«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖАНЫҢА ЕМ ІЗДЕСЕҢ, ТЕАТРҒА БАР»

– Баатырбек Рысқұлұлы, біздің қоғам қазақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінетіні жасы­рын емес. Сіз алғашында қазақ театрында жұмыс істедіңіз. Қазір орыс театрының дамуына үлесіңізді қосып жүрсіз. Көрші өңір – Қоста­найдың облыстық театрында да өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өнерде шынымен шекара жоқ екеніне көз жеткіздіңіз бе?

– Иә, өнерде ешқандай ше­кара жоқ. Мен Қырғызстаннан келіп, осы жерде еңбек етіп жүрмін. Адамның жан дүниесі барлық жерде бірдей. Бәрі бір­дей жылайды, қуанады, қайғы­рады, шаттанады, ғашық бола­ды. Айырмашылық тек жұмыс істеу әдісінде. Мысалы, қазақ театрында актерлерге «Мына жерде тұрасың, мынаны былай айтасың» деп жалпы нұсқау бер­сең жеткілікті. Белгілі драматург Михаил Чеховтың «Кейіпкер тұлғасын жасау сырттан ішке қа­рай жүруі тиіс» деген теориясы бар. Бұл жүйе бойынша актер ал­дымен кейіпкеріне тән қимыл-қозғалысты, жүріс-тұрысты, ми­миканы ойластырады, содан кейін барып сол сыртқы бейнені ішкі мазмұнмен толтырады.

Ал орыс актерлері керісінше «іштен сыртқа қарай» Констан­тин Станиславскийдің жүйесі­мен жұмыс істейді. Алдымен кейіпкерді түсініп аламыз, оқи­ғаларды талдаймыз, содан соң әрекет етеміз. Яғни қазақ және орыс театрындағы актерлердің ақпаратты қабылдау тәсілі әр­түрлі. Тіл мен жұмыс стилі бөлек болғанымен, сезім бір. Мені таңғалдыратыны да осы. Шы­ғармашылық адамы үшін мұн­дай өзгерістер өте қажет.

– Өнер саясаттан ада ма?

– Елімізде жасанды интеллект дамып келе жатыр ғой. Кейде біз­ден «Жасанды интеллектіні қол­данасыңдар ма?» деп сұрайды, «LED-экранды неге пайдалан­байсыңдар?» деген ескерту жаса­лады. Театрға жасанды интеллект қажет емес. Біз адамның рухани әлемі үшін еңбек етуіміз керек. Өнердің негізгі міндеті – халықты мәңгүрттенуден сақтау. Бейәдеп әрекеттерден, ақымақтықтан, дө­рекіліктен, зұлымдықтан, соғыс­тан арашалап қалу. Әр қойылып жатқан спектакльдің негізгі мақ­саты – халықты жақсылыққа бау­лу. Адамның айуаннан айырма­шылығы – ақылында. Тек мәде­ниет арқылы, өнер арқылы адам жанын арашалаймыз. Кейде ба­тысқа қарап бой түзегіміз келеді. Біз қазақ дүниетанымымен өмір сүруіміз керек. Мысалы, «Шол­панның күнәсі» спектаклі көп фестивальдерге қатысты. Ол өзге­лерге қазақы дүниетанымымен қызық болды. Біз өзімізді, төл өнерімізді бағалап, насихаттауы­мыз керек.

– Театрда маман тапшы деп жиі айтылып жүр. Жастар актер болғысы келмей ме, әлде қабілет кемшін бе?

– Ірі қалаларда да, өңірлерде де актерлерді даярлайтын оқу орындары бар. Алайда маман­дарды оқыту сапасы ақсап тұр. «Ән айтсам, би билесем, сөйлеу шеберлігін арттырсам болды, дайын актермін» деп ойлайды. Осындай жеңіл ойдың жетегінде жүрген балалар театр сахнасына шыққан кезде қатты қиналады. Актерлік – үйреніп алатын ма­мандық емес. Қаныңда жұрнағы болмаса, жүре жөнделіп кету қиын. Иә, таза еңбекпен актер болып жүргендер де бар. Бірақ адамның бойында дарын болуы керек. Икемі болмаса, өзін де, өзгелерді де қинап қажеті жоқ.

Режиссер айтар ойын актер арқылы жеткізеді. Кей жас актер­лер сахнада адам жанын ашып көрсете алмаса, сең соққан ба­лықтай қағылып-соғылып жүреді. Сондайға тап болған соң басқа са­лаға ауысып кетіп қалады. Қазір жақсы актерлер өте сирек.

– Соңғы жылдары қазақша кинолар көп жарық көрді. Түрлі жанрдағы картиналарда негізінен театр актерлері бой көрсетіп жүр. Көрермен тарапынан фильмдерде тек кино актерлері ойнауы керек, театрдағыларда жасандылық, әсі­релеу басым деген сый айтылады. Жалпы театр және кино актері деп бөлу қаншалықты орынды?

– Мен – театр және кино ак­терімін. Кино актерін бөлек оқыту жүйесі жоқ. Бәріміз Константин Станиславский мен Михаил Чеховтың театрға ар­налған теориясы бойынша білім алдық. Егер көрермен тарапы­нан сын болса, ол актерге емес, режиссерге айтылуы керек. Ак­тердің ойынында жасандылық болса, не әсірелеп жіберсе, ре­жиссер ол эпизодты қайтадан ойнатуы тиіс. Мысалы, А.Чеховтың, У.Шекспирдің, М.Әуе­зовтің кейіпкерлері – бір-біріне ұқсамайтын образдар. Алайда соны кейбір актерлер бір қа­лыппен ойнап шығады. Бір-бірі­нен айырмашылығы болмайды. Бірақ осыны режиссер «ә» де­геннен аңғаруы тиіс. Менің ойымша, қазіргі режиссерлер көбіне өзінің авторитеті үшін ғана жұмыс істейді.

Құдайберген Сұлтанбаев бірде «Менің обалым режиссерлерде» деген екен. Неге? Себебі оған ре­жиссерлер тек комедиялық рөл­дерді ұсынған. Ал қырғыздың Бо­лотбек Шәмшиев деген режиссері оны «Фудзиямадағы қадыр түн» картинасына шақырып, драма­лық рөл ұсынған. Осылайша Құ­дайберген Сұлтанбаевтың ак­терлік шеберлігін басқа қырынан ашқан. Бұл режиссер актерлердің «қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарады» екен. Сөздің айты­луы, ишара, көзқарас ұнамаса, эпизод көңілінен шыққанша қай­та-қайта түсіруі мүмкін. Бірақ фильмдері жақсы шығады. Ре­жиссер нағыз шебер болса, осын­дай жанкештіліктің арқасында ғана керемет туынды түсіреді. Осындай режиссерлердің жоқты­ғынан қазіргі кинолардың сапасы төмен.

– Қойылым көрерменді біресе күлдірсе, енді бірде мұңайтып, жүректің қылын тербеп, адамға неше түрлі ой салады. Сіздің актерлер арқылы айтқыңыз келген ойыңыз­ды көрермен түсініп жүр ме?

– Өткенде «Шокан. Монолог шепотом» спектаклін Түркістан­да өткен фестивальге апардық. Мен осы спектакльде Шоқан­ның «мен кімге қызмет етіп жүрмін» деген ішкі арпалысын көрсеткім келді. Спектакльде Шоқан айнаға қараған кезде ар­тынан орыстың силуэті көрі­неді. Ол – образ. Бірақ оны театр сыншылары Шоқанның бейнесі ғана деп қабылдады. «Айнаға қа­рап тұрған қазақтың артынан неге орыстың силуэты шығады?» деп ойламады. Образ ретінде түсінбеді. Сахнаның тілі – алле­гория, метафора, символ. Ре­жиссер осы арқылы ойын аша­ды. Өкінішке қарай, кейде ойы­мызды түсінбей де қалуы мүмкін. Спектаклдің астарын түсініп, пікірлерін айтқан қарапайым көрермен де бар.

– Ал жуырда сахналанған «Дураки» спектаклі арқылы қо­ғамның таразысына қандай ой тастағыңыз келді?

– «Дураки» – америкалық драматург Нил Саймонның пьеса­сы. Бұл шығармада кеңес қоғамы­ның кейбір келеңсіз тұстары әзіл мен сатира арқылы әжуаланады. Автор тоталитарлық жүйенің, адамдарды шектеу мен бір тұлғаға табынудың қисынсыздығын көр­сетеді. Егер бұл мәселелер тікелей, ашық айтылса, шығарма драмаға айналып кетер еді. Бірақ автор мұны сатира, жеңіл юмор арқылы жеткізіп, өте сәтті тәсіл тапқан. Қазір қоғамда көптеген мәселеге талдау жасамай, дайын ақпаратқа сене салу үрдісі бар. Фейктің қай­дан шыққанын, кім таратқанын анықтамай-ақ, шу көтеріп жата­мыз. Ештеңенің мәніне терең бойламай, ой елегінен өткізбей еліктеп кетуге бейімбіз. Өз зама­нында И.Сталин қайтыс болғанда «Енді күніміз не болады?» деп ел жаппай жылағаны белгілі. Қазақстанда да бірінші президент кетсе, ел тентіреп қалатындай көрінген кездер болды. Бірақ өмір жалға­сып жатыр, еліміз дамып келеді. Спектакльдің өзектілігі де – осын­да. Көрермен көргенін қорытып, «бұл біз туралы, қазіргі қоғам тура­лы» деп ой түюі керек. Сырт көз кейде біз байқамайтын нәрселерді көреді. Біздің өміріміздегі кейбір құбылыстардың абсурдты екенін сырттан бақылаған адамдар жақ­сы түсінеді. Бұл спектакльдің сю­жеті осындай ойлардан туған.

– Бүгінгі мәдениеттің бет-бейнесі қандай?

– Сарабдал театр сыншысы Әшірбек Сығай «Тазарғың келсе театрға бар» деген ұлағатты сөз қалдырған. Иә, театр бүлкілдеп тұрған жүрегің мен қимылдаған жаныңның дауасы. Жаныңа ем із­десең, театрға бар. Түрлі тағдыр­лар да, сан қилы оқиғалар да, ар­палысқан алыптардың жанкештілігі де бәрі-бәрі сол шаңырақ ас­тына тоғысқан. Бірақ қазір театр ойын-сауық, мерейтой өткізетін орынға айналып барады. Бұл – ащы да болса шындық. Мәде­ниетті, өнерді осындай іс-шарлар­дың деңгейіне түсірдік. Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков туралы спек­такль қойылса, оның тағдырының бетін қалқып алып, жеңіл драмаға айналдырып жібереміз. Кеңес үкі­меті кезінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін діни нысан, ешқандай құндылығы жоқ деп мал қораға айналдырған. Оны музей етіп құ­руда, тайқазанды елге қайтарып, орнына орнықтыруда ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше. Оның ұлт мүддесіне қызмет еткен осы бір еңбегін неге тереңнен зерттеп на­сихаттамаймыз? Осы салада жүр­ген шенді-шекпенділер Өзбекәлі Жәнібеков сияқты «Өнер – ұлт­тың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті» деген ұстаныммен еңбек етуі керек.

Елдесуді, ғашық болуды, бейбіт өмірді сақтауды неге насихат­тамаймыз? Өткенде бір көрермен: «Шоқан мен Достаевскидің шы­нымен дос болғанына көзім жетті. Бұрын Шоқан Достаевскиймен бір деңгейде сөйлеспеген деп ой­лаушы едім. Ол Абылай ханның шөбересі болғанын да енді білдім» деді. Бір көрерменнің дүниетаны­мын кеңейткеніме, қойылым оған пайдалы болғанына қатты қуан­дым. Театр ұлтты осындай терең дүниелермен тәрбиелейді. Алайда қоғам алдындағы осы бір борыш­ты қалай орындау керек екенін түсінбейміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp