«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛДАУ АҚЫСЫН ТӨЛЕМЕЙДІ

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш айға дейін бизнес өкілдерін мемлекеттік мүлікті жалдау ақысынан босатуды тапсырған болатын. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болғаны анық. Өңіріміздегі сауда орындарының иелері де бастаманы қолдап, жалға алушыларды төлемнен босатып, барлық коммуналдық қызмет ақысын өз мойындарына алды.

Бүгінгі таңда Айыртау ауданындағы тұрмысқа қажетті тауарлар сататын ірі сауда үйлерінің жұмысы тоқтаған. Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Данияр Қалымовтың айтуынша, ірі сауда үйлерінің иелерімен жалға алушылардың қаржылық жүктемесін төмендету мақсатында келісімдер жүргізілген. Нәтижесінде карантин уақытында төлемнен толық босату жайлы шешім қабылданды.

Аудан орталығындағы “Алтын Тау” сауда үйінде 46 жеке кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Айына сауда орындарын жалға беруден 1,8 млн. теңге табыс табатын нысан иесі Сергей Смирнов жалгерлерді төлемнен толық босатып, жерлестеріне қолдау көрсетсе, “Ortalyq Bazar” сауда үйінің басшысы да 43 жалға алушыдан түсетін 1,9 млн. теңге кірістен айырылғанына өкінбейді. Ал “Кристалл” және “Айсберг” сауда үйлерінің иесі Александр Бижов ай сайын 30 жеке кәсіпкерден 2,1 млн. теңге алуы тиіс болатын. Ол да індетпен күрес кезінде ешкімді қыспаққа алмауға шешім қабылдапты.

– Аты жаман аурудың салдарынан соңғы кездері елдің экономикасында, әлеуметтік өмірінде көптеген өзгерістер болып жатыр. Осы сәтте кәсіпкерлер бір-бірімізге қолдау танытпасақ, адамгершілігімізге сын болар еді. Сауда үйлерінің коммуналдық қызметінің ақысын мен өз қаржыммен де төлей аламын. Себебі, менің бұдан да басқа кәсіптерім бар, – деді “Ortalyq Bazar” сауда үйінің басшысы, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Александр Гладкий.

 

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp