WhatsApp мессенджерінде тараған хабарламада белгісіз біреу тұрғындарды пәтер есігін ешкімге, әсіресе полиция қызметкерлерімен бірге келген дәрігерлерге ашпауға шақырады. Хабарламада олар вирустық инфекцияға тест жүргізіп, нәтижесінде өлімге әкеп соқтыратын екпе егеді делінген.
Облыстық полиция департаменті бұл ақпараттың жалған екендігін ресми түрде жариялайды. Департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері дәрігерлермен бірге пәтерлерді араламайды, олар қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары тәулік бойы блокбекеттерде қызмет атқарып, инфекция ошақтарын күзетеді.
Бұл хабарламаны көршілес Ресей Федерациясы ішкі істер органдарының қызметкерлері де жоққа шығарды. Полицейлер халықты тек ресми дереккөздер мен бұқаралық ақпарат құралдарында расталған ақпаратқа сенуге және күмәнді хабарламалар жібермеуге шақырады. Жалған ақпарат таратқандар айыппұл төлеп, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер мұндай заңбұзушылық төтенше жағдай кезінде орын алса, онда үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.