
Облыс полицейлері жалған ақпараттың таралуына қарсы жұмысты күшейте түсті. Өңірімізде эпидемиологиялық ахуалға қатысты жалған ақпарат таратудың үш дерегі анықталды. Тайынша ауданында полицейлер “бір тұрғын қауіпті індет жұқтырды” деген жалған хабарламаның авторын анықтады. Ауырды-мыс деген аудан тұрғынының нақты мәліметтері мен тұрғылықты жері көрсетілген аудиохабарламада әйел солтүстікқазақстандықтың диагнозы расталып, комиссияның жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Тайынша қаласының 39 жасар тұрғыны бұл хабарламаны «WhatsApp» мессенджері арқылы құрамында 10-нан астам адам бар достар тобына жіберген. Топтағылар бұл ақпаратты ары қарай таратып жіберген. Жалған хабарлама бір күн ішінде жүздеген аудан тұрғынына жетіп, жергілікті тұрғындар арасында үрей тудырды. Жедел уәкілдер жалған хабар таратушыны тез арада анықтады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйел жерлестерінен кешірім сұрады.
Петропавлда жедел уәкілдер коронавируспен ауырған екі адам туралы және алдағы уақытта облыс орталығының карантинге жабылатыны жөнінде отбасылық чатқа хабарлама жіберген облыс орталығының тұрғынын анықтады. Сондай-ақ, Мамлют ауданында полицейлер жергілікті пабликтерге мониторинг жүргізу кезінде аудан орталығында анықталған індет туралы жалған пікір жазған ер адамды анықтады.
Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқандарды бас бостандығынан ауыруға дейін жауапкершілік көзделген. Егер мұндай әрекет төтенше жағдай кезінде орын алса, онда үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
«Халық арасында дүрбелең туғызатын жалған ақпараттың жолын кесу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Облыс тұрғындарынан тәртіпті сақтауға, уәкілетті органдардың талаптарын орындауға, жалған хабарламаларды елемеуге және ресми ақпарат көздерін ғана басшылыққа алуға шақырамыз», – деді облыстық полиция департаменті басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.