
Қазақта “жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” деген мәтел бар. Яғни жұртта шаруасы жоқ, өз тұрмысын күйттейтін, көмек сұрасаң теріс айналатын, басқаға көңіл бөлмейтін тоңмойынға қарата айтылған сөз болса керек. Біздің жергілікті атқарушы биліктегілер де сондай ма деген ойға қаламын. Әйтпесе, Алаштың рухты ұлдары Мағжан мен Шоқан, Қаныштарды орталық саябақтан ысырып, мәдениет үйінің жанына апарып тастамас еді ғой. Одан да сорақысы, қаланың көркін келтіріп, сырт көзге сұс болып, қазақылықтың иісін аңқытып тұрған Сәбит пен Ғабит секілді 6 тұлғаның ескерткіштері ұшты-күйлі жоғалған. Алғаш қойғанда-ақ шала-шарпы, жүрдім-бардым жасалған, әмбе елге аян тұлғаларға түрі ұқсамайтын ескерктіштерді жергілікті тұрғындар жаратпай, ащы сынды боратқасын, жасаған адам алып кетіп, бет-әлпеті келіңкірейтін қылып дайындап, қайта орнатқан еді. Ендігі жағдай мынау. “Ұнатпап едіңдер, орталық саябақта оларға орын жоқ” деген сесі секілді ме, қалай? Әлде, ескірген ескерткіш деп санаттан шығарғандары ма? Әйтеуір, дұрыс жауап беріп, неге алғанын, басқа қандай жоспары бар екенін де түсіндірген билік болмады. Оны айтасыз, кейбірінің қайда кеткенін де білмейтін болып шықты.
– Ескерткіштердің астындағы тұғырлары бүліне бастаған соң алып, қалалық мәдениет үйінің жанына әкелдік. Оларды қайта қалпына келтіру үшін қанша қаражат керегін есептеп, бюджеттен ақша бөлінеді. Ал қалған алтауының қайда екенін білмеймін, – дейді Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбыраев.
Есесіне, бұл ескерткіштердің қайда орналасқанын біз білдік. Борки кентіндегі кәсіптік-педагогикалық колледжінің басшылығы 10 мүсінді оқу орнының аумағына қойған екен. Мақсаты – колледж алдындағы алаңды көркейту. Жөндеуді қажет етеді деген тұғырсыз, қара жерге қойған.
Көркейту демекші, бұл ескерткіштерді орталық саябаққа орнату үшін бюджеттен 38 миллион теңге бөлінген. Алғашқы әкелінген 34-інің жиырма екісі ұқсамайтын болғасын, шеберге қайтарылған болатын. Қалған он екісінің тағдыры осы. Осы мәселеге орай ақсақалдарды да әңгімеге тарттық. Бәлкім, арадгерлердің рұқсатын алған шығыр деген үміт те болған. Өкінішке қарай, қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса дегенге ұқсайды.
– Иә, алғаш орнатқанда біз өз наразылығымызды білдірдік, айттық, мынау мүсіндеріңнің түрі келмейді деп. Жақсы шыққандарын қалдырды да, жарамсыздарын алып тастаған. Оларды да сырып тастағанын жуырда білдік. Ардагерлер деп, ақсақалдар деп бізді ешкім ескерткен жоқ, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Бұл мүсіндердің ендігі тағдыры белгісіз. Облыстық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, бұлар мүсін емес, шағын архитектуралық формалар, сондықтан олар ешбір жерге тіркеуге алынбаған, қалалық әкімдіктің меншігі болып қала береді.
Айтпақшы, Сәбеңнің жоғалуы алғаш емес. Жуырда Сәбит Мұқанов атындағы 32-мектеп Сәбең атынан айырылуы мүмкін. Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесімізге деген “құрметі” ме, әлде, орыс тілінде оқытатын білім ордасы болғандықтан солай істеді ме, әйтеуір, жергілікті атқамінерлердің немқұрайдылығының тағы бір көрінісі секілді көрінді. Талай жыл бойына жазушының есімін абыроймен арқалап келе жатқан мектепке не көрініпті? Жуырда ғана қаладағы бірнеше білім ордасына Әлихан Бөкейхановтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Ахмет Байтұрсыновтың, спорт мектебіне Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдері берілетін болды деп, бөркімізді аспанға атып едік, ендігісі мынау? Әлде Алашордашылар енгенде, коммунистерді шығарамыз дегені ме екен? Әйтеуір, түсініксіз бір жағдай.
Түсінбегесін қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышеваға хабарластық. Оның айтуынша, ұлы классиктің есімін алу туралы шешім болған жоқ, бюрократиялық процесстер деген жауап алдық. Мәселенің мән-жайын аталмыш мектептің директоры Сергей Мартемьянов түсіндірді. «Мектеп өткен ғасырдың 73-інші жылынан бері Сәбит Мұқанов атында. Одан ешкім бас тартқан жоқ. Былтыр мектептердің қалалық әкімдіктен облыстық білім басқармасына өту барысында қайта тіркеу туралы құжат жинастырған кезде 80-інші жылдардағы мектеп жарғысының бірінде мектеп тек нөмірімен ғана көрсетілген екен, яғни Сәбит Мұқанов атындағы деп жазылмаған. Соның кесірінен осындай келеңсіздік орын алып отыр, қазір құжаттарды жинап, реттеп жатырмыз, алдағы 2-3 аптада қайта тапсырамыз, бұл мәселе оң шешіледі», – деп сендірді мектеп директоры.
Тарихта есімі қалған тарландардың мазаққа айналуы ұлыларды ұлықтайтын атқамінерлердің өресіздігі ме, әлде жанашыр ақсақалдардың жоқтығы ма? Тәйт деп тентегін тыйған, аталы сөзімен бірлікке шақырған абызымыз болса, шіренген шенеунік те бассыздыққа бармас еді-ау?! Індете қазып, себебін іздеген жоқпыз. Болған жайды халыққа түсіндірейін деп отырған жан да көрінбейді. Осыған тікелей жауапты тиісті ұйымдар ізі суысын деп миығынан күліп отырған сияқты. Жаны ашыса, қаражат табылып, тұлғалар тұғырына қайта қонар еді…
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.