Қызылжар аудандық соты өткен жылы “Серебряный бор” балалар сауықтыру лагерінде аспазшы болған Татьяна Лайдыкерге қатысты үкім шығарды. Ол санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны және жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Елімізді шулатқан бұл оқиға өткен жылдың маусым айында орын алған еді.
Сот барысында белгілі болғандай, Татьяна Лайдыкер “Серебряный бор” балалар сауықтыру лагерінің әкімшілігіне ұсынған медициналық кітапшасына жалған бактериологиялық зерттеу нәтижесін жаздырған. Осылайша аспазшы және қоймашы ретінде жұмысқа қабылданған ол бұрын дизентерия ауруымен ауырған екен. Соның кесірінен 10-12 шілде күндері сауықтыру лагеріндегі 103 адам тамақтан уланып, емханаға жеткізіледі. Олардың дені балалар болатын.
Сот кінәліні қоғамдық тамақтандыру саласында 3 жыл қызмет ету құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ, арнайы білімі болмаса да Татьяна Лайдыкерді жұмысқа қабылдаған облыстық білім басқармасының және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің атына жеке қаулы шығарылды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.