«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖАЛАҢ УӘДЕ ЕМЕС, НАҚТЫ ІС КЕРЕК»

Самат Қосжанов – Айыртау аудандық мәслихатының №8 сайлау округі бойынша депутаты. Халықтың денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет, жастар ісі, адам құқықтары және заңдылықты сақтау, депутаттың өкілдігі және этикасы, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның мүшесі. «КLYUCHI GCK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. «Ауыл» партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Мен «Ауыл» партиясы атынан Айыртау аудандық мәслихатының VIII шақырылымының депутатымын. Маған қарасты екі ауылдық округ бар. Олар – Лобаново және Имантау. Халықтың аманатына адал болу, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – басты мақсатым.

Халықтың мұң-мұқтажын естіп, олардың мәселесін шешуге атсалысу үшін депутат болдым. Қарапайым тұрғындар мен билік арасындағы көпір болып, ауыл-аймақтың жағдайын жақсартуға нақты үлес қосқым келеді. Жалаң уәде емес, нақты іске негізделген бағдарламамды жүзеге асыру үшін өзгерісті сырттан күтпей, өзім бастама көтеріп, жауапкершілікті мойныма алу үшін депутаттыққа бардым. Бұл – менің азаматтық борышым әрі сенімге лайық болуға деген талпынысым.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Сайлауалды үгіт-насихат кезінде халыққа нақты, орындалатын уәделер бердім. Ең алдымен, жергілікті мәселелерді шешуге белсене араласуға, соның ішінде жол жөндеу, ауызсу тарту, ауыл инфрақұрылымын жақсарту, жастарды қолдау және әлеуметтік әділдік орнату бағытында жұмыс істеу – негізгі бағдарым. Сондай-ақ әрқашан ашықтық пен есептілік қағидатын ұстанып, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тікелей тыңдап, оларды шешуге күш салатынымды айттым. Уәде – бос сөз емес, нақты әрекетпен дәлелденетін жауапкершілік.

Қай уәдемді орындадым?

Депутат ретінде мені күнделікті мазалайтын басты сұрақ – сайлаушыларымның алдында басымды тік көтеріп жүру. Бұл – мен үшін нағыз бақыт. Сайлаушылардың сенімін ақтау үшін нақты істер атқарылуда. Бүгінгі таңда мен ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету, ішкі инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ мәдени өмірді жандандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып жатырмын.

Инфрақұрылым және ауызсу мәселесіне тоқталсақ, өткен жылы Лобаново және Шалқар ауылдары толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар осы ауылдардың ішкі жолдары кезең- кезеңімен жөнделді. Заря ауылына апаратын 11 шақырым жолды қалпына келтірдік. 2025 жылға қарай жол бойындағы шұңқырларды жөндеу, қысқы- жазғы күтімі назарға алынды.

Жұмыспен қамту саласында да нақты істер атқарылуда. Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жергілікті билік өкілдерімен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Ауылдық округ аумағында орналасқан шаруа қожалықтарымен келісім жасалып, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту ұйымдастырылды. Бұл – ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Мәдени және қоғамдық іс- шаралар – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Халық рухани құндылықтарға және өткеннің мұрасына бойламай өзін-өзі шынайы тани алмасы анық. Сондықтан әрбір мемлекеттік және ұлттық мерекелер қарсаңында ауыл тұрғындарына арнап кең көлемдегі мәдени-көпшілік іс- шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, Наурыз мейрамы кезінде киіз үй тігіліп, көкпар, ат жарыс сияқты ұлттық ойындар өткізілді. Бұл ауыл халқының рухын көтеріп, жастардың ұлттық салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға сеп болды.

Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайды, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Уақыт алға озған сайын тарихи-мәдени нысандарды жаңғыртып, келер күннің еншісіне шашау шығармай жеткізу – басты міндет. Аудан көлемінде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай Шалқар ауылындағы Жеңіс мемориалына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл – ардагерлерге деген құрметтің белгісі әрі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудің бір үлгісі.

Елді мекендерде шешімін күтіп тұрған мәселелер әлі де бар. Оларды кезең-кезеңімен шешу – басты міндетіміз. Биылғы жылы назарда тұрған маңызды жобалардың бірі – Имантау ауылдық округіне қарасты Жоғарғы Бұрлық ауылына апаратын 9 шақырымдық жолды жөндеу. Бұл жолдың ауыл тұрғындарының күнделікті қатынауына, «Жедел жәрдем» келгенде, мектепке балаларды тасымалдағанда, азық-түлік жеткізу сияқты маңызды қызметтерді қолжетімді етуде тікелей әсері бар.

Аталмыш жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, шалғай ауылдардың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Алдағы уақытта жобалардың нақты жүзеге асуына бар күшімізді саламыз.

Халық маған сене ме?

Депутаттар үшін халықтың сенім білдіруі – зор мәртебе. Егер халық мені депутат ретінде таңдап, сайлаушыларымның үмітін арқалап отырсам, онда бұл – сенімнің белгісі. Осы сенімді ақтау үшін мен күнделікті жұмысымды адал атқарып, өз уәделерімді орындауға тырысып жүрмін.

Мен қолға алған шаруалар, қабылдаған шешімдерім халықтың қажеттіліктеріне негізделіп, нақты нәтиже береді деп сенемін. Мәселелерге уақытылы көңіл бөліп, оларды шешу жолында жүйелі жұмыс істеп жатқанымды халық көріп отыр. Сонымен қатар ашықтық, есептілік және әрбір мәселеге жауапкершілікпен қарау менің басты қағидам болып табылады.

Мен халықтың алдында есеп беру және олардың пікірін тыңдау арқылы сенімді арттыруға ұмтыламын. Сенім тек уақыт өте келе қалыптасады, нақты іс-әрекеттермен дәлелденеді. Әрқашан халықпен бірге болып, олардың мүддесі үшін еңбек ету – менің басты міндетім.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Сайлаушы пікірі:

Қазіргі депутаттар халықтың арасында жүреді. Өздеріне қарасты округ тұрғындарымен тікелей байланыста болып, ауылдықтарды толғандырып отырған барлық мәселеден хабардар. Менің ойымша, бұл екі жақтың бірлесе жұмыс істеуіне мол мүмкіндік тудырады. Самат Қайниденұлы Қосжановбіз сайлаған депутат. Ол депутат болып сайланған күннен бастап бірақатар игі істерді қолға алды. Ауыл ішіне жылдамдық белгілері орнатылды, су құбыры тартылды. Ауылды абаттандыру жұмысында да белсенді. Қыс бойы ауылымызды қардан тазартып, Ұлы Жеңістің-80 жылдығы қарсаңында ескерткішті жөндеп берді.

Елена МЕЛЕШИНА,

Шалқар ауылының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp