«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНАШЫР ЖАН

Медицина – қиындығы көп мамандық. Өйткені, адам өмірі үшін күресте қателесуге болмайды. Осынау жауапкершілікті сезініп, антына адалдық танытып жүрген Жанат Әділова сынды ақ халатты абзал жандардың арамызда бары қандай жақсы.

1957 жылы Айыртау ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында қарапайым отба­сын­да дүниеге келген Жанат Еслямқызының ме­дицинаны таңдауының өзіндік сыры бар.

– Бала күнімде ақ халат киіп, адам жаны­ның арашашысы болуды армандадым. Өйт­кені, әкем соғыста алған жарақаттарының сал­дарынан көп ауыратын. Оған қалай көмек көрсетуді білмедім. Сол себепті де медицина саласын таңдадым, – дейді Жанат Еслям­қызы. Арман алға жетелеген бойжеткен мек­теп бітірген соң бірден медициналық кол­ледж­ге оқуға түседі. Колледжді ойдағыдай тамамдаған жас маман алғашқы еңбек жо­лын ауылдан бастады. Сырымбетте медбике болып жұмыс істеді.

Жанат Еслямқызы талай сыннан сүрінбей өтті. Бүгінде білікті маман болып қалыпта­суы­на ықпал еткен сынаққа толы кезеңді са­ғынышпен еске алды.

– 1998 жылдың 21 ақпаны болатын. Күн бо­ран. Ол кездері қыс қатты болды ғой. Ай­налада түк көрінбейді. Таңғы 11 кезінде үйге Шоққарағай ауылынан екі салт атты кісі сау ете түсті. Аяғы ауыр келіншек қиналып жат­қа­нын айтты. Жүкті әйел бізде есепте тұрмаса да, құтқару – біздің міндет. Жексенбіге қара­май, жолға шықтық. Ақтүтек боранда адасып жүріп, кешке таман келдік. Әйтеуір, Алланың көмегімен ер бала дін аман дүниеге келді, – деп мейірімді медбике басынан өткен қы­зықты сәттерге тоқталды.

Жанашыр жанға ауылдастарының құрме­ті зор. Ал Жанат Әділова үшін ең басты жетіс­тік – науқастардың сауығып, қатарға қосы­луы. Сол үшін де күн-түн демей тынымсыз ең­бек етуге дайын. Зейнет демалысына шықса да, қатардан қалмай, көмекке мұқтаж жан­дарға қалтқысыз қызмет етіп жүрген қайы­рымды жанға қарап таңғаласың.

Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.

Айыртау ауданы.

СУРЕТТЕ: Ж. ӘДІЛОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp