«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА – ЖАҢА ӘКІМ

Облыс әкімінің өкімімен Жамбыл ауданының әкімі қызметіне Марат Мәкенұлы Ескендіров тағайындалды. Жаңа әкімді аудан активіне өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов таныстырды.

Марат Мәкенұлы 1966 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының бұрынғы Шал ақын ауданы Кривощеково ауылында туған. “Экономист-ауыл-шаруашылығы өндiрiсінің ұйымдастырушысы”, “Заңгер” мамандықтары бойынша екi жоғары бiлiмi бар. Еңбек жолын 1983 жылы бастап, аға бақылаушы-тексерушi, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау басқармасының бөлiм басшысы, Қостанай, Павлодар облыстары бойынша салық комитетiнiң бөлiм бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы, Қостанай облысы әкiмi аппаратының экономика және талдау бөлiмiнiң меңгерушiсi, Қостанай облысы бойынша мемлекеттiк кiрiстер департаментiнiң түсiндiру жұмысы басқармасының басшысы, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары болды. Осы тағайындауға дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Жаңа әкімнің жауапты қызметте өзіне артылған сенімді ақтайтынына сенім білдірген Марат Тасмағанбетов Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, ауданда егін шаруашылығын әртараптандыру, диқандардың минералды тыңайтқыштарды уақтылы пайдалануы, төрт түліктің басын көбейту мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары ауыл шаруашылығын дамыту үшін беріліп жатқан несиелерді тиімді пайдалануды, сүт өндірісін қолға алып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда ұтымды жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.


Игілік РАХМЕТ.

Сурет http://ec-sport.kz/  сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp