
Петропавл қазақ гимназиясында волейболдан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, жерлесіміз Нұржан Қалиасқаровты еске алу турнирі өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен ел Тәуелсіздігі мерекелеріне арналған спорттық шараны “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық бірлестігі, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоры, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Мемлекеттік Гимн ойналғаннан кейін Желтоқсан құрбандары үнсіз еске алынды.
Турнирді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Омаров ашып, оның былтырдан бері күнтізбелік іс-шараға енгізіліп, мәртебесінің артқанын, ауқымының кеңейгенін атап көрсетті. “Желтоқсан ақиқаты” республикалық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Боташ Қажымов спортшыларға сәттілік тіледі.
Облыс орталығынан және Аққайың, Жамбыл аудандарынан келген командалар үш топқа бөлініп, додалы бәсеке ә дегеннен қызып сала берді. Жарыс шымылдығын Петропавл қалалық классикалық гимназиясы мен қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің волейболшылары ашты. Аса тартысты өткен ойын барысында гимназиялықтар 2:1 есебімен жеңді. Облыстық спортқа мамандандырылған мектеп-интернат кілең қыздардан құралған команданы баптап әкеліпті. 14 жастағы бойжеткендер тамаша ойын үлгісін көрсетіп, Петропавл қазақ гимназиясын 2:0 есебімен қапы қалдырды. Олар қылмыстық атқару жүйесі командасына да тегеурінді қарсылық көрсете білді. Петропавл Әскери институтының спортшылары “Қызылжар” командасын әупіріммен ұтты. Осы оқу орны мен №8 мектеп арасындағы ойында кімнің жеңетіні біразға дейін айқын болған жоқ. Дегенмен, тәжірибесі мол әскерилердің мерейі үстем болды.
Ақтық жарысқа Жамбыл ауданы, Петропавл қалалық классикалық гимназиясы және Әскери институт командалары жолдама алып, осы рет бойынша жүлделі орындарды бөлісті.
Жеңімпаздарға дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Екатерина Ютнер, Вячеслав Писменный, Зұлқар Есниязов, Серік Мұхамбетов ең үздік ойыншылар атанды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.