
Облыс прокурорлары жұмысшылардың құқығын бұзып, жалақысын уақтылы төлемеген, өндірістік жарақат жиі орын алатын кәсіпорындармен жұмыс істеу мақсатында “Заң және еңбек” бағдарламасын қолға алды. Бұл жайлы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Өткен жылы прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде 8,5 мың қызметкердің құқығын қорғап, оларға 700 млн. теңге көлемінде жалақы төленді. Аталған көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 87 пайызға жоғары. Бұл жайлы баяндаған облыс прокурорының көмекшісі Жарқын Белгібеков еңбекақысын 2014 жылдан бері ала алмай жүрген азаматтар болғанын айтты.
– Сот орындаушыларының көмегімен банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың 116 қызметкеріне алты жылдан бері өтелмеген қарыздары төленді. Жұмыс берушілердің іс-әрекетін қылмыстық заңнама арқылы шешу тәжірибесі қайтадан қолданысқа енгізілді. Осылайша, былтыр қызметкерлеріне қарызы бар үш жұмыс беруші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың екеуі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан, біреуі Жамбыл ауданданынан. Ал қазіргі таңда облыс орталығындағы, Айыртау және Тимирязев аудандарындағы үш кәсіпорын басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деген Жарқын Белгібеков жұмыс берушілердің мүмкіндігі бола тұра, қызметкерлеріне жалақы төлемегені анықталғанын айтты.
Мұндай жұмыс берушілерге жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар қарастырылуда. “Мәселен, Польша мен Франция елдерінде екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өйткені, әрбір жұмыс беруші қызметкеріне маңдай терімен тапқан ақысын төлемеу оған және отбасына қатысты жасалған қылмыс екенін түсінуі керек”, – деді Жарқын Белгібеков.
Сонымен қатар әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін уақтылы аудармағандардың да әрекеттері әшкере болуда. Зейнетақы төлемдері бойынша ғана 254 млн. теңге қарыз анықталған. Борышкер санатындағы қырық кәсіпорынның 75 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Азаматтардың құқығын бұзудың алдын алу мақсатында салық органдары борышы бар жұмыс берушілердің шоттарын арнайы база арқылы автоматты түрде бұғаттауда. Өткен жылы облыста 11 мыңнан астам шот бұғатталған.
Қызметкерлердің құқығын қорғауда жарақаттану фактілерінің алдын алу аса маңызды. Уәкілетті органдардың мәліметі бойынша, соңғы үш жылда өңір кәсіпорындарында жарақаттанудың 167 фактісі тіркелген. Дегенмен, өткен жылы жұмыс берушілер өздерінде орын алған бес өндірістік жарақатты жасырып қалған. “Адам сатыдан құлап, саусағын жарақаттап алған күннің өзінде, тиісті органдар бұл жайлы хабардар болуы тиіс. Өкінішке қарай кәсіпорындардың денінде қарапайым нұсқаулық ескеріліп, қауіпсіздік шаралары қолға алынбаған”, – дейді прокурорлар.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет http://sko.prokuror.gov.kz/ сайтынан алынды.