Әрбір істің анық-қанығына дәлелдердің, соның ішінде оқиға куәгерлерінің сөзі арқылы көз жеткізуге болады. Көп жағдайда айыпталушының тағдыры куәгердің сөзіне байланысты болғандықтан, оқиғаға қатысты бар білгенін әрі тек қана шындықты айту – әр адамның азаматтық борышы екенін ұмытпаған жөн.
Зардап шегуші немесе куәгер жеке пайдасы үшін, біреудің өтініші бойынша немесе басқа да себептермен сотқа жалған ақпарат беруі мүмкін. Бұл Қылмыстық кодекстің 420-бабы бойынша қылмыс болып саналады. Себебі, жалған куәгерлік жасаған адам тергеу барысын немесе сот отырысын теріс жолға бағыттап, соңы заң талаптарын бұзуға алып келеді. Жалған сөйлеген куәгер ғана емес, айыпталушыға жала жапқан зардап шегуші, қате қорытынды жасаған аудармашы, сарапшы, тағы басқа мамандар да жауапкершілікке тартылады.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық кодекске сәйкес сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар жөнінде немесе пайдакүнемдік мақсатта көрінеу жалған ақпарат бергендерге жаза күшейтілді. Бұдан қылмыстың бұл түрінің алдын алуға басымдық берілгенін аңғаруға болады. Себебі, ол әділеттілік жүйесін бұзып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық санасына да кері әсерін тигізеді.
Мәселен, былтырғы қараша айында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметкері жол апатына ұшырап, екі адамды қағып кетті. Бұл үшін ол түзеу жұмыстарына тартылып, 1 202 500 теңге төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар ай сайын ақшасының 10 пайызын зардап шегушілерге өтемақы төлеу қорына аударып отырады.
Жол-көлік оқиғасына қатысты зардап шегуші мен куәгер алғашында апат жаяу жүргіншілер жолында болғанын айтса, келесі отырыстарда өз сөздеріне өздері қарсы шығып, айыпталушыны ақтау үшін куәгерлік еткен. Бірінші инстанциядағы сот екеуінің сөзі басқа куәгерлердің сөзіне кереғар әрі оқиға орнын қарау және жол-көлік оқиғасының сызбасымен сәйкес келмейтінін анықтады. Заңға сәйкес зардап шегуші мен куәгер жалған куәлік еткені үшін жауапкершілікке тартылады. Бұл іске қатысты соттың жеке үкімі жақында Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасында тіркеліп, жалған куәгерлік танытқандарға қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық полиция департаментіне жіберілді.
Яғни, сотқа дейінгі тергеу барысында немесе қылмыстық істер жөніндегі сот отырыстарында қандай да бір куәгерлік танытатын адамдар тек шындықты айту, ең алдымен, өзінің азаматтық парызы екенін түсінуі керек. Өйткені, істің ақ-қарасын ажыратып, айыпталушының кінәсіз немесе кінәлі екенін анықтау, сот шығарған үкімнің заңға сәйкестігі мен негізділігі оның бір ауыз сөзіне байланысты болуы мүмкін. Ал жалған куәгерлік танытқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін есте сақтаған жөн.
Абылай ИГЕМБАЕВ,
Петропавл гарнизоны әскери прокурорының орынбасары.