
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының XVIII маусымының шымылдығы белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның “Әзиза” қойылымымен жабылды. Спектакль 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарының жарлары хақында сыр шертеді. Қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Түбекқызының АЛЖИР түрмесіндегі аянышты тағдыры тарихта қалған зұлматты жылдарды санамызда қайта жаңғыртты.
Ауыр да азапты кезеңді бір сағаттық қойылымға сыйдыра білу – режиссер шеберлігі. Осы тұрғыда, қойылымның режиссері Баатырбек Шамбетов Әзиза арқылы Кеңес өкіметінің солақай саясатын әшкерелейді, сол уақыт аралығындағы халықтың басындағы қасіретті бір қойылымға арқау етіп көрсетуге тырысады. Спектакльдің суретшісі – Ерболат Сүлейменов АЛЖИР лагеріндегі сұрқия тіршілікті көз алдыңызға әкелетін сахналық шешімдер тапқан. Айталық, төсек-орын орнына жайылған сабан, өңі кеткен киім-кешек, тозығы әбден жеткен ыдыс-аяқ қойылымға шынайы рең бергендей.
Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза қуғын-сүргінге ұшырап, АЛЖИР түрмесінде айдауда болғандығы тарихтан белгілі. Оның аянышты тағдыры жүректерге мұң ұялатпауы мүмкін емес. Сахнада Әзизаны театрдың талантты актрисасы Аида Сұпатаева бейнеледі. Қолында жасқа толмаған сәбиі бар шарасыз әйелді НКВД жендеттері лагерьге әкеп қамайды. Дәл осы жерде ол өзінің туған шешесін кездестіреді. Құр сүлдері қалған бейшара қарияны актриса (Самал Тәшімова) асқан жүректілікпен сахналай білді. Жарынан, туған шешесінен, бауырындағы баласынан айрылған байғұс Әзизаның бір басындағы трагедиясы ұлт тағдырымен астасқандай. Дәл осы Әзиза сынды қилы кезеңде баз кешкен басқа да жандар қаншама?!
Солақай саясат халықтың сүт бетіндегі қаймағындай тұлғаларын жойды, діні мен ділінен айыруды мұрат етті, ұйып отырған талай шаңырақтың шырқын бұзды, енді жетіліп келе жатқан өрімдей балалардың болашағына балта шапты. Сахнада қамаудағы әйелдердің жанарынан үрей мен үмітсіздікті байқайсыз. Амалсыз өткен күндердің сызын жүрекпен қабылдап, жанарыңызға жас үйіресіз. Өздері сүріп отырған заманына деген ыза мен кегін аңғарасыз. Әділетсіздік пен қайғы өзара арбасқан қойылым көрермен жүрегін елжіретпеуі мүмкін емес. Аз ғұмыры азалы өткен “Әзиза” спектаклінде қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің шарасыздығы, санасының тұмшалануы, үміт жарығының үзілуі Кеңес өкіметі жасаған зорлық-зомбылықтың дәлелі ретінде көрсетіледі. Өткен күндердің жүрекке салған сызы тарих жадында мәңгіге сақтаулы.
Тұрар Рысқұловтың бейнесін актер Мұрат Құсайынов сомдады. Оның сахнадағы ойынынан ұлт реформаторының тарихқа қашалған тұлғалық қасиетінен бұрын, әуелі баласы үшін шырыл қаққан әке екендігін көруге болады. Бұл оның ұлы Ескендірді әкесін “халық жауы” екендігін мойындату үшін қинап, тырнағының астына ине тығып, аяусыз соққыға жыққан көрінісінен анық байқалады. Тұрардың тағдыры – ұлт тағдырымен астасып жатқан үлкен трагедияға толы ғұмыр. Тұлғаның азаматтық болмысын кейінгі ұрпақ әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға ретінде жақсы таниды. Тарихымызға белгілі болғандай, ол экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам болған. Осындай ұлы тұлғаларымыздың есімін ардақтау, кейінгі буынға аманат ету бабаларымыздың алдында үлкен парыз деп қарағанымыз жөн.
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
театртанушы.