
Медицина – қиындығы көп мамандық. Өйткені, адам өмірі үшін күресте қателесуге болмайды. Осынау жауапкершілікті сезініп, антына адалдық танытып жүрген Жанат Әділова сынды ақ халатты абзал жандардың арамызда бары қандай жақсы.
1957 жылы Айыртау ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Жанат Еслямқызының медицинаны таңдауының өзіндік сыры бар.
– Бала күнімде ақ халат киіп, адам жанының арашашысы болуды армандадым. Өйткені, әкем соғыста алған жарақаттарының салдарынан көп ауыратын. Оған қалай көмек көрсетуді білмедім. Сол себепті де медицина саласын таңдадым, – дейді Жанат Еслямқызы. Арман алға жетелеген бойжеткен мектеп бітірген соң бірден медициналық колледжге оқуға түседі. Колледжді ойдағыдай тамамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын ауылдан бастады. Сырымбетте медбике болып жұмыс істеді.
Жанат Еслямқызы талай сыннан сүрінбей өтті. Бүгінде білікті маман болып қалыптасуына ықпал еткен сынаққа толы кезеңді сағынышпен еске алды.
– 1998 жылдың 21 ақпаны болатын. Күн боран. Ол кездері қыс қатты болды ғой. Айналада түк көрінбейді. Таңғы 11 кезінде үйге Шоққарағай ауылынан екі салт атты кісі сау ете түсті. Аяғы ауыр келіншек қиналып жатқанын айтты. Жүкті әйел бізде есепте тұрмаса да, құтқару – біздің міндет. Жексенбіге қарамай, жолға шықтық. Ақтүтек боранда адасып жүріп, кешке таман келдік. Әйтеуір, Алланың көмегімен ер бала дін аман дүниеге келді, – деп мейірімді медбике басынан өткен қызықты сәттерге тоқталды.
Жанашыр жанға ауылдастарының құрметі зор. Ал Жанат Әділова үшін ең басты жетістік – науқастардың сауығып, қатарға қосылуы. Сол үшін де күн-түн демей тынымсыз еңбек етуге дайын. Зейнет демалысына шықса да, қатардан қалмай, көмекке мұқтаж жандарға қалтқысыз қызмет етіп жүрген қайырымды жанға қарап таңғаласың.
Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.
Айыртау ауданы.
СУРЕТТЕ: Ж. ӘДІЛОВА.