«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒА АЛҒАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ҰМЫТПАСА

Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті қырқыншы сессиясы өтті. Онда он үш мәселе қаралып, халық қалаулылары өңірімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңінен талқылады.

Аталған мәселе жөнінде облыстық экономика және білім басқармаларының басшылары Арсен Қазбеков пен Гүлмира Кәрімова баяндама жасады. Ал олардың өткен жылы атқарған жұмысына бағаларын берген мәслихат депутаттары кемшіліктерді де атамай өткен жоқ.
Халық қалаулысы Райхан Әбдірахманованың айтуынша, депутаттар өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сенімді басқаруға берілген 17 білім беру нысанын аралап, жай-күйімен танысыпты. Әсіресе, мектеп асханаларына көп көңіл бөлген. Петропавл қаласындағы 29 білім беру ұйымының асханасын сенімді басқаруға беру арқылы 91,8 млн.теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер 20 млн. теңгенің құрылғыларын сатып алыпты. Осылайша, мектеп салынғалы жөндеу көрмеген асханалар жаңарып, оқушылар үшін жайлы бола бастаған.
Десек те, мектеп асханаларын сенімді басқаруға алып, айтқан уәдесін сол күйі ұмытқан кәсіпкерлер де баршылық. Мәселен, облыс орталығындағы №7, 17, 20, 23 орта мектептердегі асханаларды жаңартамыз деген “Паскаль”, “Дукетбаев”, “Клишин” жеке кәсіпкерлері пайда табумен ғана шектелген. Осы орайда мүдделі тараптар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімдеріне мониторинг жүргізіп, қадағалау қажеттігі айтылды.
– Петропавл қаласындағы үш балабақшаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сенімді басқаруға берудің соңы қалай аяқталғаны бәрімізге белгілі. Сол себепті, бұл жұмысты тиянақты жүзеге асыру керек. Өңірімізде қаржыны қажет ететін әлеуметтік нысандар жетерлік. Соларды сенімді басқаруға бере отыра бюджетке түсер салмақты азайтуымыз керек, – деді Райхан Әбдірахманова.
Сессия барысында халық қалаулылары жерлесіміз, генерал-майор Ерлік Тайжанов пен денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қызметкері Анатолий Белоногқа “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру жайлы ұсынысты бірауыздан қолдады. Отырыста амбулаториялық ем қабылдап жатқан адамдардың жекелеген санаттарына тегін дәрі беру жөніндегі шешімді де көпшілік дауыспен мақұлдады.

 

Зәуреш АХМЕТОВА,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы. 

Сурет https://pkzsk.info/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp