“Он екі мүшең сау болса, дәулет емей немене?!” дегенді атам қазақ қалай біліп айтқан?! Оған ауыр дертке шалдыққанымда мен де көз жеткіздім.
Өмірде барлығы біз қалағандай бола бермейді ғой. Бірде күніміз жарқырап алдымыздан шықса, бірде аспанымызды қара бұлт торуылдауы мүмкін. Осыдан екі жыл бұрын бүйрегім ауырып, дәрігерлерге көріндім. Олар бүйректе ақау барын анықтап, хирургиялық әдіспен емдемек болды.
Отадан кейін денсаулығым күрт нашарлады. Бүйрегімнің тамырларының зақымдануына байланысты қан тоқтамады. Мені аурухананың жан сақтау бөлімшесіне жатқызды. Өміріме қауіп төнген соң, дәрігерлер маған қайтадан ота жасауға мәжбүр болды. Бір жақ бүйрегімді алып тастады. Жағдайымның ауыр болғандығы соншалық, мен наркоздан кейін ес жия алмай комаға түстім. Бауырым істен шықты. Осындай жағдайда жергілікті дәрігерлер түрлі қондырғылардың көмегімен ғана менің өмірімді сақтап тұрыпты. Тіпті болмаған соң Астанаға хабарласады.
Астанадан арнайы санитарлық авиациямен Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының мамандары келіп, мені комадан шығарудың амал-тәсілдерін қарастырды. Ғылыми орталықтың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Мусилимовтің жеке өзінің араласуының арқасында мен он күннен кейін ғана есімді жинадым. Десе де, өздігімнен не жүре, не сөйлей алмадым.
Комадан кейін ішперде тұсым қабынып, іріңдей бастағаны анықталды. Облыстық ауруханада дәрігерлердің консилиумы өтті. Маған тағы бір рет ота жасау қажет деп шешкен дәрігерлер енді ірің жайлаған ішперде тұсымды тазартпақ болды. Осы уақыт аралығында дәрігерлер мені қалай да аяққа тұрғызу қамымен ауруханада бірнеше рет консилиум өткізіп, Астанадағы медициналық орталықтың мамандарымен телекөпір арқылы жағдайымды талқылап отырды.
Бірде бөлімшенің медбикесін шақыртып, жөнді сөйлей алмағандықтан аурухананың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Герасимовке хат жазғыздым. Онда: “Сергей Георгиевич, менің әлі мына өмірде аяқталмай қалған жұмыстарым бар. Артымнан ерген ұл-қызымды аяққа тұрғызуым керек” деген болатынмын. Ауруханада менен басқа да ауыр халде жатқан науқастар жететін. Олардың барлығына көңіл бөлу керек. Емдеу қажет. Уақытының жоқтығына қарамастан Сергей Герасимов менің жаныма келіп: “Дұрыс айтасыз. Қам жемеңіз, сауығып кетесіз”, – деп көңілімді жұбатты. Науқасқа жылы сөздің өзі демеу емес пе?! Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ботагөз Сүлейменованың жанкештілігі маған сенім ұялатты. Осы орайда оларға алғыс білдіргім келеді.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлер болмаса, менің аяққа тұруым екіталай еді. Сонымен қатар, аурухананың бас дәрігері Юрий Белоногке де алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен ауыр халде төсек тартып жатқанымда, ол кісі іссапармен шетелде жүрсе де, менің жағдайымды ұдайы назарда ұстап, әрдайым орынбасарларымен хабарласып тұрды.
Үшінші отадан кейін Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының дәрігері Асқар Мусилимов облыстық аурухананың дәрігерлерімен жүргізген телекөпірден соң, мені санитарлық авиацияның көмегімен ғылыми орталыққа жеткізу туралы шешім қабылдайды. Себебі, жол жүруге денсаулығым келің-кіремейтін. Соған қарамастан жауапкершілікті өз мойнына алған Асқар Балтабайұлы мені жедел түрде орталыққа жеткізу қажет деген ұйғарымға келді. Санитарлық авиацияның көмегімен Астанаға жеткізілдім.
Дәрігерлерді адам жанының арашасысы деп бекерге айтпайды ғой. “Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы” акционерлік қоғамы мамандарының біліктілігі, қызметіне деген кіршіксіз сүйіспеншілігі талай адамды ажалдан арашалап келеді. Соның бірі өзім болдым. Медициналық орталықтың директоры Әділбек Мұқажановтың және Асқар Мусилимовтің дәрігерлік қабілеттерінің арқасында аяққа тұрып, отбасыммен қауыштым. Олар бір айдың ішінде бірнеше рет ота жасалып, сонша мәрте наркоз алған әбден әлсіреген денсаулығымды қалпына келтірді. Осы жақсылықтарын мен ешқашан ұмытпақ емеспін. Олардың риясыз еңбектеріне алғыс айтқым келеді.
Роза ТІЛЕУОВА,
облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясының
орман және ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар бөлімінің басшысы.
Петропавл қаласы.