Қазіргі тойдан көбіне дем алып емес, шаршап, даңғаза әуендерді естіп қайтатын болдық. Осы тақырып көпшіліктің ойын қозғап, пікір таластыратын деңгейге жеткені анық. Айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен, ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс әлі баяу. Бұл мәселені газетімізде осы жылдың 11 қазанында жарияланған («Тойдың да естісі бар, есері бар»«Soltústik Qazaqstan» 11 қазан 2018 жыл) мақалада көтерген болатынбыз.
Той өткізудің мәдениетін ұлттық ұлағаттарымызға, озық салт-дәстүрлерімізге сай биіктетудің амалы қандай? Тойдағы толып жатқан келеңсіздіктердің алдын алып, олқылықтарды түзетуге, ысырапшылықтан арылып, талғампаздық пен тағылымды арттыруға қатысты бірқатар оқырманымыздың пікірін сұрап білген едік.
Әлия МАЛДЫБАЕВА, ардагер ұстаз:
– Тойдың думанды, көңілді өтуіне кешігудің кедергісі көп. Сыйлы дастарқанға отырудың уақытының мезгілінен бірнеше сағатқа созылып кетуі әдетке айналды. Кешкі жетіге шақырса, тоғызға таман әрең жиналамыз. Сонымен кешігіп басталған той алдымен келген бірен-саран тәртіпті қонақтарды да, той иелерін де шаршататыны ақиқат. Кеш басталған тойдың алғашқы дастарқанының өзінен тұрғанша түннің бел ортасы болады. Мезгіл ұзап өткен сайын адамның тағамға да, ойын-сауыққа да зауқы соқпайды. Уақытында келмегеннен, уақытты бағаламағандықтан осылай текке шаршаймыз. Тойға шақыру алдын ала хабарланатыны белгілі. Баратын болғасын неге кешігеміз? Уақытында барсақ, үй иесі де риза. Ерте басталса, ерте аяқталады емес пе?!
Тойға келген халық демалып, жарасымды әзіл, тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Даңғазалықты, дүние шашуды, ішімдік ішуді әдетке айналдырған тойларды көргеніңде, кейде оның болғанынан болмағаны жақсы ма дейсің.
Тойда айтылатын көңілге қонымсыз сөздер, ұзын сонар жаттанды тілектер кімді болмасын ығыр етері сөзсіз. Бұл ретте асабаларға қойылар талапты күшейте түсу қажет. Әр тойдың өзіндік азды-көпті ерекшелігі бар. Сондықтан асаба кешегі тойда айтқанын айна-қатесіз келесі тойда көпшілікке ұсынса, береке таппайды. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, асабаның абыройы артпасы анық. Тіпті, асаба тойға дейін той иелерімен жүздесіппікірлесу барысында той қонақтарының негізін кімдер құрайды, соны біліп алып, той сценарийін қонақтар сүйсініп қабылдайтындай деңгейде құруы шарт. Асабаның өзі ұлағатты әңгіме айтып, тәрбиелік мәні зор әндерді әуелетсе, көңіл сусындап, құлақ құрышы қанар еді.
Әлдебір ұлттарға еліктеп, қазаққа жараспайтын рәсімдерді тықпалау, мәселен, шырақтармен қоршалған торт асату, дарақылыққа салынып, құны болмаса да қалтаға салмақ салатын сый-сияпаттар, кит-шапандарды үлестіру сияқты мал шашудан бас тартатын кез жетті.
Қасымхан ИСАЕВ, 20-шы шағынаудандағы мешіттің бас имамы:
– Ислам діні адамның дүниелік һәм ақыреттік мүдделерін толық қорғайды. Оның ішінде отау құрып, шаңырақ көтеру мақсатында жасалатын той өткізуге қатысты да біршама ережелер бар. Солардың бірі – ысырапшылдыққа жол бермеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадис шәрифінде былай дейді: “Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр”. Сондықтан ысырапшылдық дінімізде құптарлық іс емес. Өкінішке қарай, сол тойда дастарқаны жайнап тұрған тамақтардың жартысы желінбей, ысырап болып жатады. Жалпы, бәсеке үшін, дақпырт үшін тамақ түрлерін көбейтіп, ысырапқа жол беру өркениетке де, мәдениетке де, қасиетті Құран талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге де қайшы екенін ұғынып, қорытынды шығарған жөн.
Қыздар кигенін мақтан көрсе, күйеу жігіт той көлігінің ең қымбатын жалға алуға тырысады. Ата-ана болса барлық меймандардың – құдалар мен туған-туыстың, көрші-қолаңның алдында бір мақтанып, марқайып қалсам деген ой жетегінде астамшылдыққа жол беріп жатады. Ал бұл дегеніміз – Алла тағала берген несібе мен байлықты көрсету және мақтану. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік”, – деген екен.
Тойда ішімдік ішуге тыйым салу керек. Дініміз арақ-шарап ішуді күнә санайды. Алла тағала Қасиетті кітабы Құранда: “Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасау – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар!” (Мәида сүресі, 90-аят) делінген. Арақ ішкен адамның түрлі ерсі істерге барып жатқанын да көзіміз көріп жүр. Ал сол харам ішімдікке бой алдырып, Алладан екі жасқа бақыт тілеу дінімізге де, салтымызға да, ақыл-санамызға да қарама-қайшы. Осы мәселені ақсақалдарымыз бен ақжаулықты әжелеріміз жастарға насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Некені де той күні емес, қыз ұзатылған сәтте қию керектігін ескерген ләзім.
Марат ГАЙНУЛИН, асаба:
– Той, мереке атаулының сәнін де, әнін де келтіруі тиіс бірден-бір адам асаба екенін білемін. Сол себепті, бұл міндеттің жауапкершілігін жақсы түсінемін. Бір күнгі мейрамды мың күн естен кетпес қуанышқа айналдыру оңай іс емес. Себебі, тойға жиылған жұрттың көңілінен толықтай шығу өте қиын. Бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы – парыз. Сол себепті, өз басым тойдың жоғары деңгейде өтуі үшін бағдарламаларды жаңарту, өнерді ұлттық құндылықтармен ұштастыру ісіне көп көңіл бөлемін.
Той мәдениетін қалыптастыру мәселесіне тоқталар болсам, қандай той болмасын, ол белгіленген уақытта, кешіктірілмей басталуы керек. Тойдың кешігіп басталуы әбден үйреншікті жағдайға айналып кеткені жасырын емес. Бұл той иелерін сыйламаудың, жалпы ішкі мәдениеттің төмендігінің айқын көрінісі. Барлық тойларды көрсетілген уақытта бастау қажет. Осыған қол жеткізсек, той иелері де, жастар да, қонақтар да, тойхана қызметкерлері де шаршап-шалдықпайды. Мүмкіндігінше кейбір тойларды, әсіресе, тұсаукесер, сүндет тойларды күндіз өткізген жөн.
Үйлену тойларының алдындағы қыдырысты да түбегейлі өзгерту қажет. Оны ұлттық салт-дәстүрге сәйкестендіріп, қасиетті орындарға тәу ету, тағзым жасау, гүл қою, тағы басқа да рәсімдерге арнау қажет деп есептеймін. Ішімдік ішу, жол ережесін бұзу сияқты жат әрекеттер мен әдеттерге жол бергендер жазалануы керек.