Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық ішкі істер департаментінің Қызылжар ауданындағы ішкі істер бөлімінің қызметкеріне қатысты қылмыстық істі тергеуде.
Сотқа дейінгі тергеу күдікті өзінің қылмыстық пиғылын орындау, яғни “В” санаты бойынша жалған жүргізуші куәлігін беру үшін тапсырыс берушіден талап етілген ақшалай қаражатты және барлық қажетті құжаттардың көшірмелерін делдал арқылы алғандығын анықтады.
Лауазымды тұлға азаматтардан жол жүру ережесі және авто, мотокөлік құралдарын жүргізу бойынша емтихан қабылдау мемлекеттік автоинспектордың міндетіне жататындығын біле тұра, қызметтік мүддесіне қарамастан, лауазымын асыра пайдаланды. Яғни, жол жүру ережесін білмейтін және көлік құралын басқаруда тәжірибесі жоқ тұлғаға “В” санаты бойынша көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігін берген. Осылайша заңмен қорғалатын қоғамның және мемлекеттің мүддесіне айтарлықтай зиян келтірді.
Үстіміздегі жылдың 13 шілдесінде күдікті ұсталды және Петропавл қаласының ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Сол күні Қызылжар ауданының прокуроры лауазымды тұлғаға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу амалдары жүргізілуде.
(Өз тілшіміз).