Ақыл мен сана биігіне шыққан жер бетіндегі жалғыз тіршілік иесі – адам. Алайда бұл адамға басқа жан-жануарларға үстемдік жүргізіп, өз қажеті мен бас пайдасы үшін ойына келгенін істеп, қырып-жоюға құқық бермейді. Керісінше алты құрлықты еркін мекендеп отырған адам баласы жер шарының келешегі үшін жауапты. Түптеп келгенде ізгілікті қоғамның жер басып жүрген адамы ғана емес, ұшқан құс, жүгірген аңы да өзін жайлы сезінуі тиіс.
Тордағы тәжірибе
«Сезіну» дегеннен шығады. Осы жануарлардың сезімі мен интелекті бар ма екен? Ауламыздағы тауықтан бастап жайлаудағы жылқыға дейін күйзеліс, сағыну, зерігу деген сезімдерді бастан өткере ала ма? Бұл сұраққа жауап іздеген АҚШ психологы Гарри Харлоу өткен ғасырдың басында атышулы тәжірибе жүргізді. Ғалым жаңа туған маймыл балаларын табиғи енесінен айырып, жасанды маймылға теліді. Тордың ішіндегі екі ененің бірі сымнан жасалған еді. Алайда қаттылығына қарамастан оған кішкентай мешінектерді тамақтандыратын құрылғы орнатылған. Ал екінші жасанды маймылдың берер ештеңесі болмаса да матадан тігілген жұмсақ еді. Психолог жаңа туған мешінектер өздеріне сүт беретін темір енеге бауыр басып кетеді деп ойлады. Алайда нәтиже ол күткендей болмай шықты. Кішкентай жануарлар матадан жасалған «аналарынан» айрылмай, тіпті темірден сүт ішкен кезде де оны құшақтап тұрды. Бұл тәжірибе интелекті төмен саналатын жануарлардың өзі ең алдымен қарын тойдырар қорекке емес, жылу мен табиғи мейірімге мұқтаж екенін көрсетіп берді. Кейін әлгі маймылдар сүтке тойып өссе де эмоциялық тұрғыдан өте икемсіз болды. Олар өзге маймылдармен байланысқа түсе алмай, күйзеліске шалдықты. Кейін өзге де сүтқоректілер мен құстарға жасалған тәжірибелердің де қорытындысы осындай болды.
Ауыл шаруашылығының дамуы жұмыртқа, ет, сүт өндірісін едәуір еселеуге мүмкіндік берді. Бүгінде бір ғана ферма мыңдаған адамды жыл он екі ай ет-сүтпен қамтамасыз ете алады. Алайда осы уақыт аралығында ескерілмеген бір нәрсе болса, ол – фермалардағы төрт түліктің жай-күйі. Малға жағдай жасауды тек құнарлы азық беру деп түсінетін кәсіпкерлердің кесірінен қаншама жануар қозғала алмастай лас әрі тар орында өнім беруге мәжбүр. Заманауи фермалардың пайда болуымен, малын жайылымға шығаратындар да сиреген. Өңірде мал шаруашылығына қатысты өткен шаралардың бірінде оңтүстік өңірден келген малшылардың Қызылжардағы сиырлардың қысы-жазы қорада тұратынын көріп таңдай қаққанын көргеніміз бар. Өкінішке қарай, елімізде ауыл шаруашылығы жануарларын қолайлы жағдайда ұстау туралы ереже жоқ. Сондықтан таяқ тастам жерге 5 сиырды байлап қойып, ауданы бір шаршы метрге жетпейтін темір торда ондаған тауық ұстап, жүк таситын жәшікте жүздеген балапан бақсаңыз да тоқтау жоқ. Алайда мұның бәрі ақыр аяғында жануарлардың жай-күйіне, өнім сапасына әсер ететінін ескере бермейміз.
Жаңашылдықты жатсынбау керек
Десе де мал шаруашылығы саласында жаңа компаниялардың пайда болуы жануарларға гуманистік көзқарастың қалыптасуына оң әсер етуде. Мәселен, «Атамекен агро» серіктестігіне тиесілі сүт фермасының құрылысы барысында өңірде бұрын-соңды болмаған жаңашылдықтар енгізілген.
– Біз ел бойынша сүт фермаларына қажетті жабдықтарды жеткіземіз. Қазіргі таңда жануарлардың қолайлылығы үшін жаңа өнертабыстарды енгізуге тырысып жатырмыз. Алғаш болып Корнеевка ауылындағы фермада жаңа желдету жүйесін орнаттық. Бұл ғимараттың ішінде сиырларға қолайлы температура орнатып, ауаны тазартуға мүмкіндік береді. Мал ағзаға зиянды аммиакпен дем алмайды. Ірі қара жатқан кезде сүттілігі артатын болғасын, олардың ас тына арнайы латекстен жасалған төсеніштер әкелдік. Ал әр сиырға орнатылған датчиктер олардың жүріп-тұрғанын, тіпті күйіс қайтарғанын да есепке алып отырады, – дейді «Westfalia Казахстан» компаниясының менеджері Алмазбек Нұробаев.
Бұған қоса, компания сиырқораларға арналған конструкциялар, бұзау үйшіктерін, тіпті ірі қара қасынатын қондырғылар да ұсынады. Өңірдегі жазда жағымсыз иісі бар аумақты алып кететін, қыста іштегі будан қарға адым жердің өзі көрінбей қалатын сүт фермаларына осындай жабдықтар енгізу керек-ақ.
Күйзелістен күйі кетеді
Бар әлем осындай мәселелерге бас қатырып отырғанда, кейбір шаруалар туа сала енесінен айырған бұзауын сиыр сүтімен асырайтынын айтып мақтануда. Уызына жарымаған, табынмен бірге жайылымға шықпаған, тіпті ұрықтандырудың өзі жасанды жүретін сиырлардың субъективті қажеттілігі өтеліп жатыр ма? Ал құс фабрикаларының инкубаторларынан шығатын балапандармен әрі қарай не істелетіні қоғамды неге ойландырмайды? Қысқасы, жоғарыда айтылған Гарри Харлоу тәжірибесі бүгінгі фермаларда күнделікті қайталанатын қалыпты жайтқа айналып кеткен. Мұндай теріс жағдайлар біз тұтынатын өнім сапасына да кері әсер ететінін ұмытпаған жөн. Бүгінгі қала халқының бойын тік ұстап, қанат жаза алмастай торда тұрған құстың емес, ауылдағы көгалды жерді шоқыған тауықтың жұмыртқасына үйір болатыны да содан. Ауылдағы малдың еті, сүті, майы өндірістегіден гөрі дәмді, сіңімді келетініне ондағы ұстау жағдайы себеп.
– Қазақ танымында жануарларға гуманистік көзқарас әлдеқашан бар нәрсе. Соның арқасында бабаларымыз небір жем-шөп, витаминдер мен қоспаларсыз, заманауи фермаларсыз да мыңғыртып мал өсіріп, кең даланы еркін жайлаған. Ал бүгінгі шаруалардың пайданы бірінші орынға қоятыны қынжылтады. Бірнеше жұмыртқа мен бір-екі литр сүтті артық алу үшін қолдағы малын азапқа салатындардың әрекеті жүрек ауыртады, – дейді Тайынша ауданында тұратын малшы Бейімбет Ерғалиев.
Ғылым тірі жәндік түгіл тілі жоқ өсімдіктің өзі айналадағы өзгерістерді сезе алатын қабілетке ие екенін дәлелдеді. Күн сайынғы күйзеліс пен қолайсыз жағдайлардың кесірінен кәсіпкерлер айтарлықтай шығын көруде. Осылайша олардың табысқа жетем деген қыруар еңбегі еш кетуде. Шетелдік фермаларда сиырларға классикалық музыка тыңдату тәжірибесі кең тараған. Мамандар музыка жануарлардың тыныс алуы мен ас қорытуына оң әсер етіп, күйзелісін азайтатынын айтады. Нәтижесінде мұндай фермалардағы өнімділік 5 пайызға артқан.
Тауықтың тағдыры да маңызды
Бұл бастама табиғат жаратылысына қамқорлықпен қарайтын қарт құрлықта әлдақашан жүзеге асқан. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Еуродақ елдері құстар мен қояндарды торда ұстауға тыйым салу туралы келісімге келген. 2027 жылға дейін ондағы фермерлер құс бағудың мұндай тәсілінен толық бас тартуы тиіс. Сонымен қатар фуа-гра алу үшін үйрек пен қазды шамадан тыс қоректендіруге де шектеу қойылмақ. Ал Швеция, Норвегия және Финляндия фермерлері ірі қараны белгілі бір уақытқа жайылымға шығаруға міндеттелді. Ондағы сиырлар белгіленген уақытты далада өткізіп қоймай, қажетті азықтың бір бөлігін жайылымнан алуы тиіс. Осындай өзгерістерден аталған елдердің ауыл шаруашылығы алға баспаса, тұралап қалған жоқ.
– Жұмыс барысымен шет елдерде көп боламын. Ондағы азық-түлік дүкендерінде байқағаным, қолайлы жағдайларда өскен малдың өнімі әлдеқайда қымбат тұрады. Мысалы, ашық аспан астында жүрген тауық жұмыртқасы құс фабрикасындағыдан екі есеге дейін қымбат болуы мүмкін. Сол сияқты еркін жүрген сиырдың еті мен сүті де жоғары бағаланады. Шетелдегілер өздерінің ас суының сапасына ерекше мән береді. Сондықтан сапалы тамақ алуға тырысады. Олар осылайша жануарларға жақсы қарайтын фермерлерге қолдау білдіреді. Ал бізде тұтынушы әлі күнге өнімнің тек бағасына қарайды, – дейді қала тұрғыны Айжан Қожа.
Дамыған елдер әлдеқашан нүктесін қойған мәселеге ел үкіметі енді-енді назар аудара бастады. Жуырда Үкімет отырысында Цифрлық даму министрлігі мал шаруашылығын «animal welfare» стандарттарына сәйкестендіруді ұсынды. «Аnimal welfare» стандарттарын сақтау – бүгінде тек этикалық талап қана емес, сонымен қатар экономикалық қажеттілікке айналуда. Жаңа бастама өнімділікті 10-25 пайызға арттырып, шығынды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа стандарт аясында жануарлардың биологиялық әрекетін ескеретін фермалар салу, саланы цифрландыру, тасымалдау жағдайларын жақсарту қарастырылған.
Диас АЯҒАН, «Soltüstık Qazaqstan».