«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАННЫҢ АЗЫҒЫ,ТӘННІҢ ШИПАСЫ

Ертең, бірінші наурызда 2025 жылдың оразасы келіп жетеді. Исі мұсылман жұртшылығы осы айда Құдайдың разылығын көздеп, таң сәрісімен тұрып аузын бекітіп, күн ұясына батысымен аузын ашып, қуанып, мәз-мейрам болады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін…», – деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған.

Ораза кімдерге парыз?

Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген.

Ниет ету

Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептеледі, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ал оразаның уақытына келсек, сәресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.

Оразаны қаза қылу

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Сендерде кім Ораза айында болса ораза ұстасын, ал біреу науқас не сапарда болса басқа күндерде санын толтырып ораза тұтсын» деген. Машақатты сапардағы жолаушы және науқастанған мұсылман оразасын қаза қыла алады. Сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйел өзінің және баласының денсаулығынан қауіптенсе ораза тұтпауына рұқсат. Алайда бұлардың барлығының қазасын өтеу парыз.

Ораза қай кезде бұзылады?

Ораза — тек аштық қана емес, рухани да құлшылық. Сондықтан нәпсіні тыю керек. Ауыз бекіткен кісі бір жұтым су болса да сәресіне тұрып ішу, күн батқан соң, намаздан бұрын дереу ауызды ашу, ауызашар кезде дұға жасау, мүмкіндігіне қарай ауызашар беру, тіпті мешітте жиналған жамағаттың бірнешеуінің болсын суын дайындап апарып берсе де үлкен сауап. Сондай-ақ тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау, ілім үйрену, Құран Кәрімді көп оқу, көп салауат айту, сәресі мен ауызашарда қомағайланбау, иқтикафқа кіру (сауап алу мақсатымен мешітте түнеп құлшылық жасау) — сауапқа бөлейтін амалдар. Адамға жын тисе, талып қалса, төсек қатынасына түссе тұтқан оразасы бұзылады. Мұндай жағдайларда адам оразаның қазасын тұтады.

Жаза қалай өтеледі?

Оразаны әдейі бұзу каффарат деп аталады. Ол үлкен күнә. Рамазаннан кейін сол бір күніне 60 күн ораза тұтуы тиіс.

Ұмытып ішіп-жеу

Өзінің аузы берік екенін ұмытып, ішіп-жеген кісінің оразасы бұзылады. Ұмытып ішіп жеген кісі ораза екенін есіне түсіре салысымен аузын шайып, Рамазанның құрметі үшін оразасын соңына дейін жалғастыруы тиіс. Кейін бір күн қазасын өтейді. Ал есіне түскеннен кейін де жалғастырып ішіп, жеген кісі сол бір күн үшін екі ай каффарат оразасын тұтуы парыз.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

Қажеттілікке байланысты, яғни ауыру себебімен немесе шұғыл қан қажет болған жағдайда қан алдыру, аузы толмай құсу, салқындау үшін жуыну, сақал-мұртын майлау, аузын шаю, тісін мисуакпен тазалау оразаны бұзбайды.

Түкірік, сілекей жұту

Аузы берік адамның түкірігі мен сілекейін жұтуына болады. Мұсылман үшін кез келген жерге түкіру әдепсіздік. Ал ауызда әр сәт сайын бөлінетін сілекейді жұту оразаны бұзбайды. Алайда сілекейді ауызға жинап, көп мөлшермен жұтуға болмайды.

Сәресіне ұйықтап қалу

Сәресіне ұйықтап қалған кісі сол күнгі оразасын жалғастырады. Өйткені ораза басталғанда Рамазан айына толық ниет етілетіндіктен сол күнгі оразасы қабыл болады. Алайда бұдан кейін сәресін ішпей, рамазан айы алғаш басталған күні бір айға ниет етсе жеткілікті екен ғой деген қате түсінік туындамауы керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сәресіде береке бар, бір жұтым су болса да ниет етіп, ауыз бекітіңдер» деген сөзі бар. Сол үшін жатар кезде ниет етіп, дұға жасап жатуы және сәресіне тұруы тиіс.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

Қызылжар орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp