Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты “Nur Otan” партиясы “Кедергісіз келешек”, “Бақытты отбасы” және “Ардагерлерді ардақтайық” партиялық жобалары аясында “Biz birgemiz!” акциясын бастады. Акция барысында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы, сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлеріндегі жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсету үшін 150 млн. теңге бағытталды. Бүгінгі таңда қаражатқа медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, олар халықтың тұрмысы төмен тобына үлестірілуде. Сонымен қатар партияның орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударуда.
“Biz birgemiz!” республикалық акциясынан Қызылжар өңірі де қалыс қалмады. Өңіріміздегі нұротандықтар шамамен төрт жүзге жуық отбасын қамтуды жоспарлағанымен, көмекпен қамтылғандардың саны одан едәуір көп.
– Бүгінгі таңда “Jas Otan” жастар қанатының белсенділері мен волонтерлер көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, мүгедектердің, жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне барып, антисептикалық, гигиеналық құралдар және бірінші кезекте қажетті азық-түлік таратуда. Сондай-ақ, олар тұрғындарға коронавирустық инфекцияның алдын алу және күресу тәсілдерін түсіндіруде.
Біз 500-ден астам адамға жалпы сомасы 8,5 миллион теңгенің көмегін көрсеттік, – деді “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.
Нұротандықтардың қолдауына ие болғандардың бірі – өткен жылдың қараша айында өрттің салдарынан зайыбы қаза тауып, үйсіз қалған Александр Карабашев. Қазір ұлының қолында тұрып жатқан ол басына түскен қайғының кесірінен денсаулығы сыр беріп, төсекке таңылған. Зейнеткер акция аясында азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкелген еріктілерге алғысын жаудырды. Ал Петропавл қаласының тұрғыны Вероника Акиньшина бойын дендеген дерттің кесірінен өздігінен далаға шыға алмайды. Бес жылдан бері төрт қабырғаға қамалып отырған петропавлдық осындай қолдау көрсетіліп жатқанын естісе де, еріктілердің оған көмекке келетініне аса сенбепті.
Аталған акция үстіміздегі жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Осы орайда нұротандықтар акцияға қатысуға кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін шақырып, мұқтаждар тізіміндегі жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге, мүгедектерге, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға қуаныш сыйлауға үндеуде.
Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.