«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жалындаған жас сарбаз

Ел қорғау үшін бойда намыс, табандылық пен тас түйін дайындық қажет. Бұл мақсатта жұмыс істеп жатқан “Жас сарбаз” әскери-пат­риоттық қозғалысын ерекше атап өткен жөн Әскери-патриоттық клубтың басты мін­деті – балалардың бойында Отанға деген сү­йіс­пеншілікті тәрбиелеу. “Жас сарбаз” әске­ри-патриоттық қозғалысын құруды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру” атты Жолдауында тапсырған болатын. Қоғамдық бірлестік құрылып, бар­лық облыстарда филиалдары ашылды. Қазір өңірдегі 315 әскери-патриоттық клуб пен жал­пы орта білім беретін мектептерде “Жас сар­баз” сыныптары жұмыс істейді. Олардың құ­ра­мындағы өрендер саны 5 мыңнан асады.

Әскери-патриоттық клубтар әр мектепте бар. Алғашқы әскери дайындық пәнімен ас­тарлас жүргізіледі. Жетекшісі – сол пәннің оқы­тушылары. Бір мектепте сарбаз саны – 25, енді бірінде 30 болуы мүмкін. Орталықта әр аптаның сейсенбі күні сарбаздардың жиыны өтеді. Жиында оқушылар саптық дайындық, қару-жарақты бұзып-жинаудан өзге, әскери жарғылар, Қазақстанның қазіргі армиясы сын­ды тақырыптар бойынша білім алады. Бұдан бөлек, ауған соғысы ардагерлерімен, әскери қызметкерлермен, азаматтық борышын өте­ген жастармен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жеңіл атлетикадан жас­өс­пірімдер арасында спорттық марафон, əс­кери-патриоттық əндер байқауы, қарттар жəне балалар үйлеріне қол ұшын беру сияқты ізгілікті істер де жүйелі түрде өткізіледі.

Өңірімізде қоғамдық бірлестіктің ашылға­ны­на көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда қазіргі уа­қытта оның құрамында 6 мыңнан астам ұйым бар. Оған 200 мыңнан астам оқушы бел­сенді қатысады. Қозғалысқа қабылдауда еш­қандай шектеулер жоқ. Тіпті 7-8 сынып оқу­шы­лары да әскери қызметтің әліппесімен та­ныса алады. Негізгі басымдық спортқа жақын, өнерлі жастарға беріледі. Бұдан бөлек, оқу­шылардың жоғары технологиялық өндіріс, ин­новациялар және инженерлік әзірлемелер са­ласына деген қызығышулығын арттыру мақ­са­тында елімізде “Smart sarbaz” жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан об­лы­сы қатысушылардың саны және шаралар­дың сапасы бойынша өңірлер арасында көш бастауда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта об­лыста оқушыларды робототехниканың қыр-сырына үйрететін 52 үйірме бар. Олардың жұмысы технологиялық бағытты ұстанған.

Былтыр “Айбын – 2020” республикалық әс­кери-патриоттық жас­тар жиыны алғаш рет онлайн-форматта өтті. Жастардың бойында Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік се­зім­дерін, қазақ­стандық патриотизмді қалып­тас­тыруды көздеген шарада Петропавл қала­сындағы №40 мектеп жанынан құрылған “Жас батыр” әскери-патриоттық клубының өрен­де­рі облыс намысын қорғады. Олардың қата­рын­да түрлі додаларда жасындай жар­қылдап жүрген Виктория Калинина, Анас­та­сия Пог­ребняк, Мұрат Санжар, Матвей Баев, Мирас Балапан, тағы басқа оқушылар бар. Жа­рыс қа­тысушылары зияткерлік ойын, сап­тық, меди­циналық дайындық, атыс қарула­рын, робото­техниканы меңгеру, күш сынасу секілді кезең­дерде сынға түсті. Өрендеріміз жеңістің биік тұғырынан көріне білгенін мақтан тұтамыз.

Былтыр Петропавл қаласында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Солтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және “Жас сарбаз” балалар мен жасөс­пірім­дер әс­кери-патриоттық қоғамдық бірлестігінің бас­шы­лығы ынтымақ­тас­тық, өзара іс-қимыл ту­ра­лы меморандумға қол қойғанын атап өт­кен жөн. Бұл үшжақты келісім өңірде әскери-пат­риоттық тәрбие беру жұмыстарын одан әрі жандандыра түсуге серпін береріне сенімдіміз.

Жарас ЖЕҢІСОВ,

“Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp