұрмайды. Оның сыртында қосымша білім беру мұғалімдері, ассистенттер, ұйымдастырушылар, сынып же­текшілері мен психологтар бар. Осы топтың бірлескен әрекетінің арқасында ғана «адал аза­мат» тұлғасы қалыптасады.

Сала мамандары мен ата-аналар арасында оқушылармен жұмыс істей алатын жандар аз деген пікір кең тарағанымен, облыстық білім басқармасы­ның өкілдері кадр тапшылығы айтарлықтай көп емес екенін айтады.

«Бүгінде облыс мектеп­терінде 361 педагог-психолог жұмыс істейді. 6 жұмыс орны бос тұр. Бос жұмыс орындары­ның саны мамандардың сәби күтіміне байланысты дема­лысқа шығуына және басқа жерге көшіп кетуіне байланыс­ты өзгеріп отырады», – дейді облыстық білім басқармасы­ның баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Басқарма берген ресми де­ректер көңілдегі күмәнді сейілткендей болған. Алайда электронды еңбек биржасын­дағы ақпарат мүлде басқа. «Enbek.kz» сайтында облыс бойынша психолог мамандар­дың қажеттігі туралы 26 ха­барландыру жарияланған. Он екі мектепке, үш балабақшаға, екі колледжге психолог қажет екені көрсетіліпті. Оған қоса, балалармен жұмыс істейтін орталықтарда да екі жұмыс орны бос тұр. Еңбек биржасындағы ақпаратқа сенсек, 15 ауылдағы мекемеге психолог қажет. Бір қызығы, мектеп ма­мандарынан қашықтан құжат қабылдап, хабарландыру жа­риялау үшін ашылған «hr. nobd.edu.kz» сайтында өңір бойынша облыс орталығында­ғы бір ғана жұмыс орнына іріктеу өтетіні айтылған. Бұл барлық ақпараттың жұмыс із­деушілерге арналған платформаларға жариялана бер­мейтінін көрсетеді.

Педагог-психологтардың аз болуының себебі жалақы­ның мардымсыздығымен байланысты болуы бек мүмкін. Ха­барландыруларда маманның айлығы 100-130 мың теңгенің айналасында екені көрсетілген. Бүгінгідей қымбатшылық жағ­дайында білікті маман үшін мұндай жалақының аздық етері айтпасақ та түсінікті. Оның үстіне барлық жерге жоғары білімді психологтар қажет. Кейбір ұйымдар маманды жұ­мысқа 2-3 жылдық еңбек өтілінсіз қабылдамайды. Ал психологиялық қолдау, түзету орталықтарындағы табыс жоға­ры. Егер емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін психолог болса­ңыз бірнеше есе көп жалақы алуға мүмкіндік бар. Психолог­тардан бөлек өңірдегі білім ор­даларына 16 әлеуметтік педагог қажет.

Бүгінде құлақ естіп, көз көр­меген жаға ұстатарлық оқиғалар­дың көбі мектепте орын алып жатыр. Зиянды әдеттерге бой алдырып, кішкентай күнінен бұ­зақылық жасап, назарға іліккен оқушылардың көбейіп отырға­ны қоғамды да алаңдатуда. Бір-біріне қол көтеріп, балағат сөз­дер айтып, үлкендерді тыңдау­дан қалған тентектердің аз емесі рас. Оқу орындарына педагог-психологтардың қажеттігі осын­дайда білінеді.

Өңірде аталған бағытта ар­найы психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Ашылғанына көп бола қойма­ған орталық мамандары мек­тептегі әріптестерімен қоян- қолтық еңбек етіп, оларға әдіс­темелік көмек көрсетуде. Он­дағылар да мектепте психолог болғысы келетіндердің аз екенін растап отыр.

«Бүгінде облыста психолог­тар мен әлеуметтік педагогтар­дың тапшылығы байқалады. Мұның басты себебі – ма­мандардың материалдық жағ­дайында. Педагог-психолог­тардың айлығы төмен. Ал жүк­теме тым көп, жауапкершілік жоғары. Әріптестеріміз тек білім алушының эмоциялық жағдайына ғана жауап беріп қоймайды. Кризистік жағдай­лардың алдын алу, ата-аналар­мен, мұғалімдермен жұмыс та психологтарға жүктеледі. Одан бөлек үздіксіз өтіп жататын іс-шаралар мен комиссиялардың жиындары бар. Біз бұл мәсе­лені бірнеше мәрте көтердік. Оқушылардың осы салаға қы­зығушылығын оятатын іс-ша­ралар да өткізілуде», – дейді психологиялық қолдау орта­лығының директоры Наталья Качалкина.

Бүгінде мұндай қолдау ор­талықтары еліміздің әр өңірін­де жұмыс істейді. Бір жарым жыл ішінде облыстағы орталық 769 ата-ана мен 3114 оқушыға көмек көрсеткен. Сенім теле­фонына 355 қоңырау түсіп, 918 адам кеңес алуға келген. Осы­дан-ақ мектеп өміріндегі пси­холог мамандардың орнын ба­ғамдай беруге болады.

Дүниежүзіндегі әр жетінші бала психологиялық қолдауға мұқтаж. Ал елімізде психологиялық есепке қойылған 18 жасқа дейінгілердің саны 44 мыңнан асады. Білім ордала­рында қаншама бала өз ойла­рымен оңаша қалып, мұң ша­ғар адам таппай, тағдырдың ауыр жүгін арқалап жүруге мәжбүр. Оқшау оқушылардың үлгерімі де төмендеп, болаша­ғына кері әсер етеді. Ең жама­ны қиын жағдайда қорғансыз қалған жасөспірімдер өз ашуын басқадан алып, теріс жолға түсіп, адамдармен текетіресіп, жамандыққа ұрынуы мүмкін. Тиісті психологиялық кө­мектің жоқтығынан жүздеген бала жас шағында өмірмен қош айтысып жатқанын ойлағанда жүрегің қан жылайды. Ішкі іс­тер министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 400-ден астам жа­сөспірім суицид жасаған. Олардың 62 пайызы тұрмысы жақсы отбасының балалары болып шықты. Демек жасөспірімдердің өмірден баз ке­шуіне тұрмыс жағдайы емес, психологиялық әлсіздігі себеп. Мамандардың қолдауы, ата-ананың жүрек жылуы мате­риалдық жағдайдан да маңыз­ды нәрсе.

«Балаларды түзету жұмы­сы қажыр-қайрат пен шы­дамды қажет етеді. Бұл бір күнде бітетін іс емес. Мен шет елдердегі коррекциялық бағдар­ламаларды көп зерттедім. Сон­дағы байқағаным, мамандар психологиялық дертке шалдық­қан адамдармен өмір бойы жұ­мыс істейді. Адамның агрессия­лық іс-әрекетін мысалға алайық. Оны қойдыруға маманның бірнеше жылы сарп етілуі мүмкін. Бала тәрбиесін бала­бақшадан бастау керек. Пси­холог боламын деген жанға терең білім мен еңбекқорлық қажет», – дейді Қызылжар ауданындағы әйелдер мен ба­лаларды қолдау орталығының басшысы Алина Орлова.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp