«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАП ЖҮРМІЗ БЕ?

Ақыл мен сана биігіне шыққан жер бетіндегі жалғыз тіршілік иесі – адам. Алайда бұл адамға басқа жан-жануарларға үстемдік жүргізіп, өз қажеті мен бас пайдасы үшін ойына келгенін істеп, қырып-жоюға құқық бермейді. Керісінше алты құрлықты еркін мекендеп отырған адам баласы жер шарының келешегі үшін жауапты. Түптеп келгенде ізгілікті қоғамның жер басып жүрген адамы ғана емес, ұшқан құс, жүгірген аңы да өзін жайлы сезінуі тиіс.

Тордағы тәжірибе

«Сезіну» дегеннен шығады. Осы жануарлардың сезімі мен интелекті бар ма екен? Аула­мыздағы тауықтан бастап жай­лаудағы жылқыға дейін күй­зеліс, сағыну, зерігу деген сезімдерді бастан өткере ала ма? Бұл сұраққа жауап іздеген АҚШ психологы Гарри Харлоу өткен ғасырдың басында аты­шулы тәжірибе жүргізді. Ға­лым жаңа туған маймыл бала­ларын табиғи енесінен айы­рып, жасанды маймылға теліді. Тордың ішіндегі екі ененің бірі сымнан жасалған еді. Алайда қаттылығына қарамастан оған кішкентай мешінектерді та­мақтандыратын құрылғы ор­натылған. Ал екінші жасанды маймылдың берер ештеңесі болмаса да матадан тігілген жұмсақ еді. Психолог жаңа ту­ған мешінектер өздеріне сүт беретін темір енеге бауыр ба­сып кетеді деп ойлады. Алайда нәтиже ол күткендей болмай шықты. Кішкентай жануарлар матадан жасалған «аналары­нан» айрылмай, тіпті темірден сүт ішкен кезде де оны құшақ­тап тұрды. Бұл тәжірибе инте­лекті төмен саналатын жа­нуарлардың өзі ең алдымен қарын тойдырар қорекке емес, жылу мен табиғи мейірімге мұқтаж екенін көрсетіп берді. Кейін әлгі маймылдар сүтке тойып өссе де эмоциялық тұр­ғыдан өте икемсіз болды. Олар өзге маймылдармен байланыс­қа түсе алмай, күйзеліске шалдықты. Кейін өзге де сүтқо­ректілер мен құстарға жасал­ған тәжірибелердің де қоры­тындысы осындай болды.

Ауыл шаруашылығының дамуы жұмыртқа, ет, сүт өндірісін едәуір еселеуге мүмкіндік берді. Бүгінде бір ғана ферма мыңдаған адамды жыл он екі ай ет-сүтпен қамта­масыз ете алады. Алайда осы уақыт аралығында ескерілме­ген бір нәрсе болса, ол – фер­малардағы төрт түліктің жай-күйі. Малға жағдай жасауды тек құнарлы азық беру деп түсінетін кәсіпкерлердің кесірінен қаншама жануар қозғала алмастай лас әрі тар орында өнім беруге мәжбүр. Заманауи фермалардың пайда болуымен, малын жайылымға шығаратындар да сиреген. Өңірде мал шаруашылығына қатысты өткен шаралардың бірінде оңтүстік өңірден кел­ген малшылардың Қызылжар­дағы сиырлардың қысы-жазы қорада тұратынын көріп таң­дай қаққанын көргеніміз бар. Өкінішке қарай, елімізде ауыл шаруашылығы жануарларын қолайлы жағдайда ұстау тура­лы ереже жоқ. Сондықтан таяқ тастам жерге 5 сиырды байлап қойып, ауданы бір шаршы метрге жетпейтін темір торда ондаған тауық ұстап, жүк таси­тын жәшікте жүздеген балапан бақсаңыз да тоқтау жоқ. Алай­да мұның бәрі ақыр аяғында жануарлардың жай-күйіне, өнім сапасына әсер ететінін ескере бермейміз.

Жаңашылдықты жатсынбау керек

Десе де мал шаруашылығы саласында жаңа компаниялар­дың пайда болуы жануарларға гуманистік көзқарастың қа­лыптасуына оң әсер етуде. Мә­селен, «Атамекен агро» серік­тестігіне тиесілі сүт фермасы­ның құрылысы барысында өңірде бұрын-соңды болмаған жаңашылдықтар енгізілген.

– Біз ел бойынша сүт фер­маларына қажетті жабдықтар­ды жеткіземіз. Қазіргі таңда жануарлардың қолайлылығы үшін жаңа өнертабыстарды енгізуге тырысып жатырмыз. Алғаш болып Корнеевка ауы­лындағы фермада жаңа желде­ту жүйесін орнаттық. Бұл ғи­мараттың ішінде сиырларға қолайлы температура орнатып, ауаны тазартуға мүмкіндік бе­реді. Мал ағзаға зиянды аммиакпен дем алмайды. Ірі қара жатқан кезде сүттілігі ар­татын болғасын, олардың ас­ тына арнайы латекстен жасал­ған төсеніштер әкелдік. Ал әр сиырға орнатылған датчиктер олардың жүріп-тұрғанын, тіпті күйіс қайтарғанын да есепке алып отырады, – дейді «Westfalia Казахстан» компа­ниясының менеджері Алмаз­бек Нұробаев.

Бұған қоса, компания сиырқораларға арналған конструкциялар, бұзау үйшік­терін, тіпті ірі қара қасынатын қондырғылар да ұсынады. Өңірдегі жазда жағымсыз иісі бар аумақты алып кететін, қыста іштегі будан қарға адым жердің өзі көрінбей қалатын сүт фермаларына осындай жабдықтар енгізу керек-ақ.

Күйзелістен күйі кетеді

Бар әлем осындай мәселе­лерге бас қатырып отырғанда, кейбір шаруалар туа сала енесі­нен айырған бұзауын сиыр сүті­мен асырайтынын айтып мақта­нуда. Уызына жарымаған, та­бынмен бірге жайылымға шық­паған, тіпті ұрықтандырудың өзі жасанды жүретін сиырлардың субъективті қажеттілігі өтеліп жатыр ма? Ал құс фабрикалары­ның инкубаторларынан шыға­тын балапандармен әрі қарай не істелетіні қоғамды неге ойлан­дырмайды? Қысқасы, жоғарыда айтылған Гарри Харлоу тәжіри­бесі бүгінгі фермаларда күн­делікті қайталанатын қалыпты жайтқа айналып кеткен. Мұн­дай теріс жағдайлар біз тұтына­тын өнім сапасына да кері әсер ететінін ұмытпаған жөн. Бүгінгі қала халқының бойын тік ұстап, қанат жаза алмастай торда тұр­ған құстың емес, ауылдағы кө­галды жерді шоқыған тауықтың жұмыртқасына үйір болатыны да содан. Ауылдағы малдың еті, сүті, майы өндірістегіден гөрі дәмді, сіңімді келетініне ондағы ұстау жағдайы себеп.

– Қазақ танымында жануар­ларға гуманистік көзқарас әлде­қашан бар нәрсе. Соның арқа­сында бабаларымыз небір жем-шөп, витаминдер мен қоспалар­сыз, заманауи фермаларсыз да мыңғыртып мал өсіріп, кең да­ланы еркін жайлаған. Ал бүгінгі шаруалардың пайданы бірінші орынға қоятыны қынжылтады. Бірнеше жұмыртқа мен бір-екі литр сүтті артық алу үшін қолда­ғы малын азапқа салатындар­дың әрекеті жүрек ауыртады, – дейді Тайынша ауданында тұра­тын малшы Бейімбет Ерғалиев.

Ғылым тірі жәндік түгіл тілі жоқ өсімдіктің өзі айналадағы өзгерістерді сезе алатын қабі­летке ие екенін дәлелдеді. Күн сайынғы күйзеліс пен қолай­сыз жағдайлардың кесірінен кәсіпкерлер айтарлықтай шы­ғын көруде. Осылайша олар­дың табысқа жетем деген қы­руар еңбегі еш кетуде. Ше­телдік фермаларда сиырларға классикалық музыка тыңдату тәжірибесі кең тараған. Ма­мандар музыка жануарлардың тыныс алуы мен ас қорытуына оң әсер етіп, күйзелісін азайта­тынын айтады. Нәтижесінде мұндай фермалардағы өнімділік 5 пайызға артқан.

Тауықтың тағдыры да маңызды

Бұл бастама табиғат жара­тылысына қамқорлықпен қа­райтын қарт құрлықта әлдақа­шан жүзеге асқан. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Еуродақ елдері құстар мен қояндарды торда ұстауға ты­йым салу туралы келісімге кел­ген. 2027 жылға дейін ондағы фермерлер құс бағудың мұндай тәсілінен толық бас тартуы тиіс. Сонымен қатар фуа-гра алу үшін үйрек пен қазды ша­мадан тыс қоректендіруге де шектеу қойылмақ. Ал Швеция, Норвегия және Финляндия фермерлері ірі қараны белгілі бір уақытқа жайылымға шыға­руға міндеттелді. Ондағы сиырлар белгіленген уақытты далада өткізіп қоймай, қажетті азықтың бір бөлігін жайылым­нан алуы тиіс. Осындай өзгерістерден аталған елдердің ауыл шаруашылығы алға бас­паса, тұралап қалған жоқ.

– Жұмыс барысымен шет елдерде көп боламын. Ондағы азық-түлік дүкендерінде бай­қағаным, қолайлы жағдайлар­да өскен малдың өнімі әлде­қайда қымбат тұрады. Мыса­лы, ашық аспан астында жүр­ген тауық жұмыртқасы құс фабрикасындағыдан екі есеге дейін қымбат болуы мүмкін. Сол сияқты еркін жүрген сиырдың еті мен сүті де жоға­ры бағаланады. Шетелдегілер өздерінің ас суының сапасына ерекше мән береді. Сондықтан сапалы тамақ алуға тырысады. Олар осылайша жануарларға жақсы қарайтын фермерлерге қолдау білдіреді. Ал бізде тұты­нушы әлі күнге өнімнің тек ба­ғасына қарайды, – дейді қала тұрғыны Айжан Қожа.

Дамыған елдер әлдеқашан нүктесін қойған мәселеге ел үкіметі енді-енді назар аудара бастады. Жуырда Үкімет оты­рысында Цифрлық даму ми­нистрлігі мал шаруашылығын «animal welfare» стандарттарына сәйкестендіруді ұсынды. «Аnimal welfare» стандартта­рын сақтау – бүгінде тек этикалық талап қана емес, соны­мен қатар экономикалық қа­жеттілікке айналуда. Жаңа бастама өнімділікті 10-25 па­йызға арттырып, шығынды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік бе­реді. Жаңа стандарт аясында жануарлардың биологиялық әрекетін ескеретін фермалар салу, саланы цифрландыру, та­сымалдау жағдайларын жақ­сарту қарастырылған.

Диас АЯҒАН, «Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp