«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАМАН ӘДЕТ ОРҒА ЖЫҒАДЫ

Маскүнемдік – арақ-шарапты ұдайы ішіп жүру және оған психикалық және физикалық тәуелділіктің артуы нәтижесінде пайда болатын дерт. Арақ-шарапты ішуді әдетке айналдырғандардың ағзасы да арақ-шарапқа бірте-бірте тәуелді бола бастайды. Болашақ маскүнемнің арақ-шарапқа деген психикалық тәуелділігі қалыптасады. Бұдан кейін маскүнемдер арақ-шарап ішпесе мазасыз күй кешетін болады. Егер де дер кезінде арақ-шарап ішуін қоймаса, одан әрі ол адамда физикалық тәуелділік қалыптасады. Осындай адамның ағзасы арақ-шарапқа әбден үйреніп қалғандықтан, ішпесе жүре алмайтын күйге жетеді.

Маскүнемдіктің негізгі үш кезеңі бар:

1. Арақ-шарапты аз мөлшерде ішу. Бұл кезеңде адам ағзасында, мінез-құлқында, жұмыс істеу қабілетінде айтарлықтай өзгерістер біліне қоймайды. Дегенмен, онда арақ-шарап ішуге деген тәуелділік қалыптаса бастайды.

2. Маскүнемдік сатысы. Бұл кезде адам кұмарлана және бұрынғысына қарағанда жиі әрі көп мөлшерде ішетін болады. Адам ағзасы тікелей не жанама әсерінен түрлі ауру-сырқауларға шалдыға бастайды. Жұмыс істеу қабілеті нашарлайды.

3. Созылмалы маскүнемдік сатысы. Бұл кезеңде арақ-шарап ішуге толықтай тәуелді болады. Осы сатыда адамды тек емдеу арқылы ғана қатарға қосу мүмкін. Мұндай адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетеді, түрлі аурулардан көз ашпайтын болады. Отбасы, ағайын-туыстары, достары арасында абыройдан жұрдай болады. Маскүнем барлық нәрседен күдер үзіп, салғырттық пен салақтыққа бой алдырады. Бір өкініштісі, қазіргі кезде біздің елімізде әлеуметтік-тұрмыстық күйзелістер кесірінен маскүнемдікке салынған адамдардың қатары жетерлік. Әсіресе, ауылдық елді мекендер мен ірі қалалардың шеткі аудандарында тұратын қандастарымыз арасында маскүнемдікке бой алдырғандар жиі кездеседі. Жұмыссыздық кесірінен маскүнемдердің көбеюі – бүкіл дүниежүзі елдеріне тән құбылыс. Сондықтан маскүнемділікке қарсы пәрменді күрес жүргізу үшін жұмыссыздықты жою немесе барынша азайту қажет.

Маскүнемді емдеп-сауықтыру – қиынның қиыны. Себебі, маскүнем өзінің ауру екендігін мойында-майды. Ал олардың келесі бір тобы – денсаулығынан, отбасынан, мамандығынан үміт үзгендіктен, өмірден біржолата түңілген жандар. Олардың емделгісі келмейді. Өйткені, өмірін қайта жолға салатынына сенбейді.

Маскүнемнің ішуді қойдым деген күннің өзінде, уәдесінен айнып, сертінен танып кетуі жиі кездеседі. Осы себептерді ескерсек, кез келген маскүнемнің түзелуінің, қайтадан адам қатарына қосылуының ең басты сатысы өзінің ауру екендігін мойындаудан басталады. Маскүнемдікті емдеуде психотерапия кеңінен қолданылатын тәсіл екендігін атап өткен жөн. Негізінде маскүнемдікті емдеу-сауықтыру физикалық, психологиялық және қоғамдық сипатта жүзеге асады. Көбінесе дәрі-дәрмекпен емдеу психотерапиямен қоса жүргізіледі.

Бұл әдісте маскүнемдерді жеке немесе топпен емдейді. Негізгі мақсат – маскүнемнің арақ-шарапсыз өмір сүре алатындығына көзін жеткізу әрі оны арақ-шарапқа деген құмарлықтан құтқару.

Америкалық психиатр-дәрігер Воектлин ауруға арақ-шарап ішер алдында құстыратын дәрі егіп, жиіркендіру әдісін қолданған. Бүгінде Еуропа елдерінің көпшілігінде осы әдіс немесе осыған ұқсас әдістер қолданылып келеді.

Дәрігерлер маскүнемдікке адам ағзасында кейбір дәрумендердің жетіспеушілігі себеп болады деп есептейді. Сондықтан емдеу барысында маскүнемге арнайы күшті дәрумендер береді. Сол сияқты, маскүнемдікті “Тетурам” дәрісімен емдейді.

Аталмыш әдістермен маскүнемдікті емдеп шығуға болатынына ешкім кепілдік бермейді. Ол үшін, біріншіден, маскүнемнің арақ-шарапты қоямын деген шын ниеті, күш-жігері мен табандылығы қажет. Барлығы да ниетке байланысты.

Раушан БАЙМАҒАМБЕТОВА,

дәрігер-нарколог.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp