«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жанар, 34 жаста: “БІРЕУГЕ – МАЛ, БІРЕУГЕ – ЖАН ҚАЙҒЫ”

Газетіміздің “Оқырманның жүрек сыры” айдарына хат жазып, тағдырымен бөлісіп жатқандар аз емес. Бүгін айықпас дертке шалдыққан Жанар есімді оқырманымыз жүрек сырын ақтарады.

Қазақ халқында “Ауырмай тұрып – денсаулықтың, қартаймай тұрып – жастықтың, ажал жетпей уақыттың қадірін біл!” – деген аталы сөз бар. Осы сөздің қаншалықты дұрыстығына бойымды сырқат билегенде ғана көзім жетті. Шынымен де, мен секілді көптеген қыз-келіншектер денсаулығына мән бермей, күнделікті күйбің тірлікке алданып, уақыт оздырып алып жатады. Бір-ақ кеш қалғанымызды білгенде қолдан келер қайранымыз болмайды ғой. Мен де өкінем, әттең, енді бәрі кеш…

Өзім қарт әжемнің бауырында әрі көпбалалы отбасында тәрбие алғандықтан да шығар, мен үшін ана атанудан асқан бақыт жоқтай көрінетін. Тұрмысқа шыққаннан кейін перзент сүю бақытынан бас тартқым келмеді. Сөйтіп, уақыт оздырмай, алғашқы екі балапанымды бірінен соң бірін дүниеге әкелдім. Әжем әкемнің жалғыз ұл екенін айтып, ылғи аяушылық білдіріп отыратын. Сондықтан екі баламен шектеліп қалмайын деген оймен араға екі жыл салып үшінші сәбиімді тудым.

Соңғы балам бойға біткенде дәрігерлер денсаулығымның әлсіздігін алға тартып, жасанды түсік жасатуға кеңес берді. Бірақ тыңдамадым. Жүктілік өте ауыр өтті, соған қарамастан шиеттей ұл-қызымды ауылдағы анама апарып тастап, мерзімім жеткенше әр жерде еден жуушы болып жұмыс істедім. Тағат тауып, үйде отыра алмадым. Сол уақытта біреулердің азғыруына еріп, несие алып, қаржылық пирамидаға кіріп кеттім. Алданып қалғанымды кеш түсініп, қатты күйзелдім. Тығырыққа тіреліп, шарадай басым шақшадай күйде сенделіп ұзақ жүрдім. Жұбайымның тұрақты жұмысы жоқ, тиіп-қашып ақша табатын. Сондықтан мұндай сәттерде оған да арқа сүйей алмадым. Сол ауыртпалықтардың бәрі жаныма қатты батқанымен қоймай, іштегі шаранаға да әсерін тигізді. Шынымен де, ақ халаттылардың айтқаны айнымай келіп, балам әлжуаз болып туды. Невропатолог дәрігердің нұсқауымен сәбиімді ұзақ уақыт оңалту орталығында емдеуіме тура келді.

Осылай күнделікті күйбің тірлік өзім жайлы ойлауға мұрша бермеді. Уақыт жел секілді емес пе, жүгіріспен жүргенде дәрігерге қаралуды да естен шығарып алыппын. Несие алған банк те соңыма шам алып түскеннен кейін бәрін тастап, ауылдағы балаларымның жанына бардым. Әрине, онда білікті дәрігер де жоқ, қалаға келіп, денсаулығымды тексерту үшін қаржы керек, осындай қиындықтарға шырмалып, уақыт оздырып алдым.

Жатырдан қан кеткенде де жеңіл-желпі қарап, көп жүріп қалдым. Араға екі ай салып дәрігерге барғанымда олар мені ұзақ тексерді. Бір нәрседен сезіктенгендей, онкологиялық ауруларға анализ алды. Медицина қызметкерлерінің жан-жақты тексерісіне алғашында мән бермедім. Дәрігерге қаралуға бір апта уақыт жұмсадым. Барлық талдау қорытындысы дайын болғанда қағаздарымды қолыма ұстатып, облыстық онкологиялық диспансерге жіберді. Бұл жердегі гинеколог дәрігер талдау нәтижелерін алып, кабинетіне кіріп кетті де, біраздан кейін дәрігерлер кеңесін өткізетінін айтты. Сарыла күткенде уақыт өтуші ме еді, сарғая тосып, дәлізде неше сағат отырғаным есімде жоқ. Уақыт тоқтап қалғандай, тағатым таусылды. Әйтеуір, бір мезгілде жиын аяқталып, гинеколог маманның маған қарай беттегенін көзім шалды. “Жақсы хабар айтса екен”, – деп әлгі дәрігердің бетіне телміре қараймын. Сол кездегі аянышты кейпімді сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Жаныма жақындап келді де: “Сізді ауруханаға жатқыза алмаймыз, кеш келдіңіз”, – деді. Үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей, тұрған жерімде қалшиып қалдым. Дәрігердің менде жұмысы болған жоқ, теріс айналып, жөніне кетті. “Мен өлемін бе?” – деп іштей күбірлеп, көз жасымды тыя алмай ұзақ жыладым. Ол жерде өзіме есеп беріп жатуға әрі дәрігердің қатыгездігін ойлауға мұршам болған жоқ, кейіннен құр сүлдесі тұрған науқастарды аямайтын әйелдің мен секілді қаншама адамның жүрегін пышақпен емес, сөзбен тілгілегенін ойлағанда жаным түршігеді. Ақ халат киген жандарды адам жанының арашасы дейтініміз қайда?! Қателеседі екенбіз, дәрігерлердің арасында да сырқат жанға күнінен бұрын ажал құштыратындары бар екен.

Жанымда жұбатар ешкімім жоқ. Аурухана ішінде қанша отырғанымды да білмеймін. Сүйретіліп сыртқа шықтым да, беделді қызметте істейтін алыс туысыма қоңырау шалып, жылап тұрып жағдайды баяндадым. Ол сол ауруханадағы таныстарына хабарласып, мені басқа дәрігерге жіберді. Ол кісі талдау нәтижелерімен танысқаннан кейін Омбыға немесе Астанаға барып, тексерілуге ақыл-кеңес берді.

Менің халімнің мүшкіл екенін естіген ата-анам, бауырларым абдырап қалды. Мені сөзбен жұбатқандарымен, өздерінің де іштері алай-дүлей екенін сеземін. Бәрінен де балаларымды қимаймын. Көзім тайса, олардың жағдайы не болады деген сансыз сұрақтың жетегінде жатып, сол күнгі таңды ұйқысыз атырдым. Дәрігерлердің сырқат жанды емдеуден бас тартқанын естіген туыстарымның бойын ашу-ыза кернеді. Медицина мамандары обыр жасушаларының басқа ағзаларға жайылғанын алға тартып, емдеуден бас тартқанын естіген апайым да мені ауруханаға жатқызу үшін аяғынан таусылды. Ісік жатырда ғана екенін дәлелдеу үшін Омбы қаласындағы диагностикалық орталыққа барып, тексерілуге бел будым.

Қиын сәттерде жылы сөздің өзі адамға шипа емес пе. Бірақ дертке шалдыққаннан бері бүгінгі қоғамның қатыгез екеніне көзім жетті. Дәл жолға шығар алдында алдын ала келіскен такси жүргізушісі басқа жолаушылардың бас тартқанын айтып, олар үшін де ақша төлеуімді талап етті. Жағдайымды айтып, артық қаражатым жоқ екенін түсіндіргім келгенімен, сөзіме құлақ аспады. Төрт жолаушының ақшасын төлемесем, жолға шықпайтынын айтқан соң келісуге тура келді. “Біреуге – мал, біреуге –жан қайғы”, – деп осындайда айтатын шығар. Бұл өмір қамшының сабындай қысқа ғой. Жер басып жүргенде бір-бірімізге жүрегіміз жібімей, құлқыңның қамын биік қоятынымыз өкінішті.

Омбы дәрігерлерінен басқа ағзаларымның таза екенін естіп, аз да болса үмітім пайда болды. Сөйтіп, талдау қорытындыларын көрсетіп, әзер дегенде ауруханаға жатуға қол жеткіздік. Дәрігерлер бірден ем-дом шараларын бастап кетті. Бірнеше емдеу шаралары жүргізілсе де, нәтижесіз болғаннан кейін мамандар ота жасату керек деген шешімге келді. Алматы қаласындағы медициналық орталыққа квота алудың да машақаты өз алдына бір әңгіме. Әйтеуір, оған да қол жеткізіп, сіңліме еріп оңтүстік астанаға жолға шықтым. Бұл кезде жағдайым, тіпті мүшкіл еді. Мұнда да ауруханаға зордың күшімен қабылдады. Біраз тексерістерден кейін медицина қызметкерлері денсаулығымның әжептәуір әлсіреп қалғанын, отаны көтермейтінімді айтып, кейін қайтарды.

Петропавлға қайта оралып, онкологиялық диспансерде әрі қарай ем-дом шараларын жалғастырдым. Химиятерапияны екінің бірінің денсаулығы көтере бермейді. Не де болса, соңына дейін шыдайын деген мақсатпен оған да келістім. Әрбір химиятерапиядан кейін әлім құрып, өзіме-өзім әзер келемін. Әйтеуір, анам мен сіңлілерімнің көмегі зор.

Бесінші мәрте химиялық емдеуден кейін дәрігер келіп, алтыншы рет алудың көмегі болмайтынын айтып кетті. Сырқаттанғаннан бері ақ халаттылардың безбүйректігінен мезі болдым. Күн санап жүрген маған ажалымның жақын екенін айтудан бір жалықпайды. Олар есіме салмаса да, жағдайымның нашарлап бара жатқанын, өмірімнің санаулы күндері қалғанын ішім сезеді. Әрине, өмір тәтті, ал бауыр еті – балаларың мына жарық дүниеден де қымбат.

Үлкен қызым бар болғаны 3-сыныпта оқиды. Ұлым балабақшаға барып жүр. Ал кенжем 3 жасқа енді толды. Бірақ бұл күндері олар балалық шақтың бал дәуренінен алыстап кеткендей. Менің айықпас сырқатымды іштері сезіп, жаутаң-жаутаң қарағандарымен, батып еш нәрсе сұрай алмайды. Өзімнің де оларға шындықты жайып салуға жүрегім дауаламайды.

Амал жоқ, Алланың басқа салғанына шыдайсың, жылайсың, көнесің.

Бірде сіңлілерім жұмыстан босай алмай, кішкентайларымды мектеп және шағын орталықтан алатын адам болмай қалды. Сол мезетте мен ауруханада химиятерапияда жатқан едім. Мектеп әкімшілігі полиция инспекторын шақырып, әбігерге түсіпті. Кейін менің басымдағы ауыр жағдайды естігеннен кейін олар да түсіністікпен қарап, балаларыма қолдарынан келгенше көмектерін беріпті. Ал қызымның сыныптастарының ата-аналары мекенжайымды тауып, үйіме іздеп келіп, хал-жағдайымды білгенде, шынымен де, қатты толқыдым. Олардың маған жасаған кішкентай да болса жақсылығы осы күнге дейін қайырымы жоқ жандардан көрген қорлығымды ұмыттырды.

Иә, оқырмандарға жүрек түкпірімдегі сырымды ақтару маған жеңіл тимеді. Бәлкім, тағдырдың менің маңдайыма жазғаны шығар, мүмкін, ауруханаға уақтылы келмеген жауапсыздығым үшін берілген жаза болар? Бірақ басқалар мен сияқты опық жеп қалмай, өз денсаулықтарына жанашырлықпен қараса екен деген мақсатпен бар сырымды, шынымды ақтарып отырмын.

“Жазмыштан озмыш жоқ”, бүгінгі күні өзім де, туыстарым да Алланың жазғанына мойынсұндық. Бірде мен үшін бәйек болып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған анаммен ұзақ әңгімелестім.

“Сізді әуреге салғаныма ренжімеңіз. Мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жеткізген еңбегіңізді ақтай алмадым. Баяғыдай емес, Сіздің де денсаулығыңыздың мәз емес екенін жақсы білемін ғой. Бірақ менің балаларым Сізге аманат, анашым”, – дедім. Мұны айту маған қалай ауыр тисе, анама одан бетер соққы болғанын түсінемін. Айтпасқа амалым жоқ еді. Өйткені, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған мені балапандарымның ертеңі алаңдатады. Арадағы әңгімеден кейін шешем балаларды қамқорлыққа алуға құжаттар жинауға кірісіп кетті. Әйтеуір, перзенттерімнің жетімдер үйінде емес, анамның бауырында қалатыны – мен үшін жұбаныш. Анашымның оларды киімнен, тамақтан жүдетпейтініне сенімдімін. Лайықты тәрбие берері де анық. Қазір жатсам-тұрсам: “Аман болшы, анашым”, – деп іштей күбірлеуден жалықпаймын. Ал маған бұйырмаған ұзақ ғұмыр мен жақсы күндер балаларыма нәсіп етілсе, мен соған да ризамын.

Дайындаған

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp