Жыл басынан бері облыста 731 өрт шықты, одан келген материалдық залал 113 миллион теңгені құрайды. Оттан 51 адам қаза тапты, соның ішінде 6-уы – бала. Сондай-ақ, өрттен зардап шеккендердің 37-сі әртүрлі дене жарақаттарын алды. Соңғы бір аптаның ішінде өңірде 12 өрт оқиғасы тіркелді.
Өткен аптадағы өрттің барлығы тұрғын үйлерде және олардың ауласында шықты. Үстіміздегі жылдың өткен 11 айындағы жағдайға жүргізілген талдау көрсеткеніндей, барлық өрттің 70 пайыздан астамы тұрғын үй секторында орын алды. Өрт шығуының неғұрлым жиі қайталанатын себептері тұрғындардың отқа абайсыздықпен қарауы және жылу ошақтарын орнатқан кездегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы болып жүр.
Есіл ауданындағы Ивано-Петровка ауылында шыққан от тұрғын үйді түгел күйдіріп жіберді, онда 49 жастағы әйел адам қаза тапты. Ол осы үйде қонып қалған көршілері екен. Түнде түтінге тұншығып оянған үй иелері бас сауғалап далаға қашқанда қонып жатқан көршілерін ұмытып кетіпті. Кейін жүргізілген зерттеу барысында өрттің қызған пештен шыққаны анықталды.
Жалпы қазіргі қыс айларында көптеген өртке үйдегі пештің ақаулығы себеп болуда. Осы аудандағы Николаевка ауылында пештен шыққан өрт ерлі-зайыптыларды мерт қылды. Тегі, оның мұржаға шығар жері дұрыс қаланбаса керек, төбе тақтайы жанып, от лезде бүкіл үйге тараған. Ал мұндай мысалдар қалада да, ауылдарда да жетерлік. Тіпті, пештің қабырғасына отын кептіріп, от шығарып алғандар да бар. Сондықтан отқа өте сақ болып, әсіресе, жылыту көздерінен өрт шықпасы үшін олардың қауіпсіздік жағдайын жиі бақылап отырыңыздар.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
баспасөз қызметкері.