Петропавл полицейлері қаланың оқу орындарында лаңкестік жайлы жалған ақпарат беретіндер барын, олардың бұл қылықтары ел-жұртты дүрліктіретінін ескертуге арналған жиындар өткізе бастады.
Осы тақырыптағы алғашқы жиын «Дарын» мектебінде болды. Оның өзіндік себебі де бар: өйткені, осы мектепте бесінші сыныпта оқитын бір қыз бала 10 қараша күні қаланың көпқабатты үйлерінің бірінде жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған ақпарат жеткізгенді.
Кездесуде 5-8-сыныптар оқушылары мен олардың ата-аналарына облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері дайындаған “Жалған лаңкестік – нақты жауапкершілік” деген фильм көрсетілді.
Кадрларда осындай қылмыстары үшін жазаға тартылған солтүстікқазақстандықтардың істеген істеріне өкініштері баяндалды. Фильмнен соңғы талқылауда ата-аналар балаларына жалған лаңкестік жөнінде хабарлардың зиянын, олардың үлкен материалдық шығындарға әкеліп соқтыратынын түсіндірудегі өздерінің жауапкершіліктерін сезінетіндерін айтты.
Жыл басынан бері жұртты дүрліктірген бес оқиға тіркелген. Оның екеуіне бір ер-азамат кінәлі болып шықты. Облыстық ішкі істер департаменті экстремизммен күрес жөніндегі бөлімнің бастығы, полиция майоры Қанат Әмриннің айтуынша, бес байбаламшының төртеуі 25-30 жас аралығындағы ер-азаматтар екен. Осы қылмысы үшін олардың үшеуі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-бабы бойынша екі жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Соған қоса, арнайы қызмет адамдарын дүрліктіргені үшін айыппұл төлеуге үкім шығарылды.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің инспекторы.