Кезінде жаладан жапа шегіп, кеңестік заманда көп қуғын көрген ақын осыдан қырық жылдай бұрын өмірден өткенімен, оның өмірі мен шығармашылығы әлі күнге дейін дұрыс зерттелмеді. Тек 1991 жылы Жазушылар одағының бастауымен белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев, ақынның інісі, жазушы Төлеген Қажыбаев сияқты зиялы қауым өкілдерінің қолға алуымен 90 жылдық тойы аталып өтті. 1992 жылы мен “Жақан Сыздықовтың ақындық әлемі” атты диссертация қорғап, екі томдық таңдамалы шығармалары баспаға ұсынылды. Алайда, нарықтық экономика бұл игі істің жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Тек қана “Шындық даусы” атты жинаққа ақынның даңқын шығарған, дарынын танытқан, ұзақ жылдар бойы басынан өткерген тағдыр тауқыметіне себепші болған “Әлі қарттың әңгімесі” поэмасы жарияланды да, мерей күніне арналған мақалалар республикалық, облыстық, аудандық газеттерде басылды.
2001 жылдың тамызында Жақан Сыздықовтың 100 жылдығы туған жерінде ғана аталып өтіп, аудандық, қалалық, облыстық газет беттерінде, “Қазақ әдебиеті” басылымында мақалалар жазумен шектелінді. Қаржы тапшылығынан ақын жинақтары басылмады.
Егеменді еліміздің жиырма бес жылдық мерекесі аталып жатқан кезеңде бүгінгі бейбіт күнді жақындатқан, қазақ жұртының дарынын әлемге танытқан біртуар ұлдарымыздың абзал да өнегелі өмірін еске алмай тұра алмаймыз. Шынында да, туған халқының тәлкекті тағдырын бірге кешкен, елінің жарқын болашағын армандап, сол жолда өзінің дарынын да, ерекше бітім-болмысын да өмірінің ақырғы сәтіне дейін сарқа жұмсаған біртуар азаматтар баршылық. Осындай біртуар азаматтардың дарындысы да, шоқтықтысы да, ардақтысы да, туғанына 115 жыл толып отырған ақын Жақан Сыздықов.
Қазақ поэзиясына жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, жарты ғасырдан астам атсалысқан, шексіз сезімге бөлеген асқақ лирика мен отызға жуық эпикалық мұра қалдырған, туған халқына шығыстың сөз құдіретін, түрлі сырға толы батыс әдебиетін, туысқан татар халқының абзал ұлдары Ғабдолла Тоқай мен Ғалымжан Ибрагимовтың, асқақ үнді Мұса Жалилдің барша көркемдік тұлғасын, шығармашылық мұрасын да толық жеткізген Жақан өз өмірінде еңбегіне лайық бағасын ала алмай кеткенді. Қазақ-кеңес поэзиясына алғашқылардың бірі болып, сонау 1924 жылдың тамызында келген, өзінің сырлы да өткір өлеңдерімен, мазмұны қызықты эпикалық поэмаларымен оқушылар қауымының сүйіктісіне айналған Жақан 1901 жылы 10 мамырда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Қараағаш ауылында саятшы, шешен, сал-сері, өзінің әділдігімен ел ішінде үлкен беделге ие, жиырмасыншы ғасырдың басында біраз жыл болыс болған Сыздық Төлемісұлының отбасында дүниеге келді.
Сыздықтың қалай ел басқарғаны туралы белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” романының екінші кітабынан оқуға болады.
Ақынның шешесі Сәми де ел ішінде беделді адам болған, айт-тойларда айтысқа түсіп, тапқырлығымен аты шыққан адам, дейді ауыл мұғалімі Ғазиз Әбішев. Жазушы Сафуан Шаймерденов өзінің “Ағалар алақаны” кітабында ол туралы, адами тұлғасы жайлы жүрекжарды лебізін білдіреді. Жақанның нағашы жұрты – атақты Бекболат Қанайұлының ұрпақтары. Нағашы атасы Бапан би болған адам. Ақынның “Арғы атам Қанай батыр ту байлаған, Бауырын Зерендінің ен жайлаған”, – деуі осыдан. Сыздықтың Сәмиден туған қызы Бәди де, ұлдары Жақан мен Қажыбай да ақын, әнші болған. Бәди бертінірек қайтыс болды да, Қажыбай сұрапыл соғыста қаза тапты. Қажыбай кезінде атақты Үкілі Ыбырайдың сүйікті шәкірттерінің бірі болған.
Ақынның атасы Төлеміс те, оның ағасы Бекен де, Бекеннің баласы Жүніс те шешен адамдар болса, Жүністің баласы Елжас (Ілияс) Бекенов – қазақ-кеңес әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі. Әкесінен, ауылдың аузы дуалы қарттарынан естіген аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын, әндер мен айтыстарды, шешендік сөздерді жаттап өскен Жақан жеті жасқа жетпей-ақ “Ақын бала” атаныпты. Оның үстіне әкесі Сыздық төте оқу жүйесімен оқытатын татар молдасына береді. Сөйтіп, жас Жақан Ғабдолла Тоқай шығармалары мен Абай туындыларын бір кезде оқып-таныды. Осыдан болар, ақын шығармаларында ауыз әдебиетінің, Абай үлгісінің әсерімен қатар, татар әдебиетінің мақамдары да айқын сезіліп тұрады.
Әжептәуір сауат ашқан баласын заман ағымына сай орысша оқытуды мақсат тұтқан Сыздық жалғыз бәйге атын сатып Көкшетау қаласына 4 кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға беріпті. Ақынның аталмыш оқу орнын аяқтауына 1917-1918 жылдардың дауылды кезеңі сай келеді де, ол революциядан кейінгі шақта ауылдағы партия қызметіне ертерек араласады. 1919 жылы Қызылжар қаласында әуелі мұғалімдер даярлайтын курста, кейіннен қаржы курсында оқыған, 1920-1921 жылдары Көкшетау және Қотыркөл болыстарында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Ақтар көтерілісі кезінде жау қолына түсіп, белгілі қайраткер, кезінде Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, КСРО Халық депутаты Еркін Әуелбековтің әкесі, республикаға еңбегі сіңген мұғалім Нұржанмен бірге атылайын деп тұрғанда қызылдар құтқарып алады.
Бұдан кейін әуелі Көкшетауда, кейіннен Атбасарда уездік азық-түлік комиссары болып істеген Жақан 1924 жылы Сақан (шын аты Сақыпжамал) Әмірқызына қосылады. Оған арнаған бірнеше өлеңі де бар: “Атбасарда”, “Саған берген сәукелем”, т.б.
Осы кезден бастап Жақан баспасөзге араласады. Алғашында “Бостандық туы” газетіне ел өмірі туралы мақалалар жазған. 1923 жылы “Сынға мін” атты мақаласы шығады. Мұнда ол Сәкеннің “Асау тұлпар” атты өлеңдерін қызғыштай қорғап, Нәзір Төреқұловтың сынына қарсы шығады. Оның бұл сыны “Қызыл Қазақстан” журналындағы Сәбит Мұқановтың “Сынға сын” атты мақаласымен үндес шыққан. Яғни, алғашқы мақалаларының өзінде Жақан әдебиетте принциптілік пен әділеттікті жақтап, пікір айтуға ниеттенген.
1924 жылы оның тұңғыш “Домбыра күйі” өлеңі “Бостандық туы” газетінде жарық көрді. Іле-шала “Атбасар суреттері” атты өлеңі жарияланған соң газет редакциясы оны тұрақты қызметке шақырды. Сөйтіп, жас қаламгер алдымен газеттің тілшісі болып, 1926 жылдан (редакторы С.Мұқанов болған кезде) жауапты хатшы, кейіннен редактордың орынбасары болды. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай (1928) “Еңбекші қазақ” газетіне ауысқан Жақан, кейіннен Қазақ мемлекеттік баспасының журналдар редакциясын басқарды.
Бұл қаламгер өміріндегі қызықты да жемісті жылдар еді. 1927 жылы “Жыл құсы” альманағының бірінші санында “Әлі қарттың әңгімесі” атты поэмасы жарық көрсе, 1928 жылы “Майкөл тамы” поэмасы журналда жарияланады. Ал 1929 жылы алғашқы өлеңдер жинағы “Еңбек жемістері” басылып шықты.
Отызыншы жылдың алғашқы кезеңі Қазақстанда ұжымдастыру науқанының қызу өткізіліп, Голощекиндік “бұрмалау” асқына бастаған шақ болатын. Халқына жаны ашыған адал коммунистер көздері көрген жолсыздықтарды Орталық комитетке хабарлауға тырысты. Олардың ішінде Тұрар Рысқұловтың, Нығмет Нұрмақовтың, Әбілқайыр Досовтың жанқияр ерліктері, Ғабит Мүсірепов бастаған “Бесеудің хаты” болғаны бүгінде елге аян. Сол кезеңде жазушылар, журналистер, ғалымдардың, барлығы 28 адамның бірігіп жазған хаты болған. Өкінішке қарай, ол хат Орталық комитетке жетпей қалған. Хатқа қол қойғандар жұмысынан алынып, жан-жаққа таратылған. Солардың қатарында болған Жақан да 1931 жылдың 25 ақпанында қызметінен шығарылып, Қазақстан өлкелік комитетінің шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан аудандық “Қызыл Түркістан” газетінің жауапты редакторы болып төмендетілді. Бұл оның тұрмысына да әсер етеді. Тұрмыс ауыртпалығы, тұрғын үй қолайсыздығы денсаулығы нашар Сақанға ауыр тиіп, ақынның жары дүниеден өтеді де, Жақан төрт жасар Арыстанымен қалады. Өмірінің тірегі, өлеңінің гүлі болған Сақанның қазасы ақынға ауыр тиді.
Ақынның енді ғана кең дүниеге құлаш сермеген шағында кездескен бұл қасірет пен тосқауыл өмір тәлкегінің басындай еді. Одан кейін талай-талай соққылар, талай зұлматтарға кездесті. Өмір қиястығының ең үлкені – “Совет ақыны бұлай жазбас болар, сенің мынауың социализмге жабылған жала” деп 20-шы жылдардағы қазақ-кеңес поэзиясының шоқтығы болған “Әлі қарттың әңгімесі” поэмасына қарсы шыққандар оның өмірінің дәл осы қиын сәтін одан әрі шиеленістіріп, қиындата түсті.
Тұрмыс тақсіретін тарта жүре қаламын қолынан түсірмей, қайта жазуды үдете түсті. Осы жылдары көрген тұрмыс тепкісіне қарамай, журналистік қызмет пен ақындықты қатар өркендеткен Жақан Леон Исаевич Мирзоян Қазақстанға келген кезде кешірім алып, астанаға қайтады, әрі бұрын шығып қалған Коммунистік партия қатарына қайта оралады. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Басына суық тигізіп алып, 1934 жылы ота жасатады. 1937 жылдың зұлматында алты ай карцер азабын шеккен тұста бас ауруы қайталанып, өмір бойы айықпас дертке шалдығады. Ақынға басына жасалған отаның ауырлығын Қасым Тоғызақов естелігінен байқауға болады.
“Февраль айында осы Алматыдағы Халық Комиссарлары Советінің емханасында Жақанның маңдайына операция жасалды. Біз Мүбәрәк Әбілқасов дейтін досымыз екеуміз Жақанның үйінде тұратын едік. Операция жасалар күні екеуміз емханаға барсақ, “науқастың халі ауыр” деп, сестралар жолатпады” деп жазған.
Ойға да, миға да сыймайтын жала – баласына Арыстан деп Лев Троцкийдің есімін қойған “троцкийшілдігі” үшін қуғын көріп, абақтыға қамалды. Шығармалары баспадан шығудан қалды.
Ақынның жанына батқаны өз қара басының қуғын көруі емес, өзі ардақтаған, үлгі алған ағалары Бейімбет пен Сәкендердің “жан аяспас пікірлес досысың”, Орынбек Беков пен Ораз Жандосов сынды “жаулардың құйыршығысың” деген жалалар еді.
1929-1936 жылдар аралығында он беске жуық кітап шығарып үлгерген ол кейінгі жылдарда тек мерзімді баспасөзде немесе коллективтік жинақта жарияланған өлеңдерімен шектелуге мәжбүр болды. Оған ақынның “өзі кінәлі” деген лақап та әдейі таралды. Міне, ақын творчествосының тоқырауы осы кезден басталғанын аңғармау аңғалдық болар еді. Алайда, Жақан Сыздықов қанша жасаса да, 30-шы жылдардың орта тұсында өзінің жеткен биігінен әрі көтеріле алмағандығы әдебиет тарихына аян.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары жаны жайсаң Жақанды қайта түлетті. Сырқатпен, тұрмыс тәлкегімен алыса жүріп, 300-ден астам ірілі-ұсақ өлеңдер жазды. Олары, әрине, жеке жинақта емес, мерзімді баспасөзде, әсіресе, майдан газеттерінде жиі жарияланды. Алайда, Жақанның соңына ерген сөз оның адымын аштырмай-ақ қойғанды, оның үстіне неміс фашистері “Әлі қарттың әңгімесін” аударып, Кеңес Одағында сұмдық аштық болып жатыр деп өтірік насихат таратқанына біздің идеологиялық аппаратымыз дұрыстап парықтай алмай, оны одан әрі тұқыртты. Осының бәрі оның жүрегіндегі қыжылды молайта берді. Бұл жайды Жақанның жақын достарының бірі Ғабдол Слановқа 1944 жылдың 19 наурызында жазған хатынан көреміз.
“Ғабдул!
…Мен саған еріккеннен хат жазған жоқ едім; әрине, тілегім, пікірім, қай кезде сырым бірге болғандықтан жаздым. Ол жағы өзіме, өз жүрегіме мәлім…
Ал өзім көп жазып тастадым. Әсіресе, “Қос жүрек” атты поэмам өзіме қатты ұнайды. Бастыруға апарып едім, Бейсембай мен Ахмет мыңқ-мыңқ етті… Радиодан жібердім, облыстық газеттер басып жатыр.
Жазушылар пленумында да (Москвада) Сәбит бізді ауызға алмапты. Сені айтыпты, әйтеуір. Әдейі “Қос жүректі” оқып, өте мақтаған еді. Әрі соғыс кезінде менің көп жазатынымды да біледі. Менің орныма болса керек. Ғалым сияқты өте шорқақ, оқусыз ақынды әкеліп мақтапты кеп”.
Міне, осындай жайлар ақынның жаңадан қайта қаулаған талантын біршама басып тастағанға ұқсайды. Әрі сол жылы аталып өтілуге тиісті мерекесі де аталмай, майдандық “Совет жауынгері” газетінің бір беті ғана арналып, “Социалистік Қазақстанға” Сәбит Мұқановтың (юбилейлік комиссияның председателі) “Жақанның жазғанына жиырма жыл” деген мақаласы ғана шыққан еді. Аңқылдаған ақын соның өзін мерей тұтып, айтып жүрген.
Төрт жылдан кейін, яғни 1948 жылы ғана “Қос қыран” атты шағын жинағы шықты. Жинаққа енген “Қос жүрек” поэмасы көп сыналып, көп мақталды. Ұнамды пікір айтқандар белгілі ақын Сәду Машақов пен Қалижан Бекхожин, Сәбит Мұқанов пен ғалым-сыншы Белгібай Шалабаев болса, сынаушылар арасында сыншы, жазушы Тахауи Ахтанов, Сағынғали Сейітов, ақын Қалмақан Әбдіқадыров бар.
Соғыс кезінде Түркістан легионында шыққан қазақ тіліндегі газетте “Әлі қарттың әңгімесінің” басылуы Қазақстанда айырықша даурықтырылды. Міне, сөйтіп бір кезде әдебиетімізге олжа салған ақынның сүйікті поэмасы тағы да бір қырынан қаралаудың құралына айналды. Мұндай қысыр да қытымыр ойлардың “жеңіске жетуіне” Орталық комитеттің көп қаулыларының, әсіресе, А.Ждановтың талқандағыш сөздерінің шарапаты тиді. Поэзия емес, саясаттың сары суын ішкендердің сөзі уәлі болды. Жақан тағы да қуғынға ұшырап, партиядан қуылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында партизан қозғалысын ұйымдастыра білген республикамыздың сол кездегі партия ұйымының басшысы Пантелеймон Кондратьевич Пономаренконың араласуымен ғана шындық қайта орнап, Жақан өлеңге 1954 жылдан қайта оралды.
Өмірдің, өнердің тәлкегін көп көрген ақын 40-шы жылдардың соңы мен елуінші жылдар басында қайғысын “тентек сумен” басамын дегенін де жасырмайық. Жыр жолдарынан ой жарқылдары сиреді.
Шын дарын табиғат берген өнерін босқа жібермек емес. Тағдыр тақсыретін тарта жүрсе де ол елуінші жылдардың өзінде-ақ көп еңбектеніп, көп туындылар берді. Сол жылдарда жарық көрген “Алтын қалам”, “Майкөл тамы”, “Белестер” сияқты өлең жинақтарымен қатар Ғабдолла Тоқай мен Қауа Нажмидің, ұйғыр ақыны Қ.Хасановтың шығармалар жинағын, Толстойдың “Арылу” романы мен Ғалымжан Ибрагимовтың “Қазақ қызы” романын, “Алмашұбар” повесін, Мирхайдар Файзидің “Ғалия Бануын” және жекелеген өлеңдерді де қазақшаға аударуы дәлел.
Бұдан кейін 1961 жылы оның туған күні қарсаңына таңдамалы шығармалары “Асуда” жарық көрді де, ұзақ жылдар бойына ақын тек мерзімді баспасөз бетіндегі өлеңдерімен шектеліп қалды. Белгісіз себептермен оның аты тағы да аталудан қалды. Қайсар жан бұл кезеңдегі өз жайына қинала жүрсе де ащы әзілмен: “Менің атымды іздеп әуре болмаңдар, мен тағы басқалардың арасындамын”, – дейтін. Оны бұл кезде бұрынғы ескі ауруына қосарланған демікпе де шаршатқан еді.
Сондықтан маңдытып жаза алмаған Жақан енді оқуға ден қояды. Жалпы Жақан өмір бойы үзбей оқыған. Оны күнделіктерінен көруге болады. “1968 ж. Сентябрь, октябрь айында – “Карл Маркс. Биография” кітабын оқып шықтым. Ғажап! “Мен коммунистпін!” – дейтіндер осы кітапты оқуы керек-ау!” –деген жазбасы осыған куә. Және оқыған дүниесінің ең татымды дегендерін жазып алуға әдеттенген, егер орыс не басқа тілдегі кітап болса, оны өлең тілімен аударған. Өзі бұл көп оқу әдетін: “Мұхтар Әуезовтен үйрендім”, – дейді екен.
Ауруының аса меңдеген кезі 1964-1965 жылдар. Бірақ ол қатты ауырып жатса да айтқыштығынан, әзілінен айрылған жоқ, ауру босатқан сәттерде ауық-ауық өлең де жазып қоятын.
Елу, алпыс жылдықтары да атаусыз өте шықты. Ақыры 1966 жылы ақынның 65 жылдығында “Асулар” атты жинағы шықты. Өзінің ақын інісі Төлегеннен басқа селт еткен жан тағы да болған емес.
Бірақ Татар АКСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы татар әдебиетін насихаттаудағы зор еңбегін ескеріп, әрі туғанына 65 жыл толуына байланысты Құрмет грамотасымен наградтапты. Сөйтіп, қазақ ақыны татар елінен құрмет тапты.
Жақанның досы Қауа Нәжмидің әр хатында айтатын “Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан” деуінің шындығы осында екен. Бұдан кейін ақын жетпіске келді, тағы бір жинағы жарық көрді де, өзінің ақын достары Сәду Машақов, Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев пен тілеулес қаламгер інісі Жайық Бектұровтың газет бетіндегі мақалаларынан басқа ештеңе бола қойған жоқ. Қолынан қаламын тастамаған қарт ақын жетпіс беске де жетті.
Тағы да сол аздаған тілеулес жандардың дәстүрлі мақалалары қайталанды. Бұл жолы тіпті кезекті жинағы да шықпады. Ақын өмірден өткен соң, 1978 жылы Қалижан Бекхожиннің алғысөзімен таңдамалы шығармалар жинағы жарияланды.
Тоқырау заманында азғана қазақты алтыға бөліп, кімнің қай топтан екеніне қарап, оның талантына сол арқылы баға берілген кезде аты ауызға алынбай қалған, кезінде қазақ-кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен мен Бейімбеттен өте жоғары баға алған ақын өмірі осылай, қандай қиындық көрсе де, өз сөзімен айтқандай: “Әр тасқа доңғалағы бір шоқалақтап тиіп, шиқылдап жүрсе де” қолынан қаламын түсірмей өтті.
Сөйтіп, туған халқына 53 жыл үзбей қаламымен де, бар жан-тәнімен де қызмет еткен ол 1977 жылдың 23 қазанында көз жұмды.
Шындықты жасырмай тура айтатын Жақан жоғары жақтан еш награда алмады. Тіпті, алпысқа толып, демалысқа шыққан әр адамға берілетін “Еңбек ардагері” медаліне де қол жеткізе алмады. Оған жабырқамаған Жақан Сыздықов еңбегінің жанғаны халқына берген өлең-жыры деп білді. Тарихтан аты өшпейтініне әйтеуір кәміл сенген. Көзі тірісінде еленбесе де, уақыт деген құдірет кімнің не тындырып кеткеніне әділ баға береді. Ой толқытқанда өлең жазып, газетке жіберсе, ауруханаға келіп-кеткен ақын-жазушыларға әзіл-қалжыңмен жауап беріп, қаламгерлерді зілсіз сықақтауды “кәсіпке” айналдырды. Онан кейінгі жан азығы алыс-жақындағы ағайын-туыстарына, жора-жолдастарына хат жазып, жаңалықтарға құлағы түрік екендігін білдіріп отырды. Жақанның эпистолярлық мұрасы өте бай. Өзінің алғашқы ұстазы Зияш Алдабергеновке, жан жолдасы, Сәкеннің серігі болған (1992 жылы 95 жасында өмірден озған) досы Хаскей Өтекинге жазған хаттарының өзі сан жағынан ғана емес, мән-мағына жағынан да құнды.
Қазақ-кеңес поэмаларының даму, өркендеу кезеңінде Жақан Сыздықов шығармашылығының алатын орны елеулі. Ұзақ жылдар бойы жиырмадан астам поэма жазған ақын көрнекті эпиктердің бірі болып қала бермек. Ол жазып кеткен поэмалардың тақырыбы да әр алуан, көркемдік шеберлігі де әрқилы.
Эпикалық поэзиядағы ақынның көп жылғы шығармашылығына тұтастай көз жіберсек, оның үнемі ізденіп, шеберлікті жетілдіру үшін талмай еңбектеніп, аянбай тер төккенін көру қиын емес. Шеберлігін шыңдау жолында жеткен жетістіктері де көп. Іздену жолында ақынның тап болған сәтсіздіктері, өкінішті сәттері де жоқ емес. Өмір шындығын көрсетудің талай айла-амалдарын біліп, оны қолданды да, өмір бұралаңдарынан аман қалу жолдарын да қарастыра отырып, қиыннан жол таба алғаны рас. Сол ұзақ жылдардағы шарқ ұрып іздену, сарыла еңбектену нәтижесінде ақын қаламынан қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған идеялық, көркемдік дәрежесі өрелі бірнеше поэма туды. Олар тек қана ақынның ғана жетістіктері болып қоймай, қазақ поэзиясының, тіпті, бұрынғы көпұлтты кеңес поэзиясының абыройын асырған аса ірі шығармашылық жеңістердің қатарына қосылды.
Тағы бір айта кететін жай, ақын жазған жиырмадан астам поэманың ең тартымдылары оның шығармашылық жолының бастапқы шағы мен алпысыншы жылдар кезеңінде, яғни толысқан шағында жазған туындылары екенін көреміз.
Қазақ-кеңес поэзиясында оның қалыптасу кезеңінің көрінісіндей, оның кемелденуінің белгісіндей, эпикалық туындылар жазуға ұмтылысы жиырмасыншы жылдардың орта кезеңінен басталады. Оның алғашқы қарлығашы – қазақ поэзиясында жаңа заман шындығын асқан шеберлікпен суреттей білген поэтикалық ірі туынды – “Советстан” поэмасы еді. Бұған дейінгі Бейімбеттің “Рәзия қыз”, “Маржан”, “Қашқын келіншек”, “Зәйкүл”, “Өтірікке бәйге”, Сәбит Мұқановтың “Пионер”, “Наурыз мейрамы”, “Құрдастар” поэмалары тек қана қазақ поэмасының туу барысындағы қажетті қадамдар ғана болатын, олар сюжетке құрылған өлеңнен көлемі арқылы ғана ажыратылатын еді.
Халықтың аңыз-ертегілерінің негізінде бірсыпыра романтикалық поэмалар жазған ақынның бірі – Жақан Сыздықов. “Майкөл тамы”, “Алмас”, “Арыс тарихынан”, “Меруерт тау”, “Маймыл ертегісі” және басқа да поэмалары осы топқа енеді. Бұл тақырыптағы шығармалар ішінде “Майкөл тамы” поэмасының орны бөлек. Жақан қаламынан туған тұңғыш поэма 1927 жылы Қызылжар қаласында жазылып біткеннен кейін Жақанның поэма жанрындағы ең елеулі табысы, оның ақындық талантын елге танытқан, өмір жолындағы тәлкекті тағдырына себепші болған, өзінің сүйікті туындысы 1927 жылы жазылған “Әлі қарттың әңгімесі” поэмасымен бірге сол жылы “Жыл құсы” альманағының бірінші санында басылып шыққан болатын.
Жақан Сыздықов та – Отан қорғау сияқты тақырыпқа көп жазған ақындарымыздың бірі. Оның соғыс қарсаңындағы “Ел бар сонау алыста”, “Тоқта, палач”, “Моншадағы маймыл”, “Долорес”, “Түркия түнегінде”, “Байтоушан биігінен”, “Лақтырылған бөбек”, “Личжи”, “Ашылды көзім”, “Балалар неге ашынар”, “Бағанаға сүйенгендер”, “Африка сілкінді” сияқты көптеген өлеңдерімен қатар “Маймыл ертегісі”, “Дағдарыс долысы”, “Батыстан жеткен үн” сияқты поэмалары, кейіннен 50-60-шы жылдары жазған “Аспандағы соғыс”, “Патрис Лумумба” сияқты поэмалары да осы тақырыпқа арналған.
Басқа да қаламгерлер сияқты Жақан да жасарып, түлегендей беріле, шаттана жырлады. Оның “Тасқын”, “Шаттық үні”, “Биік шыңда”, “Өлеңдер жинағы” сияқты жекелеген жыр жинақтарымен қатар, көптеген аудармалары, сапарнама өлеңдері шығып, оларда азаматтық пафос, әлеуметтік мәнді мәселелер молынан көтерілді. Бүтін елімен бірге еңсесі көтерілген ақынның бұл кезеңдегі өлеңдерінде еркін де жеңіл үйлесім, ұғымдылық оның өлеңдерінің тіл шұрайлылығын аңғартады.
1936-1937 жылдар Жақанның шығармашылық өмірінде өнімді еңбек еткен шағы болды. Бұл кезде жазған “Маймыл ертегісі”, “Алмас”, “Қаңбақ шал”, грузин ақыны Ордзелашвилиден еркін аударған “Арсен туралы аңыз” сияқты ақын қаламынан жүздеген жыр асылдары туды. Алайда, бұл сәт көпке созылмады. Бүкіл елімізде, оның ішінде біздің Қазақстанда бұрын ауыз айтып, көз көрмеген ауыр қасірет күндері жақындап қалған болатын. Өкінішке қарай, ол 1937-1938 жылдардың қасіретін толық ашып айта алмады, өмірдің күнгей жағын, табыс пен жеңісті мақтау ғана мүмкін болды.
Соғыс жылдары Жақанның қаламы өткірлене түсті. Ұлы Отан соғысының алғашқы сағатында өзінің “Қанжар” деген жалынды жырын радиода оқып, тыңдаушыларын кескілескен күреске шақырды.
Отан соғысы кезінде 300-ден астам жыр тудырған оның өлеңдерінің көпшілігі бірден майдандық газеттерде, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Олардың тақырыбына қарап-ақ онда айтылатын ойды сеземіз. “Найзағай”, “Жорыққа”, “Қарақшыларға”, “Жеңіске”, “Рейн”, “Ызалы сөз”, “Роза”, “Семсер”, “Найза”, “Теңізде”, “Жауынгерлік сөздер”, “Фашизм кескіні”, “Сексен батыр туралы толғау”, “Тазартқанша жер үстін”, “Құрметті екі қарындас” және де басқа жырларында ол жауынгерлерді ерлікке шақырып, жауға тойтарыс беру керектігін тілге тиек етті.
Ұлы Отан соғысы кезінде ең жедел жанр поэзия болғаны баршаға мәлім. Басқа ақындар сияқты Жақан Сыздықов та, жоғарыда атап өткеніміздей, соғыс өрті лаулап тұрған мезгілде де, Отан соғысы жеңіспен біткеннен кейін де соғыс тақырыбына мол жазды. Ақын майдан өмірін, әр минуты майдан деп соққан тыл өмірін жан тербететін сұлу сөз, адам көңілін қозғайтын әдемі лирикамен суреттеп береді. Оның жырлары халық мүддесі үшін майданға аттанған солдаттардың өмірін, олардың тамаша ерлігін, қандай қиыншылықтарға қарамастан қатал жауға қарсы күрестің қажеттігін тебірене жеткізеді. Оның өлеңдері патриотизм, интернационализм идеясына толы болып келеді. Қарапайым қазақ сөздеріне жаңа екпін, тың мазмұн беруге шебер ақын көлемі шағын өлеңдерінің өзінде-ақ қаншама ой түйіп, адам тебірентеді.
Жақан Сыздықовтың Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған өлеңдерінің аз ғана бөлігі 1948 жылы жарық көрген “Қос қыран” деген шағын жинаққа топталған. Жинақ көлемі өте шағын, небәрі ірілі-ұсақты 16 өлең мен “Қос жүрек” деген поэмадан құрастырылған болатын.
Жақанның аударма саласындағы еңбегі де аз емес. Грузиннің халық жыры “Арсен”, татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай шығармашылығын толық деңгейде қазақ тіліне аударуы – Жақанның әдебиетке қосқан үлкен үлесі. Әсіресе, түркі тектес халықтардың ортақ мұрасы – “Көрұғлы” дастанын қазақ тілінде қайта жазып шығуы – майталман ақынның өте бағалы еңбегі. Сондай-ақ, туысқан елдер поэзиясының тамаша үлгілерін де өз ана тілінде сөйлетуі ақынның өлмес мұрасы болмақ, оның сыртында ұзақ жылғы публицистік, журналистік туындылары, прозалық, драмалық аудармалары, әсіресе, Ғалымжан Ибрагимовтың “Қазақ қызы” және Лев Толстойдың “Арылу” романдарын аударуы, балалар әдебиетіне қосқан үлесі бір адам ғұмырына жетерлік өшпес мұра.
Уақыт сынына төтеп берген тарлан ақын халқына, жас оқырмандарға мәнді жырларымен әрқашан қадірлі бола бермек, өйткені, ол – өзінің жарты ғасырлық шығармашылық сапарында қазақ поэзиясына қомақты үлес қосқан зор дауысты ақын, өз халқының, елінің адал перзенті, ардагер қаламгері, бүкіл әлем әдебиетінің кең қанатты ойлы өкілі. Сондықтан да туғанына 115 жыл болған ақын халқымен мәңгі бірге.
Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік
университетінің доценті.