“Жалған лаңкестерге” қатысты қолданылатын жаза қатая түсті. Соның бір дәлелі – сәтсіз “әзілі” үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған А.Стужинге қатысты сот үкімі. Петропал қалалық прокуратурасының берген мәліметіне сүйенсек, ол ұялы телефоннан “112” нөмірін теріп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кезекші операторына темір жол вокзалына “бомба қойылғаны” жайлы хабарлаған. Тексеру шараларының барысында аталмыш факт расталмады. Ал А.Стужин заңсыз әрекеті үшін Петропавл қаласы сотының үкімімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айрылғанды.
Бұл жазаны жеңіл деп санаған прокуратура сотқа апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты облыстық соттың апелляциялық алқасы А.Стужинге қатысты сот үкімін өзгертіп, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Қылмыскер жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейді. Сондай-ақ, сотталушыдан жалған қоңырау бойынша жедел жеткен мемлекеттік төтенше қызметтің пайдасына 377 213 теңге өндірілді.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексіне сәйкес жалған лаңкестік хабарламасы үшін жаза қатаңдатылды. Енді мұндай бассыздыққа жол бергендер алты жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айрылатын болады.
(Өз тілшіміз).