Облыс орталығында өткен «Гауһартас» республикалық ұлттық өнер фестивалінде өзіндік қолтаңбасы бар, көпшіліктің көңілінен шығып, жұртшылықтың жүрегінен орын алған өнерпаздар қызылжарлықтарға шеберліктерін көрсетіп, ерекше көңіл күй сыйлады. Солардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Шамғон Қажығалиев атындағы 1-республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Жалғасбек Бегендіков те болды. Белгілі дирижермен сұхбаттасудың сәті түсіп, екінің бірі бара бермейтін өнер төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Жалғасбек Әмірханұлы, оркестр мен дирижер – егіз ұғым. Себебі оркестрді басқару – тікелей дирижердің міндеті. Жан- жақты терең білімді, бойға біткен музыкалық дарынды, қажырлы еңбек пен үлкен төзімді қажет ететін дәл осы мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?
– Кез келген талапкер алдына таңдаған мамандығын меңгере аламын, шыңына жетемін деген мақсат қояды. Мен «ә» дегеннен дирижерлыққа бейімделдім. Себебі арнайы теориялық білімімді жетілдіріп, қойған талаптарды орындауға барымды салдым. Өз таңдаған мамандығыңның бағыт-бағдарымен ғұмыр кешсең, ортаңнан ерекшеленіп тұратын қолтаңбаңды қалыптастырасың.
Адам мұратына жету үшін оның алдында үлгі тұтар тұлғасы болады. Мысалы, жазушы болса, Сәбит Мұқановқа, ақын болса Мағжан Жұмабаевқа еліктейді. Сол сияқты менің алғашқы ұстазым – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шамғон Қажығалиев. Кейін Нұрғиса Тілендиевтен тәлім-тәрбие алдым. Сөйтіп, дирижерлық мектептен өттім. Қазіргі таңда аға болар жасқа жетіп қалдық. Реті келсе, фестиваль, конкурстарға қатысып, соңымыздан еріп келе жатқан ізбасарларымызға ізет көрсетіп жүрміз.
– Профессор Газиз Дугашев кезінде сізге қарата «Саған дирижерлік қабілетті табиғаттың өзі тарту еткен. Осы бағытты ұстап, жалықпай іздене беру керек», – деп пікір білдірген екен. Қаламгерлердің ізденісі кітап оқумен өлшенеді. Ал дирижердің ізденісі немен өлшенеді?
– Қай салада болмасын, еңбексіз ешқандай нәтиже шықпайды. Ізденіс – еңбек, шаршамау, мамандығыңды жете меңгеруден тұрады. Музыканы басқарып тұрған соң оның құпиялары мен заңдылықтарын білуің керек. Ішкі және сыртқы тәрбиені бойға сіңіріп, киелі сахнаның төрінде отырған оркестрді алып кеменің капитанындай шебер басқаруға міндеттісің.
– Сізді Нұрғиса Тілендиев жанына өзі шақырған екен. Бес жыл қасында жүрдіңіз. Музыка әлемінің марғасқасы жайлы не айтар едіңіз?
– Әлі есімде, 1975 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 50 жылдық мерейтойына байланысты Құрманғазы оркестрі бірнеше мәрте концерт берді. Ағамызды алғаш рет сол кезде көрдім. Оның оркестрді үйіріп алып кетуі мені таңғалдырды. 1980 жылдары «Отырар сазы» оркестрі құрылып, сол жылдары оркестрге жетекші болып Нұрғиса Тілендиев келді. Ол кезде оркестрлардан Құрманғазы атындағы және «Отырар сазы» ғана болды. Сосын ба екен, кейде көпшілік оларды бір ұжым деп ойлайтын. Мен екеуіне де дирижерлік жасап, көмектесетінмін. Сонда Нұрғиса ағаның көзі түсіп, өзіне жұмысқа шақырды. 1990 жылдардың ішінде ол кісімен бес жылдай қызметтес болдым. Нұрағаңның оркестрмен жұмыс істеу тәсілі керемет еді. Музыканы оркестрге лайықтап жаза білу, аспаптандыру, аранжировка, шығармаға трактовка жасау дегенді өте шебер меңгерген ол кісі кез келген шығарманы ажарландырып жіберетін. Осы бес жыл мен үшін үлкен мектеп болды. 1998 жылы 15-қазанда Нұраға дүниеден өтті. Мәдениет министрлігінің бұйрығымен мен «Отырар сазы» оркестріне көркемдік жетекшілікке және бас дирижерлікке тағайындалдым. Нұрғиса Тілендиев ұйымдастырған ұжымда – «Отырар сазы» оркестрінде жеті жыл қызмет еттім. Үлкен тұлғадан кейін оркестр басқару оңай емес. Бірақ жемісті еңбек атқардым деп ойлаймын.
– Бір дереккөздерде бала Жалғасбектің суретке деген қызығушылығын музыкаға құштарлығы жеңгенін оқыдым. Сурет салатын өнеріңіз де бар ма?
– Мектепте оқып жүргенімде суретті жақсы салдым. Бейнелеу өнеріне бейім болдым. Ол уақытта нота үйреніп, оркестрде домбырада, балалайкада, үрмелі аспаптарда ойнасам да, сурет салудан бас тартқан жоқпын. Сегізжылдықты тамамдаған соң суретші мамандығына барамын деп ниеттеніп жүрген едім. Жеме-жемге келгенде Шымкенттегі музыкалық училищеге түстім.
Күйшілік арғы аталарымнан келді десем, еш қателеспеймін. Аталарым дарабоз күйшілер Өскенбай, Мұраттармен қатар жүріп, күй тартысса, нағашы атам қобызшы әрі атағы елге мәлім қолөнер шебері болған. Ата-бабамның шежіресін жалғастырып, мен де күйшілік жолға түстім.
– Кәсіби маман мен әуесқой өнерпазды ажырата алмайтын деңгейге жеттік. Кінә эстетикалық тәрбиесі төмен қоғамнан ба, әлде қабілетін шыңдамайтын өнер адамдарының өзінен бе?
– Мен бұл оймен келісе алмаймын. Жоғары білімге ие, тәжірибесі бар кәсіби музыкант өз саласында шеберлігін көрсетіп, шығармашылық еңбекпен де айналыса алады. Кәсіби емес, әуесқой өнерпаздың ар жағында тума таланты болуы мүмкін. Дегенмен оқымағаны айға таңба басқандай көрінеді.
Кәсіби музыканттың да тұла бойында Алла берген музыкалық қабілеті болмаса, ортаңқол маман болып қала береді. Әуесқой өнерпаздардың арасынан ізденісімен, білмегенін үйренуімен көзге түсіп, өнер биігінен көрініп жүргендері баршылық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей көптің бірге қарап, шығарған тұжырымы да болуы ықтимал. Дейтұрғанмен де, оқыған мен оқымағанның арасы жер мен көктей. Диплом алған музыканттардың кәсібилігі көрініп тұрады.
– 25 жылдық мерейтойын тойлаған Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі әуелде «Есіл» фольклорлық ансамблі болып құрылды. Кейін Сегіз сері бабамыздың есімі берілді. Кейбір білгіштер жер-су аттарын оркестрге қоюға болмайтынын айтады. Бұның себебі неде?
– Мен бұл мәселеде бір жақты пікір айтудан аулақпын. Оркестрге жер-су атауы қойыла ма, кісі есімі беріле ме, ол – ұжымды құрушының өз қалауы. Мысалы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі жұмыс істеп тұр. Отырар – ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Қазақстанның орта ғасырларынан сыр шертеді. Жамбыл облысында «Алатау» кәсіби фольклорлық-эстрадалық ән-би ансамблі бар.
Оркестр болсын, көше болсын атаулары заманға сай ауысып, өзгереді. Атау берерде бір- біріне қарама-қайшы ойлар айтатыны заңдылық. Сондай жағдайда айтыла салған сылтау болуы мүмкін.
– Өнер майталмандары Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Кенжебек Күмісбеков секілді ұстаздардан тәлім-тәрбие алған Жалғасбек Бегендіковтың шәкірттері бар ма?
– Әрине, шәкірттерім бар. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда сабақ беріп жүргеніме қырық жеті жыл болды. Республиканың түкпір- түкпірінде қызмет етіп жүрген шәкірттерім бар. «Гауһартас» III республикалық ұлттық өнер фестивалінде өнер көрсеткен Әли Алпысбаев та – менің шәкіртім. Аллаға шүкір әр шәкіртім өз қарым-қабілеті жеткенше музыканың дамуына өз үлесін қосып келеді. Негізі, ұстаз шәкіртімен емес, шәкірт ұстазымен мақтануға тиіс.
– Жалғасбек Бегендіков дирижер болмағанда қай саладан көрінер еді?
– Суретшілік қабілетімнің болғанын өзің де әңгіме арасында айттың. Архитектор болуға да мүмкіндігім болды. Кино, театр саласында бір жақсы режиссер бола алар едім.
Көркем әдебиеттен де құралақан емеспін. Әсіресе журналистика саласына бейім болдым.
– Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрімен өнер көрсетіңіз. Ұжымның кәсібилігі жайлы не дейсіз?
– Кез келген оркестрдің шама-шарқы дайындық барысында көрінетіні бесенеден белгілі. Облыстағы оркестрлердің шеберлігі бір деңгейде. Бұл музыкалық ұжымның болашағы бар. Дирижер Қайырлы Ғафуровтың біліктілігіне көңілім толды. Оркестрмен тез тіл табысып, ортақ жұмысымыздан оң нәтиже шығардық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.