«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН СӨЙЛЕГЕНІ ҮШІН СӨГІС АЛДЫ

Карантин шараларына байланысты әдеп кеңесінің кезектен тыс отырысы бейнебайланыс түрінде өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқысы – Есіл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшы Қайрат Имантаевқа қатысты тәртіптік іс.

Қызметтік тексеру барысында бөлім басшысы орындалған жұмыстар актісіне қол қою кезінде заң бұзушылыққа жол бергені белгілі болды. Бұл іс жол белгілерін орнатуға қатысты орын алды. Бөлім басшысы мердігер компанияның кепілдік хатына сеніп, актіге қол қояр алдында жұмыс орнына барып, тексеруді қажет санамаған. Және мемлекеттік сатып алуға қатысушы серіктестікті жауапсыз деп тану жөніндегі шараларды уақтылы қолға алмауы салдарынан сапасыз салынған жол қабылданып кеткен. Кеңес мүшелері Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес бөлім басшысының мемлекеттік қызметші ретінде алдымен адалдық және әділеттілік қағидаларын ұстанып, қоғам мүддесін ескеруі керектігіне баса назар аударды. Алайда, істің материалдарын қарау барысында бұл талаптардың бұзылғаны белгілі болды.

Жауапты тұлға жол белгілерінің ұрланғаны жөнінде құқық қорғау органдарына шағымданған. Кейін сөзін бірнеше мәрте өзгертіп, соңында ұрлық фактісі нақтыланбай, қылмыстық іс аяқталған. Яғни, мемлекеттік қызметші қылмыс орын алмағанын біле тұра жалған куәгерлік танытқаны үшін жауапқа тартылды. Кеңес мүшелері қызметтік міндетін атқару кезінде салғырттық танытқан бөлім басшысына қатаң сөгіс беру қажеттігі туралы шешім қабылдады.

Осыдан кейін жергілікті атқарушы органдардағы кадрлардың жиі ауысуына жүргізілген талдау нәтижелері жайлы айтылды. Облыста мемлекеттік қызметшілердің жиі ауысуына қарамастан, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жұмыстан шыққандар 0,4 пайызға азайған. Қорытындысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларына кадрлардың жиі ауысуының алдын алу бойынша ұсынымдар берілді.

 

Қайрат САДЫҚОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp