Жалбыз – саяжай дәріханасының тізімінде көшбастап тұрған емдік өсімдік. Оның денсаулыққа пайдасы мол. Одан дәрі-дәрмектер жасап қана қоймай, күнделікті тағамдарға салатын аскөк ретінде де пайдаланады.
Жалбыздың ащы түрі кеңінен танымал. Оны үй жағдайында өсірудің еш қиындығы жоқ. Жалбыздың дәнін көктем не күз мезгілінде отырғызған тиімді. Ол күннің көзі және ылғалды ұнатады. Гүлдері қауыз жара бастағанда өсімдіктің жапырақтарын теріп алып, кептіріп қоюға да, өсіп тұрған күйінде жыл бойы қолдануға болады.
Халық емінде жалбыздың бұл түрі бас, жүрек-қан тамырлары ауруларында, ас қорыту жүйесі қабынғанда, тұмау тигенде, бүйрек пен бауырға тас байланғанда, тамақ ауырып, жүйке жүйесі сыр бергенде және ұйқысыздық мазалағанда қолданылады. Өсімдіктің өт айдайтын қасиеті бар. Оны дайындаудың жолы да қарапайым. Жалбыздың кептірілген жапырақтарын ыстық суға бұқтырып, ішсе болады. Бірақ өсімдікке аллергиясы бар адамдар жалбызды қолданбағандары жөн. Дәрігерлер 6 жасар бала мен жүкті әйелдерге де жалбызды көп мөлшерде пайдалануға кеңес бермейді.