Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөнінде Жарлыққа қол қойған еді. Осынау қиын-қысталаңда Президенттің бұл бастамасын солтүстікқазақстандық азаматтар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белдерін бекем буып отыр.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Талғат Әліқұловтың айтуынша, өңірімізде 39 әскери міндетті іріктеліп алынған. 22-34 жас аралығындағы азаматтардың қатарында офицерлер мен сержанттар да бар. Медициналық тексерістен өткен олар аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына тіркелді. Енді олар 20 күн бойы коронавирус індетімен күресте алғы шепте жүріп, облыс орталығын дезинфекциялау жұмыстарымен айналысады. Атап айтқанда, әскери міндеттілер таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қаланы аралап, дәрілеу жұмыстарын жүргізеді. Ал кешкісін үйді-үйлеріне жіберіледі. Бұл қызметі үшін жігіттерге 42500 теңге еңбекақы төленеді. Ал осыған дейін жұмыс істеген азаматтар орташа жалақыны алады.
Бір айта кетерлігі, сарбаздардың түгелі дерлік әскери жиынға өз еркімен келген. Ел басына күн туғанда жанкештілікпен ортақ мақсатқа жұмылудың ерен үлгісі осындай болмақ.