Жақында құрбым екеуміз қаладан 70 шақырымдай жерде берілген батаға бардық. Жиналғандардың ішінде ең жасы біз екенбіз. Ой, өмір-ай, біздің де жасымыз жетіп қалған екен-ау, әдетте мұндай жерге тек үлкен кісілер ғана жиналушы еді ғой.
Кісі көп жиналыпты. Басыма орамал тақпай шыққанымды айнаға қарағанда түсіндім. Қатты ыңғайсыздандым. Бірақ бас киімдерін киіп отырған әйелдерді көрген соң, “уф” деп мен де киіп алдым. Ер адамдар бөлек, әйелдер басқа үстелге отырғызылды. Біз отырған дастарқан басында 12 адам екен. Ешқайсысын танымаймыз. Бір-бірін танитындар соңғы жаңалықтарын айтып жатыр. Әйелдер таныса келе әңгімені бұрқыратты.
Молда Құран оқып болған соң, жұрт тамаққа кірісті. Шелпек таратылып бола, ет те келді. Оны тураудан бәрі қашты. Қалжыңдап “сен үлкенсің, сен тура”, деп шулап жатыр, біреулері қолындағы жарасын көрсетіп тураудан қашты. Сонымен не керек, бұл шаруа Күнсұлу тәтеге жүктелді. Ол кісі асықпай пышағын сүртіп, етті турауға кірісті. Отырған адамдарға бір-бір тілімнен турап алдарына тастады да, қалғанын бөліп алды. Ет жегім кеп бара жатқан жоқ, бірақ маған онысы ерсі болып көрінді.
Келіндер шай әкеліп құйып жүр. 2-3 кеседен шай ішіп болған соң пакеттер сылдырлай бастады. Әйелдер табақтағы тәттілерді бір-біріне қарай лақтыра бастады. Өздері мәз. Сосын кезек алма, банандарға келді. Бананнан кейін бөліске бауырсақ түсті. Ұзын сөздің қысқасы, үстелде үш жерде тұрған майдан басқа дым қалмады ғой. Ұят-ай!
Бұл көрініс маған ерсі боп көрінгенімен, осы бір жаман әдетті ақтағысы келетіндер де табылып жататыны өкінішті. Бұл жексұрын көрініс індет сияқты халқымыздың арасында тез тарап, салт болып бара жатқандай. Бір жерден қонақтан қайтсаң, үйдегі бала-шағаң дастарқаннан не ала келер екен деп күтіп отыратындар пайда бола бастағандай. Қазірден еті үйреніп өскен жас буынға бұл сіңісті болып, әке-шешелеріміз де осылай істеген деп жалғастырып кетпес пе екен деп қорқамыз.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.