Жасарып барады жезөкшелік… Жас тәнінің жылуын әр төсекте қалдырып, бір түндік ләззат сыйлап, бір күндік пайда тапқан қыздардың санынан жаңылысып кеттік. Жыныстық ауруларға шалдыққандардың дені қыздар екеніне таңғалмайтын да болдық. Облыс орталығындағы Сәбилер үйінде құндақтаулы жатқан нәрестенің өмір бойы мүгедек болып қалатынын айтқан медбикенің сөздері құлақтан кетер емес. Ал ол жайында шырт ұйқыда жатқан сәби де, табысын тәнімен тауып жүрген жеңіл жүрісті шөпжелке шеше де бейхабар…
“Түнгі көбелек” тірлігі
Қоқыс шығарып келген соң итімен серуендеп жүрген көршіммен әңгімелесіп, аулада сәл бөгелген едім, жан ұшыра айғайлаған әлдебіреудің дауысы елең еткізді. Ауладан жүгіріп шыққанда, шетел көлігінен өзім төккен қоқыстай лақтырылып тасталған бойжеткен қыз аяғымыздың астында домалап жатты. Жан біткеннің бәріне құрақ ұшып көмек көрсетіп жүретін көршім итінің қарғыбауын менің қолыма іле салып, тізелері тас жолға сырылып, қанжоса болған қызды сүйемелдеп, орнынан тұрғызды. Сүйір кірпіктен аққан бояу көрікті бет-жүзін айғыздап жатса да, көз жасын тыя алмаған қыз сәлден соң бұрыннан таныс адамдай әңгіме тиегін ағытты.
…Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген Зарина бастапқыда пәтер жалдап, орталық базар ішіндегі сауда үйіне еден жуушы болып орналасады. Базарда саудамен айналысатын Айжан есімді келіншекпен танысып, әңгімелері жарасады. Айжанның Заринаға қарағанда қашанда қалтасы қалың болатын. Пайда көзімен бөлісуді жөн көрген құрбысы Заринаны “мамкамен” (жеңіл жүрісті жас қыздар “жеңгетайларын” солай атайды екен) таныстырады. 19 жастағы сымбатты бойжеткен “жұмыс берушіге” бірден ұнайды.
– Бастапқыда қорқынышты болды, – дейді Зарина. Алғашқы кездесу алдында ернін қызыл далаппен бояй алмай, қолдары дірілдеген қызға клиент аяушылық танытып, ақшаны көбірек төлегені де есінде. Содан кейін бірінен соң бірі… Әріптестерінің де тағдыры әрқилы. Дені – өзі сияқты ауылдан келгендер. Араларында негізгі қызметтерінен айрылып, табысы мол “кәсіпке” өз еркімен келген қалалықтар мен тұрмысқа, киім-кешекке қажетті қаражатқа мұқтаж студент қыздар да бар. Өз қызметін жоғары бағалайтын “зиялы қауым” өкілдері де болады екен. “Жеңгетайлары” клиентті өздері тауып береді. Сондықтан түскен табыстың жартысынан көбін солар алады. “Жұмыс” барысында қорлық-зорлыққа да, ғайбат сөздер мен соққыға да төзу керектігін айтқан кезде Заринаның дауысынан бір сәт тәкаппарлық пен ыза табы сезілді. Еңбегінің өтеуін бермей, далаға тастап кеткен клиенттер де қыз тәнінде жұдырықтарының ізін қалдырыпты. “Осындай өмір өзіңе ұнай ма?” – деген сұраққа Зарина: “Білмеймін. Ертең де не болары беймәлім. Бірақ көк тиынсыз жүргім келмейді. Үйге қайту ойымда жоқ. Ауылға барсам, не істеймін? Әке-шешем жұмыс істемейді. Әрі менен кейін 4 бала бар. Тойып ішер тамақ та жоқ. Туғандарым менің “кәсібім” жайында білер болса, өлтіріп тастары анық. Ал ақша табудың басқа тәсілдері қолымнан келмейді”, – деді. Басқа сұрақ қоюдың да реті жоқ еді. Түн сайын күйіп-жанып отқа түсетін “түнгі көбелек” сылти басып, көзден ғайып болды…
Жеңіл жүрісті бойжеткендердің бизнесі біздің өңірде де “өрлеп” тұрғанын осыдан-ақ біліңіз. Ғаламторда “Ауқатты ханымдарға қызмет көрсетемін”, “Сұлу қыздарға жалақысы жоғары жұмыс бар” деген шақырулардан-ақ қаламыздың күнгейіне көлеңке түсіретін күңгірт тұсын көресің. Арам ақшаға құныққандар жас қыздардың тал шыбық сияқты иілгіштігін, аңқаулығын пайдаланып, оларды модельді бизнеске шақыру, жақсы жұмыс, жоғары жалақы береміз деп қызықтыру арқылы утопиялық әлемге еліктірулерін қояр емес. Сөйтіп, көркем тәнімен киім-кешекті жарнамалауға келіскен қыздар өзінің тәнінің де саудаға түскенін кеш түсінеді. Такси жүргізушілерінен бастап, сауналар мен түнгі клубтардың әкімшілеріне дейін тонның ішкі бауындай байланысқан бұл бизнеске бүгінде ешкімнің тісі батар емес, тіпті.
Әйтеуір, облыстағы құқық қорғау органдары жезөкшелік, есірткі сияқты қоғам дерттерімен шама-шарқынша күресіп келеді. Жақында ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адам сатып, пайда тауып жүрген “жеңгетайлардың” ізіне түскен еді. Облыс орталығының Мир көшесіндегі “Северный” дүкені маңында екі қызды 80 мың теңгеге сатып жатқан “жеңгетайдың” бірі құқық қорғаушылардың құрығына ілікті. Былтыр ғана түрмеден жазасын өтеп шыққан соң, күнкөрістің оңай жолын тапқан 29 жастағы ер адам сауна мен қонақүйлерді жағалап, қыздардың тәнін саудаға салып келіпті. Соңғы саудасы сәтсіз болды. Қара базардан түскен пайдасын санап тұрған сәтінде тәртіп сақшыларының қолына түскен “жеңгетай” түрмеге тоғытылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Аңқау қыздарды жалақысы көп жұмысқа орналастыру туралы желеумен қармақтарына түсіріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген екеудің ісі де өткен айда әшкереленген болатын.
Облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Алмас Түкеновтің айтуынша, жыл басынан бері адам сатудың – 2, кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды жезөкшелікпен айналысуға тартудың – 1, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеудің 1 фактісі анықталған. 5 “жеңгетай” ұсталып, арам іспен айналысуға арналған үй-жай ұсынудың 1 фактісі тіркеліпті. Олардың 6-уы сотқа жіберіліп, айыптылар тиісті жазасын алған. Бүгінде департамент есебінде 57 жеңіл жүрісті тұрса, олардың жартысына жуығы биыл анықталып, есепке алынған екен.
– Тән саудасын тыю мақсатында департамент қызметкерлері облыс тұрғындарымен алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Ұятты іске барудың арты жақсылыққа соқтырмайтынын айта берудің өзі “ұят” болып кеткен сияқты. “Әйелдерді қолдау орталығы” ұйымы да аяғын шалыс басқан қыз-келіншектермен жұмыс жасап, оларға психологиялық тұрғыда қолдау көрсетумен айналысады. Әйтсе де, бұл қоғам дертінен бірден арылудың тиімді тетіктері әзірге болмай тұр, – дейді басқарма басшысы.
Дәрігерлер де жезөкшеліктің соз, мерез, СПИД сияқты “кәсіби аурулары” да соңғы уақытта дендеп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Көңіл көтеруді көшеде ұсынатын “көбелектер” венерология ауруларына белшесінен батса, валютаға ғана бас изейтін “тірі тауарлар” дәрігерлеріне жиі барып тұрады екен. “Вирус-бактериялармен күресуге азды-көпті қауқары бар медицина қаншалықты дамыса да, жезөкшеліктен туындайтын проблемалар алдында дәрменсіз”, – дейді “Евромед” орталығының гинеколог дәрігері Галина Петрова.
Құлдықтағы
қыз-ғұмыр…
“Ойнаймын” деп жүріп от басқандардың кесірінен талай отбасы ойрандалып, талай ұрпақ жарық дүние есігін түрлі дертпен ашып жатыр. Амал нешік, өз тәнін саудаға салатындарға жаза жоқ болғандықтан, жезөкшеліктің дәурені жүріп тұр бүгінде. “Ең байырғы кәсіп” ауруын асқындырған “жеңгетайлардың” енді аңсары жас иіске ауыпты. Бейресми дерек жезөкшелікке мәжбүрленген қыздардың көбі 15-20 жас аралығында екендігін айтады. Бесіктен белі шықпай жатып осындай жағдайға душар болған өрімдей қыздардың болашақ өмірі туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Осы мәселе жайында сөз қозғаған “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова Солтүстік Қазақстан облысында да жезөкшелік бизнесінде жүргендер қатарында кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың бар екенін жеткізді.
Әңгіме қонақ келсе қонақүйге барып сәлем беретін желөкпе бикештер жайында емес. Мәселе, енді ғана көк шөптей қылтиып, бой жетіп келе жатқан тұсында мына алақұйын тіршіліктің шырғалаңына түсіп кетіп, оңы мен солын айырудан қалған қыздарымыздың тағдырында болып отыр. Бұл мәселеге деген халықтың салқынқандылығынан, немкеттілігінен де шошитын болдық. Бір пәтерге жас қыздарды әкеліп, ер- азаматтардың көңіл көтеретінін біле тұра, сол үйдің тұрғындары ешқандай қарекет жасамаған, тіпті, құқық қорғау органдарына да хабарласпапты. Олар мұндай азғындаған орындарға қыздар өз еріктерімен келеді деп түсіне ме екен, әлде өздері мұндай проблемамен бетпе-бет келмейтіндеріне сенімді ме, әйтеуір, жеңілтек қыздардың, жын ойнақтың орны деп теріс айналатындар ондағы қыздардың дені зорлық-зомбылықтың құрбандары екенін ескермеген. Бетін аулақ қылсын, егер әлгі азғындар сол үйдің тұрғындарының бірінің құлынтайдай ойнақтаған, тұлымшағы желбіреген қызын ұстап алып, сол қасіретті пәтерге кіргізіп алса ше?! Шындығында, мұндай тұзаққа ілінгендердің дені “жеңгетайлардың” құрған тұзағына түсіп қалған біреудің сүйікті қыздары мен жан жары… Осыны алға тартқан Алина Орлова халықтың аталған мәселеге деген бейқамдығына алаңдайтынын жасырмады.
Өзінің отбасы, әйелі мен балашағасы бола тұра өзге ұзын етектіні көрсе, аңсары ауып тұратын ер-азаматтардың бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Олар бір күндік қыздармен өткізетін бір түндік ләззатты сатып алады. Мына алыпсатарлық дүниеде барлығына пұл төлеп үйренгендердің мұндай қызмет түрін пайдаланғаны үшін отбасының алдындағы ар-ұяты өз алдына, өзінің қызымен немесе немересімен жасты қыз баланың абыройын аяқасты қылғанына қатаң жаза қолданудың кезі жеткен сияқты.
Жалпы көптеген шетелдерде мұндай қызметті пайдаланғаны үшін ер адамдар қылмысқа қатысушы ретінде заң алдында жауап береді. Ал біздің елде бұл жағдайда мұндай адамдар тек сотта іс қозғалғанда куәгер ретінде жауап бергені үшін ғана өзін жайсыз сезінуі мүмкін, сезінбеуі де ықтимал.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.