Екі қолға бір күрек табу еріншек адамға ғана мүмкін емес. Ал таң ағарғаннан кеш батқанша тыным таппайтын еңбекқорлар үшін жұмыс әр уақытта да табылады. Бастысы ынта болсын. Бұлай дейтініміз, ауылды жерлерде жұмыс бар болсадағы, еріншектікке, енжарлыққа басып, шыбық басын сындырмайтындар әлі де кездеседі. Ал өңіріміздегі бірқатар ауылдардың шырайын келтіріп отырған агроқұрылым басшылары түйткілді мәселе ретінде жұмыс күшінің тапшылығын атайды. Өңір тұрғындарының 56,9 пайызы тұратын ауылдарда жұмыс істейтін кісі жоқ деу “ауылда жұмыс жоқ” дегенге үйреніп қалған құлаққа тосын естілері анық. Бірақ, бұл – шындық. Бір жылдары осы мәселені Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Нежинка-Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мұрат Жұмабеков ашына айтқан еді.
Өзге де агроқұрылым басшыларының айтуынша, ауылда жұмыс күші болғанымен, артылған міндетті адал атқаратындар саусақпен санарлық көрінеді.
– Бүгінгі таңда менің шаруа қожалығымда тұрақты түрде 10 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы зейнет жасына жақындап қалды. Ертең олар демалысқа шығатын болса, орындарына кісі табу қиын. Күндердің күнінде ісіне жауапты жақсы бір механизатор табылса, шақырайын деген ниетпен бір үй сатып алып, әктеп, сырлап, жөндеу жұмыстарын жасап қойдым. Ауылда жұмыс істейтін кісілер болғанымен, жауапкершілік жоқ. Тепсе темір үзетін жігіттер жұмыс істеп, отбасын асыраудың орнына ішімдікке салынып, “Жұмыс жоқ” деп қара аспанды бастарына төндіргеннен басқа еш нәрсе бітірмейді. Қазір ауылдың кісілері малды кезектесіп бағады. Соны бір кісі бағып, мал басына ақша алып отырса, соның өзі табыс көзі емес пе? – дейді Шал ақын ауданындағы “Ыбыраев” шаруа қожалығының басшысы Талғат Теменов.
Бүгінде 1000 гектарға егін сеуіп, 50 бас қара мал, 20 жылқы, 200 бас қой өсіріп отырған Талғат Қабиұлы: “Тек еріншектер ғана ауылда жұмыс жоқ деп айтады. Жұмыс істегің келмесе, өз малыңды өсіріп, бау-бақшаңды күт”, – дейді. Алайда, кейбір ауылдастарының қорасында жалғыз лағы да жоқ екенін айтады. Бұған не себеп?
Өткен 25 жылдың ішінде масылдық сана қалыптасып үлгерген. Оны жою үшін әлі біраз уақыт керек шығар. Бірақ, замана ағымы, нарық сұранысы бізді күтіп тұрмасы анық. Сол себепті, агроқұрылым басшылары ауылдағы жастарды өздеріне ауадай қажет агроном, мал дәрігері, мал ұрықтандырушы мамандықтарына оқытуға әзір. Бірақ оған да ынта танытып жатқандар шамалы. Жастардың дені ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқығысы келмейді. Қалалы жерлерге көз тігіп отырған жастар егістік алқап пен малдың ортасында жүруге намыстанады. Таптырмас маман болғаннан гөрі күзетші болғанды артық көретіндей. Ал бұл нарыққа қажетті кадрлардың тапшылығын тудыруда. Осылай сұранысқа ие мамандықты игермегендер жұмыссыздардың қатарын көбейтуде.
Егер статистикаға жүгінер болсақ, бүгінгі таңда өңірімізде жұмыссыздар саны 16000-нан асады. Үстіміздегі жылғы І тоқсанда жұмыссыз ерлердің үлесі – 50,4%-ды, әйелдердің үлесі – 49,6%-ды құрады. Ал жұмыссыз жастардың (15-28 жастағы) үлесі 13,6% немесе 2,2 мың адамды құраған.
Бүгінгі таңда өңірімізге қажетті кәсіпті игерген кадр тапшылығы жылдан-жылға сезілуде. Егер осы күнге дейін бұл мәселе балақтан ғана тартып келсе, алдағы уақытта алқымнан алар түрі бар.
– Өңіріміздің демографиясына тоқталсақ, бүгінде облысымызда 571 мың адам тұрады. Оның 17 пайызы – зейнеткерлер. Жылдан-жылға жастардың үлесі азаюда. Бүгінгі таңда бізге 1990 жылдардағы белсенді көші-қонның салқыны сезілуде. Осының салдарынан 2017 жылдан бастап біз жұмыс күшіне тіптен зәру боламыз. Мұның алдын алу үшін бізге жұмыс күші, жаңа өндіріс орындары керек, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев.
Өңірімізден көшіп кеткендер саны келгендерден көп. Кетіп жатқандардың дені – жастар. Бүгінгі таңда жастарымыз өзге өңірлер мен алыс-жақын шетелдерге аттанады. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында облысымыздан көшіп кеткендердің 48,9 пайызы 18-31 жас аралығындағылар екен.
Мемлекет жұмыссыз ретінде есепте тұрғандарды “Жұмыспен қамту – 2020”, “Өңірлерді дамыту – 2020”, “Өрлеу” сияқты бағдарламалар арқылы оқытып, қайта даярлап, маман тапшылығын азайтуға тырысуда. Бірақ, бұл да теңізге тамған тамшыдай ғана. Өңірімізде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы аясында тағы да 600-дей адамды оқытып, жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екен. Құзырлы органдар “Жұмыс істеймін деген ниет болса, оқытамыз, қайта даярлаймыз, жұмыспен қамтып, баспана береміз” деп отыр. Жұмыссыздарды уақытша еңбекпен қамтымай қажетті кәсіпті оқытып, сұранысқа ие кадр даярламақ.
Өз жастарымыз тұрақтамаса, басқа қандай амал бар? Осы орайда еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасы зор маңызға ие. 2014-2015 жылдары “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” бағдарламасына 1050 орындық мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп, олар 7 жоғары оқу орнына 19 қажетті мамандықтар бойынша берілген екен. Ал алдағы 2015-2016 жылдары бағдарламаға 19 жоғары оқу орны қатысады деген болжам бар. Барлығы 5000 білім беру гранты 9 облысқа 52 мамандық бойынша бөлініп отыр, оның ішінде 1500 грант – “Білім” бағыты, 3000 грант – “Техникалық ғылымдар”, 300 грант – “Ауылшаруашылық ғылымдары”, 200 грант – “Ветеринария”. Біздің өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнына 17 мамандық бойынша 300 білім гранты бөлінген.
Дана халқымыз “Кедейлік кетсін десең, еңбек ет. Молшылық жетсін десең, еңбек ет” деген. Осы орайда адамның бойында болуы тиіс еңбексүйгіштікті мемлекет қандай бағдарлама жасаса да, қалыптастыра алмайды. Еңбекқорлар ащы терінің арқасында бұйырған ырысын алады, ал еріншектер “ашпыз, жалаңашпыз” деп байбалам салады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.