«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛАҚЫ ЖӨНІНЕН ЖАМБЫЛДЫҚТАРДАН ОЗДЫҚ, алайда, көрші өңірлерден кейін қалдық

Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті 2015 жылғы ІІ тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 124 227 теңгені құрады деп хабарлады.

Ең көп жалақы кен өндіру өнеркәсібі еңбеккерлерінің еншісіне тиіп, оның орташа мөлшері 250,7 мың теңгені құраған. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте істейтіндердің айлығы да айтарлықтай – 229,9 мың теңге. Үшінші орында қаржы және сақтандыру қызметінде істейтіндер – 229,6 мың теңге. Ақпарат және байланыс саласындағылар айына орта есеппен 193,1 мың теңге табады екен. “Бақуатты бестікке” көлік және қоймалау саласында жұмыс істейтіндер де кіріп, ай сайын 157,3 мың теңге табыс тауыпты. Ал ең төменгі атаулы жалақы әдеттегідей ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлеріне тиесілі – небәрі 69,6 мың теңге.

Өңірлердің ішінде ең жоғары жалақы Маңғыстау облысының еңбеккерлеріне бұйырып отыр – айына орта есеппен 217 327 теңге. Мұнайлы Атырау көш бастаған көршісінен сәл ғана кем көрсеткішке ие болып, екінші орында тұр – 210 183 теңге. Елордамыз Астана үшінші орынды еншіледі – 183 744 теңге. Төртінші орынға табан тіреген “оңтүстік астанамыз” Алматыда орташа жалақы 161 963 теңгені құрапты. Бесінші орында Батыс Қазақстан облысы – 111 678 теңге.

Осыған дейін еліміз бойынша көш соңында жүрген облысымыз бұл “жарыста” атқа қамшы басып, Жамбыл облысын басып озды. Жамбылдықтар өткен тоқсанда орта есеппен 85 206 теңге еңбекақы алса, солтүстікқазақстандықтардың орташа табысы 85 352 теңгені құрапты. Көршілес Ақмола және Қостанай облыстарында бұл жөніндегі көрсеткіштер сәйкесінше 90 457 және 91 909 теңге болған.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp