Қабдол Мұхаметқалиев ақсақалды әңгімеге тарта қалсаңыз, сексеннің сеңгіріне шыққан қарт өзінің спортпен әуестенген жастық шағын сағынышпен еске алады. Ауылдың қара домалақ ойын баласы жаз келсе көкорай шалғында, қыста қар үстінде қатарластарымен алысып-жұлысып, шымыр болып өседі емес пе?! Қабдол аға да күреске осылай машықтанғанын айтады. Күрестің техникасын білмесе де, бойындағы алпауыт күш оның басқалардан басым болуына жол ашқан. Күреске деген әуесқойлығы есейген сайын өрши түсіпті. Білім қуып облыс орталығына келген жігіт Петропавл қаласында өткен спартакиадада классикалық күрестен облыс чемпионы атанады. Осылайша, өзінің алғашқы жаттықтырушысы Роберт Рахимовтың еңбегін ақтағанын әлі күнге дейін мақтан етеді.
Қабдол Мұхаметқалиұлы Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тумасы. Кішкентайынан намысқой болып өседі. Жеке басына тіл тигізген адаммен сөзге келмей, жағаласа кететін тентек мінезі де болған. Біреудің біреуге әлімжеттік жасап тұрғанын көрсе, тіпті, қаны қайнайды. Ал ұлтжандылығы бөлек әңгіме.
Ол училищені тамамдаған соң жеті жігітпен бірге комсомолдық жолдамамен Қарағанды өңіріне аттанып, Теміртау магниткасында еңбек етеді. Жас балуан білек күшін онда да танытпай қоймайды. 1959 жылы Мәскеуде өтетін Кеңес Одағы халықтарының жазғы II спартакиадасына “Трудовые резервы” командасы атынан қатысушылардың тізіміне ілігеді. Алайда, оны үлкен спортқа апаратын жол шорт кесіледі. Мәскеудегі жарысқа аттанардың алдында, дәлірек айтсақ, 1-ші тамыз күні Теміртауда жұмысшылар көтерілісі орын алғаны ел тарихында белгісіз қалған оқиға. Көтерілістің себебі – кәсіпорын әкімшілігінің жұмысшылардың тұрмыстық жағдайына немқұрайды қарауы. Жұмысы ауыр кәсіпорынның еңбеккерлері қала сыртында тігілген шатырлы қалашықта өмір сүреді. Жаз бойы амалдап шыққанмен, күн суытқан кезде жағдайлары қалай болатынын ойлап, тыныштары қаша бастайды. Қалашық басында су тапшылығы да үлкен мәселе. Тамақты жұмыс басындағы асханаға келіп ішеді. Содан асханаға тамақтануға келген бір топ қазақ жігітін: “Жұмысшы болгарлар әлі тамақтанып болған жоқ”, – деп кіргізбей қояды. Ол аздай ұлттық намысқа тиетін ауыр сөздер де айтылады. Сол күні жастар асхананың ішін тас-талқан етіп, жұмысқа шықпай қояды. Бұл күнге дейінгі көріп келген қорлықтары қордаланып, жастардың ашу-ызасы өршіп, ереуіл басталып кетеді. Теміртау қаласының шығыс жағындағы ескі базардың ауданы мен Калинин көшесінің ойран-кестеңі шығады. Ереуілден қорыққан зауыт басшылары мен қала әкімдігі “бүлікті” басу үшін әскер шақыруға мәжбүр болды.
Әскери күшпен басылған көтерілістің қатысушыларын кейін де жайларына қалдырмаған. Қамауға алынып, қудаланғандары қаншама. Жазықсыз сотталып кеткендер де аз емес. Сол ереуілшілердің арасында Қабдол Мұхаметқалиұлы да болыпты. Ол осы жағдайдан кейін саяси тыңшылардың назарына ілігеді. Мәскеудегі спартакиадаға барудың орнына туып-өскен ауылына оралады. Осы оқиғадан кейін кәсіби спорттан мүлде қол үзеді.
Ағамыз бертінге дейін үлкен күш иесі екендігін танытып келген. Бірде ол аудандық оқу бөліміне бұйымтаймен барады. Баян мектебінің есік-терезесін сырлайтын сыр керек екен. Бас есепші дәлізде тұрған бір бөшке сырды көрсетіп: “Сізді атақты балуан болған деседі. Мына бөшкені көтеріп әкетсеңіз, сіздікі”, – деп 100 килограмдық бөшкені көрсетеді. Қабдол Мұхаметқалиұлы бөшкені бір деммен иыққа салып, сырттағы жүк машинасының қорабына тастай салады. Сырттан бақылап тұрған жұрт “бәрекелдісін” айтып, мәз болады.
Қабдол Мұхаметқалиев 1959 жылғы оқиға болмаса, мүмкін өзін атақты спортшы ретінде танытар ма еді?! Бірақ сол жолы жігіттік намыс үшін замандастарымен қатар тұрғанына да өкінбейді. “Бұл – өмір. Бір оқиға барлық өміріңді басқа арнаға бұруы мүмкін. Өмірдің түрлі соқпақтарынан сүрінбей, адамдық бейнеңді сақтай білсең, сол сенің ең басты жетістігің. Орындалмай қалған арманым артымнан ерген ұрпаққа аманат”, – дейді қарт.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТОВ,
зейнеткер.