Жүрегі “ұлтым” деп соққан әр-бір қазақ үшін аса қадірлі, ғасырға жуық тарихы бар – “Soltustik Qazaqstan” газетін мен де асыл құндылықтардың жоқтаушысы, ана тілінің, ауыл жұртының, ұлттық тәрбиенің жанашыры деп білемін. Сондықтан қолыма қалам алып, көңілімді алаңдатқан мәселені жазуды жөн көріп отырмын.
Айтайын дегенім, ауыл тұрғындарының арасында “алма піс, аузыма түс” деген пиғылдан арыла алмай отырғандардың әлі де аз емес екендігіне қынжыламын. Мен ұзақ жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Тимирязев ауданындағы шалғай ауылдардың бірінде дүкенім бар. Елді мекен тұрғындарының көпшілігі жұмыссыз, соған қарамастан сауда орнына дүкенші таба алмай отырмын. Жап-жас қыз-келіншектердің жұмыс істеуге ниет танытпайтыны мені таңғалдырады. Тіпті, бүгінгі күні сиыр сауып, бау-бақша күтіп-баптайтындардың да қатары сиреген. Күнұзақ түріктің сериалдарын тамашалап, алтын уақытты босқа өткізіп жатқандардың көбінің тұрмысымыз нашар, жұмыс жоқ деп еңірегенде етектері жасқа толады. “Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын”, – деп хакім Абай айтқандай желкесі жар бермейтін қыз-келіншектердің көбейгені жақсылық емес-ау.
Айжан ЕРКІНҚЫЗЫ, Тимирязев ауданының тұрғыны.