Биыл 5 сәуірде Тараз қаласынан Петропавлға келген “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының 50 шақты әскери қызметшісі бүгін Жамбыл облысындағы өздері қызмет ететін әскери бөлімдеріне аттанды. Осы уақыт аралығында Қазақстан Қарулы Күштерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілері Петропавлдың «Жас өркен», Былғары зауыты, Жұмысшы кенті сияқты аудандары мен көпқабатты тұрғын үйлерінің подъездерін, балалар және спорт алаңдарын, сондай-ақ Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентін COVID-19 індетіне қарсы зарарсыздандырды.
Оларды шығарып салған облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Талғат Әліқұлов олардың ерен еңбегі үшін алғыс білдіріп, сәт сапар тіледі.
«Сіздердің біздің өңірге көмекке келгендеріңіз тұрғындар үшін психологиялық тұрғыдан да қолдау болды. Солтүстікқазақстандықтар керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген Қарулы Күштердің өкілдерін көріп, өздерінің қорғалғанына көздері жете түсті. Біз, атқарушы билік өкілдері, тұрғындар тарапынан сіздер туралы жақсы пікірлер ғана естідік. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қорғаныс министріне сіздердің жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіріп, ерекше еңбегімен көзге түскен әскерилерді ынталандыру туралы ұсыныс жасады», – деді Антон Владимирович.
Ендігі кезекте облыстық әкімдіктің шешімімен облыс бойынша арнаулы жиынға шақырылған 40-қа жуық әскери міндетті жерлестеріміз жамбылдықтардың жұмысын жалғастырып, Петропавл қаласының карантинге оқшауланған нысандары мен барлық көшелерді зарарсыздандырумен айналысады.
Айман ӘБЖАППАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызмет бастығы.