«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЫ АШЫМАСТЫҢ ҚАСЫНДА БАСЫҢ АУЫРМАСЫН

Қызылжар – облыс орталығының іргесінде орналасқандықтан, өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары және инвестициялық қаржыны тарту тұрғысынан әлеуеті үлкен аудандардың қатарында саналады. Соңғы жылдары Бескөл мен ауданның бірқатар елді мекендеріне облысымыздың шалғай ауылдарынан және еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударушылар санының көбеюіне байланысты бұл ауданда шешілуі тиіс мәселелер де артып жығылады.

Орталық коммуникациялар қызметінің өңір­лік филиалында бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуа­қасов енді санаулы күндерден кейін тарих қойнауына енетін жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың барысын баяндап, алда тұрған міндеттерімен және жоспарларымен бөлісті.
Үстіміздегі жыл аудан диқандары үшін нәтижелі аяқталған. Соңғы екі жыл ішінде олар өнім көлемін айтарлықтай өсіріп, 296 мың тонна астық жинаған. Оған көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарында озық әдістерді, жоғары өнімді осызаманғы техникаларды, сапалы дәнді дақылдар сұрыптарын пайдалану, егістік алқаптарын әртараптандыру арқылы қол жеткізілген. Жүргізілген мониторингтің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 2,5 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына алынған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Қызылжар ауданын облыс орталығының азық-түлік белдеуіне айналдыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару туралы тапсырмасын орындау жолында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Өңіріміздегі 17 жоғары өнімді осызаманғы цифрлы сүт фермаларының 40 пайызы Қызылжар ауданында орналасқан. 2020 жылы сүт өндірісін екі есе ұлғайту жоспарланған. Алдағы жылдары Плоское, Пресновка, Чапаево және Виноградовка ауылдарында осызаманғы тауарлы-сүт кешендерін салу жоспарланған, оның инвестициялық жобалары дайындалуда. Аудан аумағында орналасқан құс фабрикалары жылына 540 млн. дана жұмыртқа өндіреді. Бүгіндері жұмыртқа Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне экспортқа шығарылуда.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының қолдауымен соңғы екі жылда ауданда бизнестің 143 нысаны және 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл өз кезегінде аудандық бюджетке салық түсімін 10 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берген. “Қарапайым зат­тар экономикасы” бағдарламасы аясында екі жоба қаржыландырылған, төртеуі мақұлданған және алтауы қаралуда.
Жанат Ғаббасұлы аудан аумағында тұрғындарды әлеуметтік қорғау, автомобиль жолдарын жөндеу, тұрғын үйлер салу, сапалы ауызсумен жабдықтау, ауылдық округтерді дамыту бағытындағы жұмыстарға және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктерге тоқталды.
Ауданда бүгіндері баспана алу кезегінде жеті жүзден астам адам кезекте тұр, оның ішінде көпбалалы елу отбасы бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы Пеньково мен Белое ауылдарының арасындағы 80 гектар бос жатқан жерге қажетті инфрақұрылымдарды тарту арқылы осызаманғы талапқа сай болатын үйлер салу болып табылады. Жасалған бас жоспарға сәйкес алдағы бес жыл ішінде бұл жерде бес жүзге жуық жекеменшік үйлер бой көтермек. Бүгіндері “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалымен болашақ баспана иелерін қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Салынатын коттедж үлгісіндегі тұрғын үйдің әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайтын болады. Келешекте бұл жерде орта мектеп, балабақша, дәрігерлік-акушерлік қосын мен басқа да мәдени-тұрмыстық нысандар бой көтермек.
Аудан әкімі баспасөз мәслихатының соңында журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Біздің мерзімді басылымдарға, әсіресе, қазақ тілінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізетін газеттерге жазылу мәселесі туралы қойған сұрағымызға нақты жауап ала алмадық. Бұл мәселемен жергілікті билік өкілдерінің шындап айналыспайтыны анық сезіліп тұр. Өйткені, Бескөл мен ауданның бірқатар ауылдарында қазақ отбасылары көбейгенімен, келесі жылы ғасырлық мерейтойын атап өтетін облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті жүз дана ғана тараған. Бұл – аудандар арасындағы ең төмен көрсеткіш. “Біз ешкімді күштеп жаздыра алмаймыз, қолдан келгенше көмектесеміз” деген сырғытпа жауаптан кейін “жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” деген мақал көкейге орала берді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp